BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

Индонезиядағы цунами: Қаза тапқандардың саны мыңға жетуі мүмкін

Индонезияның вице-президенті Джусуф Калланың айтуынша, Сулавеси аралындағы цунамиден қаза тапқандардың саны мың адамға жетуі мүмкін. Ал бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланған соңғы деректер бойынша, әзірге цунамиден қаза тапқан 420 адамның денесі табылған, деп хабарлайды Baq.kz ақпарат агенттігі The Guardian басылымына сілтеме жасап.

Вице-президенттің айтуынша, құтқарушылар әлі 300 мыңнан астам тұрғыны бар Донггала қаласындағы цунамиден кейінгі деректерді жарияламаған. Сол себепті жоғарыдағы дерек шын мәнінде анағұрлым көп болуы мүмкін. Сонымен қатар мемлекет билігі көп адамның денесі теңізге ағып кеткен болуы мүмкін деп болжап отыр. Сондай-ақ Ұлттық қауіпсіздік агенттігі өкілінің хабарлауынша, оларды жағажай фестиваліне дайындалып жатқан жүздеген адамның тағыдыры алаңдатып отыр.

Агенттік өкілдері цунамиден жарақат алғандардың саны әзірге 540 адамға жеткенін айтты. Ал ауруханалар жарақат алғандардың көптігінен ашық аспан астында емханалар ұйымдастырып жатыр. Ал Палудің кейбір жерлерінде аздаған жер сілкінісі қайталанып жатқандықтан, кейбір емделушілер әскери емханаға жіберілген. Бұл жерде ем алып жатқан жарақат алғандардың бірі Дви Харис жер сілкінісі болғанда қонақ үйдің бесінші қабатында әййелімен және баласымен бірге болғанын айтты.

«Мен жер сілкінісі кезінде әйелімнің айғайлаған дауысын естідім. Бірақ ары қарай ештеңе есімде жоқ. Екеуі әлі табылмады. Олар дін аман, әрі қауіпсіз жерде шығар деп үміттеніп отырмын», дейді ол.

Палудегі Roa Roa қонақ үйінде жұмыс істеп жатқан құтқарушылардың айтуынша, олар іште адамдардың дауысын естіген. Бірақ қажетті ауыр құралдар мен техниканың болмауынан, іштегі халыққа әлі жете алмай отыр. Ал жексенбі күні таңертең бригада қонақ үй сынықтарынан бес адамды алып шыққан. Қонақ үй басшылығының айтуынша, жер сілкінісі кезінде 26 бөлмеде 50 адам болған.

Бүгін Индонезия президенті Джоко Видодо өңірді аралайды деп жоспарланып отыр. Кеше президент 7.5 балдық жер сілкінісі мен 1,5 метрлік цунамиден жарақат алғандар мен қаза тапқандардың денесін іздестіру жұмыстарына әскер жіберілетінін айтқан болатын.

Палу мен Донггала қалалары электр жарығынсыз қалды. Сонымен қатар бұл қалаларға жанармай жеткізу де қиынға соғып отыр. Ал құтқару жұмыстарына қажетті құрал-жабдықтарды жеткізіп жүрген үкіметтік ұшақтар Палу әуежайына қонды. Дегенмен, әуежайдың жағдайы сын көтермейтіндіктен, әзірге ресми өкілдер коммерциялық рейстердің тоқтатылғанын хабарлады.

Аман қалған көптеген тұрғындар өз үйлеріне қайтып барып жатыр. Дегенмен, жер сілкінісі қайталанып жатқандықтан, оларға арнайы жасақталған орындарға бару ұсынылуда.

Facebook әлеуметтік желісінде Палу қаласындағы жағдай туралы ақпарат тарататын парақша ашылды. Онда із-түссіз жоғалғандар тізімі жарияланып, тіпті, халық өз туған-туыстарының суреттерін салып, іздеу жұмыстарына кірісіп кеткен. Көпшілік халық цунами туралы ескертуді жоққа шығарған агенттікті қатты сынға алып отыр. Ал агенттік бұл стандартты жұмыс процедурасы екенін айтып, ескерту қайта жоққа шығарылуы керектігін айтты. Олардың айтуынша, олар Палуден 200 км жердегі датчик мәліметтеріне сүйене отырып осындай шешім қабылдаған.

«Бізде Палудегі бақылау жұмыстарының деректері жоқ. Сол себепті қолда бар мәліметтерді пайдалануға тура келді», дейді BMKG жер сілкінісі мен цунами орталығының басшысы Рахмат Трионо.

Оның айтуынша, теңіз деңгейін анықтайтын датчик алыс орналасса, тек 6 см толқынды ғана тіркеп, одан да қуатты толқындар туралы нақты деректер ұсына алмайды.

Естеріңізге сала кетсек, цунамидің пайда болуына қатты жер сілкінісі әсер еткен. Жер сілкінісінің эпицентрі Палу қаласында табиғи апаттан соң 17 мың адам эвакуацияланған.

Халықаралық Қызыл крест ұйымының Джакартадағы өкілі Ян Гельфанд екі табиғи апаттың қатар келгені қиындық туғызып жатқанын айтты.

«Біз Донггала қаласындағы жағдай туралы әлі ештеңе естімедік. Қолымызда нақты дерек те жоқ. Онда 300 мыңнан астам халық бар. Яғни, бұл трагедия қазіргі жағдайдан да нашарлауы мүмкін», дейді ол.

Ал табиғи апатпен күрес агенттігінің өкілі Сутопо Пурво өткізген баспасөз конференциясында ауруханаға бір мезетте 261 адам әкелінгенін, сағат сайын жағдайдың өзгеріп жатқанын айтты. Оның хабарлауынша, Донггала мен Сиги, Бутун секілді қалаларға құтқарушылар әлі кіре алмай отыр.

«Құтқаруға қажетті ауыр техника болмай жатқандықтан, эвакуация жұмыстарында біршама қиындықтар бар. Әзірге қаза тапқандардың саны біздің есептеуімізше 832 адам болды және бұл сан әлі де өзгеретін болады. Бір анығы, Палу қаласында жер сілкінісінен 61 шетел азаматы қаза тапты. Бүгінгі таңда үш француз, бір малайзиялық және бір оңтүстік корея азаматы іздестіріліп жатыр. Жер сілкінісі мен цунамиден қайтыс болған 821 адам Палу тұрғындары, Донггала бойынша тек 11 адамның өлімі туралы деректер бар. Дегенмен, 300 мың тұрғыны бар қаладағы құтқару жұмыстарының қарқынды жүріп жатпағанын ескерсек, вице-президент айтқандай, қаза тапқандар мен жарақат алғандардың саны әлі де өсуі мүмкін. Соңғы деректер бойынша, жарақат алғандар саны 540 адам" - дейді ол.

Малайзия мен Австралия билігі Индонезияға көмек жіберетінін хабарлады. Австралия премьері Скотт Моррисон қандай көмек қажет болса да жіберуге дайын екендіктерін айтты.

Индонезия табиғи апаттар жиі болып тұратын өңірге жатады. Биыл жер сілкінісінен Сумбаве аралында 550 адам қаза тапқан болатын. Ал 2004 жылы желтоқсан айында 9,1 балдық жер сілкінісі болып, оның соңы цунамиге ұласқан еді. Нәтижесінде Индонезияда 168 мың адам, жалпы 220 мың адам қаза тапқан болатын.

Естеріңізге сала кетейік, ҚР СІМ мәліметіне қарағанда цунамиден зардап шеккендер арасында Қазақстан азаматы жоқ.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер