Ливиядағы қақтығыс мұнай бағасын шарықтатты - Әлем|24 Ақпан 2011, 10:19
BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

Ливиядағы қақтығыс мұнай бағасын шарықтатты

Британдық Brent маркалы мұнай мен американдық жеңіл мұнайдың Сингапур қор биржасындағы бағасы 21 ақпан күні шарықтап шыға келді. Бір баррельдің құны бірден 1 долларға секірген. Осындай мәлімет тарат­қан Reuters ақпарат агенттігі мұның себебін Ливиядағы қақтығыстармен байланыстырады. Болашақта бұл елден мұнай, тіпті, келмей қалуы мүмкін.
Өйткені, Ливияның шығысындағы бір тайпаның жетекшісі шейх Фарах аль-Зуай билікке шерушілерді жаншып-басуды тоқтату жөнінде ультиматум қойған екен. Егер билік бұл шейхтің айтқанын орындамайтын болса, ливиялық мұнайдың Батысқа баратын жолын кеспек. Яғни, Ливиядағы жағдай қалыпқа келмей мұнай бағасын тұрақтандыру қиынға соғатын сияқты. Ливия ОПЕК-тің мүшесі. Сонымен қатар, ірі мұнай және газ тасымалдаушы ел ретінде белгілі. Мұнда британдық BP Plc, американдық Exxon, италиялық ENI компаниялары жұмыс жасайды. Тағы бір тайпаның жетекшісі Акрам аль-Варфалли жергілікті “Аль-Джазира” телеарнасынан сұхбат бергенде Ливия басшысы Муаммар Каддафидің елден кетуін талап етті. “Біз ағамызға (Каддафи) айттық, негізі ол енді біздің ағамыз емес, біз оның елден кетуін талап еттік”, – деп мәлімдеді аль-Варфалли. Әртүрлі ақпарат құралдарының таратып жат­қан мәліметіне қарағанда, Ливияның қауіпсіздікті сақтау күштері Бенгазидегі жағдайды уысынан шығарып алғанға ұқсайды. Бенгази тұрғындар санымен алып қарағанда елдегі ең үлкен екінші қала. Human Rights Watch құқық қорғау ұйымының соңғы ақпараты мынадай мәліметтер ұсынып отыр. Қақтығыстар кезінде қаза тапқандар саны 400-ге жуықтайды. Өткен жұманың жексенбісінде осы құқық қорғаушы ұйым қаза болғандар саны 173 деп мәлімдеген еді. Ал, Ливия басшысы Саиф аль-Ислам Каддафидің баласы ұлттық телеарнадан шығып сөй­легенде қаза болғандар саны 14 адам деп, шынайы жағдайды жасыруға тырысқан. Оның бұл сөзі халықтың нара­зылығын, тіпті, күшейтіп жіберген сияқты. Үкіметтің билігіне қарсы шығу, шерушілердің полиция жасағымен қақтығыстары Ливияда 15 ақпан күні басталған болатын. Оппозиция билік әлеуметтік мәселелерді шешуге қауқарсыз деп айыптаса, Каддафи режимінің өкілдері шеруге шыққандарды радикалды ислам топтарының өкілдері дегенді алға ұстанады. Елдегі жағдай ушыға түскені сондай, бейресми ақпараттарға қарағанда Ливия басшысы Муаммар Каддафи басқа жаққа қашып кеткен. Бірақ, ресми агенттер мұндай ақпаратты расқа шығара қойған жоқ. Дұрысы, қазір оларға нақты ақпараттар жетпей жатқан сияқты. Өйткені, Каддафи ғаламторды айырып, елге шетелдік журналистерді кіргізбеу жөнінде бұйрық шығарған болатын. Елде бұрыннан жүрген шетелдік журналистердің бәрін отанына қайтарып жіберген. Әйтсе де, қазақ айтпақшы, «ел құлағы елу». Ли­вияда 21 ақпан күні Каддафи режиміне қарсы топ пен елдің арнайы жасағы арасында ірі қақтығыстар басталған. Шеру жалыны орталық Триполи алаңы мен қаланың тағы төрт ауданын қамтыса керек. Полиция жасағы көзден жас ағызатын газ бен әскери оқтарды да қолданып жатқан көрінеді. Алайда, қарсылық акциясы ел астанасында бірде-бір рет орын алмаған. Бұл Associated Press ақпарат агенттігінің мәліметі. Кейбір мәліметтерде шерушілер жағына Ливия армиясының бір бөлімшесі шыққаны айтылады. Каддафи шерушілерді басу үшін африкандық жалдамалыларды қолданып жатқаны да шындыққа сәйкес келеді. Осы аптаның жексенбі­сінде араб елдері лигасы ел­шісі Абдель Монеим аль-Хони отставкаға кетіп бара жатып Муаммара Каддафи қар­сыластарын қолдайтынын мәлім еткен. «Мен револоцияшыл топардың қатары­на барып қосыламын», – деп мәлім­деді ол Каирдағы штаб-пәтерінде өткізген баспасөз мәслихатында. Осылайша, қар­сыластар қатары күннен күнге көбейіп келеді. «Тунистік вирус» қазір араб елдерінің біразына жұқты. Египетте көтерілістен кейін бұған дейін тыныш болып келген Марокко монархия билігін шектеуді әңгіме ете бастапты. Бахрейнде мұрагер ханзадамен ашық диалог құрған шерушілер тақ иегерінің реформа жөніндегі берген уәдесіне сенбей көшеге қайта шықты. Атыс-шабыс орын алған қақтығыстар Йеменде жалғасты. Осыларға байланысты Африкадағы РАН институтының директоры, сарапшы Алексей Васильев: «Менің ойымша, Ливиядан кез келген оқыс жағдайды күтуге болады. Азаматтық соғыс, мүмкін шерушілерді күшпен басып-жаншу. Болмаса, Каддафимен қарсы жақтың ымыраға келуі. Тек бұған халықаралық күш қолданылмайды. Өз басым осы азаматтық соғыс орын алады-ау дегенге көбірек тоқтала беремін. Қазіргі жағдай бойынша солай жорамалдауға болады. Бірақ, кім білген?» – деп мәлімдеді. Ал, енді Йеменге келсек, ондағы жағдай басқа: «Қарт президент пен оның жемқор шенеуніктері халықтың жүй­кесін жұқартып біткен. Мұн­дағы жағдайды ірі ру жетекшілері шешеді деп ойлаймын. Мароккодағы жағдай өте күр­делі емес. Онда билік басын­да жас әрі білімді патша от­ыр. Ол әр қадам аттаған сай­ын реформа жасап отыр. Әрі Иорданиядағыдай оны да Мұхаммед пайғамбардың ұрпағы санайды. Келесі бір көтеріліп отырған жағдай Сауд Арабиясында кезекті шерулер орын алады дегенге мен келіспеймін. Ондағы кедей халықтың басым бөлігін жұмысшы мигранттар құрайды. Олар шеруге шықса, бірден елдеріне жөнелтіп жібереді. Ондағы билік өз кландарының көптеген өкілдеріне сенім артады. Ең берілген тайпа «көкшіл қаннан» («голубой крови») ұлттық гвардия құрылған. Сонымен қатар, елдің дінге деген сенімі жоғары. Елде шариат заңы үстем саналады. Осының бәрі шерудің алдын алатын, жолын кесетін алғы­шарттар», – дей келіп, соңғы кездердегі мұсылман елдеріндегі қақтығыстар тоқтамаған жағдайда, оның арты үлкен экономикалық қиындықтарға әкеліп соқтыруы мүмкін дейді сарапшы. Шындығында да, соңғы кездердегі араб әлемін шарпыған шерулер мен толқулар толқыны соны аңғартады. Меңдолла ШАМҰРАТОВ, «Заң газеті» http://zan.zanmedia.kz/index.php?option=com_content&view=article&id=2874:2011-02-23-14-26-49&catid=83:1&Itemid=17

Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер