Қырғыз президенттігіне тайталас неге бәсең? - Әлем|21 Шілде 2011, 17:24
BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

Қырғыз президенттігіне тайталас неге бәсең?

Биыл қазан айының 30-ында Қырғыз елінде дүбірлі президент сайлауы өтпек. Онсыз да қазаны ортайған қырғыз ағайынға бұл сайлау, Орталық сайлау комиссиясының хабарлауынша, 450 млн сомға (10 млн долларға жуық) түскелі тұр. Ала-Тоо-дағы кезекті дода президент сайлауы ғана емес, айыр қалпақты ағайынға тағы да үлкен сын болмақ. Себебі ел ішін арандатып, жік-жікке бөлуге мүдделі күштер аз емес. Сайлау дүбірі жақындаған сайын билік қырғыз елінің бірлігі мен тұтастығын сақтауға барынша күш жұмсап келеді.

Қырғыз сайлауы айқындау нүктесі әлде алауыздық нүктесі бола ма?

Қырғыз елі, өз Конституциясы бойын­ша, президенттік республика болмайды. Конс­титуция бойынша, 2020 жылға дейін пре­зидент, спикер, премьер-министрдің қыз­мет функциялары өзгермейді. Мұны Қыр­ғыз елінің басшысы Роза Отынбаева да қуаттап отыр. «Бұл парламент, билікке кім келсе де (ол төңкерісшілер болсын немесе бә­киевшілер болсын), Президенттің өкі­лет­тілігін кеңейтуге келісім бермейді. Ол өз билігін ешкімге бермейді, бөліспейді. Бұл парламенттің өкілеті күшті. Президенттік республикаға қайтып оралу – осы пар­ла­мент­ті жеңу керек деген сөз. Бұл парла­мент­тің біреулермен ымыраласып, ауыз жаласуы екіталай. Өйткені парламент же­текшісі де – саяси амбициясы жоғары, на­мысшыл адам. Сондықтан ол жағы қиын­дау болатын сияқты»», – деді ол «Интер­факс-Қазақстан» агенттігіне берген сұх­батында. Роза Отынбаеваның пікірінше, Қыр­ғыз­станның бұрынғы басшысы Құр­манбек Бәкиевтің жақтастары биылғы жыл­дың қазан айындағы президент сай­лауында билік тізгінін қолға алуға тырысып бағады. «Бізге қарсы күштер бір жарым жылдан бері есе қайтарып, билікті қайтып алуға тырысып бағуда. Бәкиев кланы мен от­басы ақтық айқасқа қосылуы мүмкін. Бұ­ған күмәнім жоқ. Бұл олар үшін билікке қайта келудің, есе қайтарудың бірден-бір мүмкіндігі болып табылады. Бәкиевшіл күштер президент сайлауы басталған сәтте бой көрсете қоймайды. Олар сайлаудың кім кімге дауыс береді деген сатысында төбе көрсетеді. Олар ақшасын да аямай төгеді. Қазіргі сайлаудың мәні – осында, оның көрігін қыздыра түсетін де – осы жайт», – деді Р.Отынбаева. «Бұл сайлау оның алдымызды айқындау нүктесі әлде алауыздық нүктесі екендігін көрсетіп беруі тиіс», – деп түйді ол. Жалпы, биылғы қыр­ғыз президентін сайлау науқанында оң­түс­тік пен солтүстік бөлінісі, өзбек электо­ра­ты­ның саяси аухалды шиеленістіре түсу мүм­кіндігін ешкім жоққа шығармайды. Ала­қандай ғана аумағы бар айыр қалпақты ағайынға саяси белсенділіктен өзге ұлттың бірлік пен тұтастық идеясы өте өзекті болып отырғаны анық.

Қырғыз елінің Президенті Роза Отын­баева, өзі уәде еткендей, сайлауға түспейді, сайлаудан кейін партия құру да жоспарында жоқ. Дегенмен саяси қызметін жалғастыра бермек. «Мен өмірімді Қырғызстаннан бас­қа жерде елестете алмаймын. Мені «бі­реу­лермен келісіп алған, бас сауғалап кете­ді» деп жүргендер қатты қателеседі. Мен БҰҰ-да да жұмыс істегенмін. Онда өте маңызды да пайдалы тәжірибе жинақ­та­дым. Бірақ мен өз тағдырымды халық­ара­лық ұйымдармен байланыстырмаймын. Мен Қырғызстанда қаламын. Бастық болу міндет емес. Экран бар, радио бар, қыл­қа­лам бар, олар арқылы мен өзімді таныта аламын», – деп мәлімдеді ол «Интерфакс-Қазақ­стан» агенттігіне берген сұх­ба­тын­да.

Алауыз болған ағайынға көшбасшы керек

Бір-ақ мерзімге алты жылға сайланатын Қырғыз Республикасы президенттігіне үміткер 35 жасқа толған қырғыз елінің азаматы болуы тиіс. Қырғыз Республикасы президенттігіне кандидаттың сай­лау қорының мөлшері 50 млн сомнан ас­пауы тиіс және кем дегенде 30 мың қол жи­науы керек. Сарапшылар оңтүстік пен солтүстік болып жіктелген қырғыз еліне сайланған президент қана емес, сонымен көшбасшы керек екенін айтады. Елдің жаңа Конс­ти­ту­ция­сы бойынша, президенттік биліктің әл­сі­реуімен президенттік сайлауға ынта-ықы­­лас бәсеңсіген сияқты. Қырғыз Рес­пуб­ликасы Президентінің өкілеттілігі Ита­лия, Герма­ния, Үндістан елдеріндегідей фор­малды бо­лып қалды емес пе?! Сон­дықтан да Жоғор­ғу Кенеш сайлауындағыдай ала­са­пы­ран көрінбейді. Саясаттағы алтын сақа­­лар әліптің артын бағып отыр. Осындай кезең­де жаңа өкілеттілікке ие болатын қыр­ғыз Президенті елді біріктіруші, ком­про­мистік тұлға болуы керек сияқты. Оған лайық кім бар? Рушылдық, жерлестік дерт­тен аулақ тұлға ретінде «Атамекен» пар­тия­сының серкесі, сарабдал саясаткер Омурбек Текебаевтың есімі жиі аталады. Ол – қырғыз парламенттік басқару жүйесі моделінің іргесін қалаушы ретінде мойын­далған, тісқаққан тарлан. Ел қолдаған, сарап­шылар жоғары бағалаған Омурбек Текебаев әзірге Президент сайлауына ат қосуға асығар емес. Одан басқа елдегі аса ықпалды саяси тұлға, қырғыз премьер-министрі Алмазбек Атамбаев президенттік сайлауға түсе ме, жоқ па – бұған бай­ла­нысты тамыз айында өз шешімін мәлім­де­мек. Саясат көкжалдары Әзімбек Бек­на­заров, Темір Сариевтер секілді бәйкелердің қа­расы әзірше көрінбейді.

Соңғы дерек бойынша, қырғыз елінің пре­зиденттігіне сайлауға түсуге 14 үміт­кер­ден өтініш келіп түскен: оның тоғызы – өзін-өзі ұсынушылар.Олар: Ұлұқбек Ба­ба­құлов (1971 жылы туған, «МК Азия» га­зе­тінің бас редакторы); Темірқұл Омір­әлиев (1960 ж.т., уақытша жұмыссыз); Бо­лот­бек Қазақбаев (1957 ж.т., ҚР Қорғаныс ми­нистр­лігінің отстав­ка­дағы полковнигі); Нұр­лан Мотуев (1969 ж.т., «Азамат Ком­пани» компаниясының бас директоры); Құр­манбек Осмонов (1953 ж.т., Жоғорғу Кенеш депутаты, «Ата­жұрт» партиясының мүшесі); Жылдызбек Стам­баев (1971 ж.т., уақытша жұ­мыс­сыз); Тургунбек Нарикеев (1961 ж.т., уақыт­ша жұмыссыз); Игорь Трофимов (1975 ж.т.); Барктабас Азем­ку­лов (1967 ж.т., ҚР Әскери сотының судья­сы); Омурбек Эгем­бердиев (1956 ж.т., «Ин­санат» халықаралық қорының пре­зи­денті).

Бес саяси партиядан ұсынылған үміт­керлер: «Атажұрт» партиясынан – Қам­шыбек Ташиев, «Бүтун Қырғызстан» пар­тиясынан – Адахан Мадумаров, Жасылдар пар­тиясынан – Еркін Бөлекбаев (қазақ), «Ел үшін» партиясынан – Арыстанбек Абдыл­даев, Коммунистер партиясынан – Исках Масалиев.

Қырғыз Республикасы президенттігіне үміткерлерді ұсыну 16 тамызда аяқ­та­ла­ты­нын ескерсек, жоғарыда аталған сая­сат­кер­лер үміткерлер қатарынан көрініп қалуы ықтимал.

Автор: Құбаш САҒИДОЛЛАҰЛЫ

http://alashainasy.kz/politics/25872/


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер