Самурайдың сабыры - Әлем|25 Наурыз 2011, 11:57
BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

Самурайдың сабыры

Бүгінде жапон елі үш бірдей апатты – зілзала, цунами, атом электр стансасы апатын бастан өткеріп отыр. Батыс пен ресейлік ақпарат құралдары жапон жұрты «тозақ отының» астында қалса да, неге үрейге бой алдырмай, салмақтылық, салқынқандылық танытып отыр деген таңданысын жасырмай жарыса жазып жатыр. Шынында да, осындай қасіретті сын сағатта жапондардың ұстамдылығы мен ерлігін естіп, көріп отырған кез-келген адамның ішкі таңданысын оятады.

Бұқаралық ақпарат құралдарының хабарлауынша, жапон жерінде көптеген супермаркеттер мен дүкендердің қожайындары апатты аймақтан көшіріліп әкелген мыңдаған халыққа азық-түлік, тұрмысқа қажетті заттарды тегін таратып жатыр. Зардап шегіп қажыған жұрт айқай-шу шығармай өз кезегімен жан-жақтан келген гуманитарлық көмекті алып отыр. Тіпті, кейбір Токио тұрғындары бір-бірінің туған күнімен құттықтап, сый құрметін жасап жатыр. Мақсаты – еңсесі түскен жақынының көңілін көтеру.
Токиода тұратын Йокиа атты зейнеткер: «Аса қорқып отырғаным жоқ, уақытша дүние ғой. Хиросима апатын да бастан өткердік, ол кезде мен бес жаста болатынмын. Содан да аман қалдық», – деп шүкіршілік етеді. Ал, Нацко Самейджисма есімді журналист «көппен көрген ұлы тойда» үрей болмайды, егер жер сілкінгенде үйде жалғыз қалып қойсаң, сол қорқынышты дейді.
Жапонияда апаттар басталғалы бері шетелдіктердің бәрі ол елден қашып жатыр. Ондағы бүкіл Батыс, Америка компаниялары елдеріне қайтуда. Бірақ оларға – америкалықтарға, итальяндықтарға да, орыстарға да ренжіп жатқан жапон жоқ. Тіпті, дәл қазіргі кезде интернет сайттарда Ресей мен Жапония арасындағы даулы жер – Курил аралдарына қатысты түрлі арандатулар жазылып жатыр. Оған да еріп кетіп жатқан жапон табылмады.
Керек десеңіз, «inosmi.ru» сайтының хабарлауынша, жапондық мафиялар халыққа қол ұшын беріп жатыр. Тадаси Ирие басқаратын Ямагути-гуми деген ірі қылмыстық тобы арнайы орындар ашып, халыққа жүк көліктерімен гуманитарлық көмек беруде. Инагава-каи мафия да аса белсенді. Өзіне «қарасты» аймақтардағы тұрғындарға азық-түлік жіберді. Наурыздың 12-13-і күндері Инагава-каидың токиялық блогы Хитатинаки муниципалитетіне 50 тонна жүк жіберіп, тұрғындар жіберілген көмектен бас тартып жүрер деп «өзінің, яғни якудзаның қамқорлығы екенін айтпауды өтінген». Және де жүз тоннадай көмекті Тохоку өңіріне жолдады. Ол жерде радиацияның күштілігіне қарамастан «бандиттер» қорғаныш заттарын пайдаланбай, риясыз қызмет етіп жатыр.
Ал, Ямагути-гуми мафиясы мүшелерінің бірі журналистерге: «Біздің жәрдемдесу міндетіміз. Қолдан келгеннің бәрін жасаймыз. Басшымыз өзінің құрбандыққа барып отырғанын жұртқа жарияламасаңыздар екен», – дейді.
Әрине, якудза – қылмыскерлер. Бірақ өздерінің жұмысының шегін жақсы біледі. Олар елдегі көше қылмыстарының азаюын бақылап отырады. Өткен жылы Жапонияға президент Обама келгенде жапон полициясы якудзалардың Токиодағы бөлімдеріне хабарласып, қауіпсіздікке жәрдем беруін сұраған.

Елу жапон батыры туралы «аңыз»

“Фукусима-1” АЭС-ғы апатты жою қиынға соғып жатыр және жұмсалып жатқан күштің кемі жоқ. Тіпті, алды-артына қарамайтын ерен, көзсіз батырлар табылды. Атом электр стансасының радиациясы жапон жеріне жайылып кетпес үшін 50 жапон азаматы басын қауіп-қатерге тігіп, апатты аймақта жұмыс істеп жатыр. «Московский комсомолец» газеті «Жапонияны ақырзаман отынан қорғау үшін елу батыр араша түсті» деп жазады.
Бұлардың арасында еріктілер де, бұйрық тапсырмасын орындап жүргендер де бар. «Миллиондаған жапон елінің тағдыры үшін басын құрбандыққа тіккен олар туыстарымен, отбасыларымен кездесіп, қоштасты», – деп жазады ақпарат құралдары. Олар қазір зақымдан-ған атом электр стансасындағы жұмыстарды жүргізіп жатыр. Бұл тұста “Фукусимадағы” мамандар реакторлардың қатты қызып кетуінен кезекті рет радиация тарап, яд-ролық апат болмас үшін барын салуда. Істен шыққан реакторлардың салқындату жүйесін қайта қалпына келтіруге үміттеніп отыр.
Соңғы ақпараттар бойынша, елудің бесеуі қаза тапқан, 21-і қатты жарақаттанған, екі жұмысшы із-түссіз жоғалған. Қазір олардың орнын жаңа еріктілер басып жатыр. Мінеки, ел үшін құрбан болатын батырлар деп осыларды айтыңыз. Нағыз патриотизм осы болса керек.

Жапондық мінез

Ағылшын журналисі Эд Уесттің жазуынша, жапондардың әлемге көрсеткен үлгісіне жаһан жұрты таңдай қағады. Мәселен, 2007 жылы Ұлыбританияның батысында осындай апат, яғни су тасқыны болған кезде автокөліктер мен сусындар және тағы басқа заттар ұрланған. Өткен жылы Чилиде жер сілкінісі кезінде талаушылық пен тонаушылық болып, ақыр аяғында әскер шақыруға мәжбүр болды. Сондай-ақ Жаңа Орлеанда «Катрина» құйынынан кейін де ұрлықтың «көкесі» көрінген еді.
Мақаласының соңында Эд Уест: «Көптеген мәдениет өкілдері «бүлінгеннен бүлдіргі алғысы» келеді, ал жапон ұлты апаттан жұтаған қиын-қыстауда да неге альтруистік қасиет көрсетеді», – деп таңғалысына жауап таппағандай аяқтайды.
Тағы бір басқа басылымдардың айтуынша, жапондар көп сөзден гөрі екі сөзді саз көреді екен – hakanai – «бәрі өткінші» және mujô – «түс көргендей өтеді де кетеді». Осы екі ауыз сөз олардың қанына сіңген. Қазақ та айтпай ма «күніне жетпіс мың бәле жауса, үмітің бір Алладан үзілмесін» деп. Ал Ресей ғалымы Дмитрий Евстафьев айнала қирап жатқанда ұйымшылдық пен сабырлылықты самурайлық рухтан тапқанын айтады. Жапондардың осындай қасиеті кез келген үрейді су сепкендей басатыны анық. Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін де жапон аяғынан тез тік тұрып әлемдегі қуатты елге айналған жоқ па? Дүниежүзілік банктің бағалауы бойынша, жер сілкінісі мен цунами және ядролық апаттарды бастан кешкен Жапонияны қайта қалпына келтіруге 235 миллиард доллар керек болады екен. Ал, батыс сарапшылары апаттан кейін жапондардың қайтадан қалпына тез келетінін жазады. Әлбетте, “сабыр түбі – сары алтын”, “сарғайған жетер мұратқа” дегендей жапон халқының сабыры мен төзімі бұдан кейін де олардың гүлдеп көркеюіне себеп болары сөзсіз. Қазаққа жапоннан үйренер көп.

Дәурен СЕЙІТЖАНҰЛЫ,
«ҮҚ» РТАГ

http://ushqiyan.kz/?p=3485
 

 

 


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
10 Шілде 2013, 15:45
Сырбойылықтар сабыры...
Пікірлер