BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

Пхеньян келісімге келмесе, Ливия сияқты талқандаймыз – Трамп

Фото: ашық дереккөзден

Маусым айына жоспарланған саммитке америкалық және солтүстік кореялық ресми өкілдер дайындық жұмыстарын тоқтатқан жоқ. Бұл туралы президент Дональд Трамп мәлімдеді. Тарихта алғаш рет Солтүстік Корея мен АҚШ басшылары кездесейін деп отырған бұл маңызды саммиттен Пхеньян соңғы сәтте бас тартып отырғанымен, Трамп бас тартпайды, деп хабарлайды Baq.kz ақпарат агенттігі CNN басылымына сілтеме жасап.

Трамп Ким Чен Ынға ядролық қарудан бас тартса ғана, билікте қалатыны туралы айтты. Ал егер АҚШ талаптарын орындамаса, Солтүстік Кореяны «талқандаймын» деп Ақ үй басшысы сөз берді.

Пхеньян бірінші болып бұл кездесуден бас тартамыз деп, қорқытуға талпынып еді, Трамп өз талаптарын бірден айтты.

«Олар ешнәрсе болмағандай келісімшарттар жасайды», - деді Трамп.

Солтүстік Корея ақпарат көздері Сеулден АҚШ әскері шығарылмаса, бұл кездесуге бармайтындарын жазған еді. Ал Трамп болса, Оңтүстік Корея өкілдерімен хат-хабар алмасып, Пхеньян ешқандай да саммиттен бас тарту туралы айтқан жоқ деді.

«Егер кездесу орын алса, көптен күткен ортақ шешім қабылданады. Ал егер қабылданбаса, біз келесі қадамға аяқ басамыз. Келісім болса да, болмаса да, қызық болайын деп тұр. Не боларын, көрерміз», - деді Трамп.

АҚШ Ұлттық қауіпсіздік кеңесшісі Джон Болтон Солтүстік Кореяға «2003, 2004 жылдардағы Ливия» тәсілін қолданамыз деп айтқан болатын. Бұл Пхеньянның ашу-ызасын туғызған. Болтон Ливия ядролық қаруын талқандау ғана емес, бірнеше жылдар бойы соғысып, Моаммар Каддафиді билік басынан тайдырған сәтті еске салды. Енді Трамп көмекшісі Болтонның бұл сөзіне қатысты нақты ойын айтты.

«Ливиялық үлгіні біз Солтүстік Кореяға қатысты қолданбаймыз. Ким Чен Ын өз елін басқара беретін болады. Біз Ливияны талқандадық. Біз Каддафиге оны қорғаймыз деп сөз берген емеспіз. Біз барып, Каддафиді талқандадық. Иракқа қатысты да АҚШ дәл сондай шешім қабылдаған еді. Егер біз Пхеньянмен келісімге келмесек, осы жағдайда ғана Ливия үлгісін қолданып, талқандаймыз», - деді Трамп.

Трамптың ойынша, Пхеньян соңғы аптада өз талаптарын айтып, келісімнен бас тартса, оған Қытай басшысы Си Цзиньпин әсер етуі мүмкін. Себебі, Ким осы аптада екінші рет Си мырзамен кездескен. Қытайлық әріптесі оған өз позициясын нақтылап алу туралы кеңес беруі мүмкін дейді Трамп.

Бірақ Трамп келесі айға жоспарланған тарихи саммитке өзінің дайын екенін, бас тартпайтынын анық айтты. Енді Кимнен жауап күтетінін де білдірді.

Ағылшын тілінен аударған Алтынай ҚУАНЫШБЕК


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер