BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

Индонезияда жер сілкінісі мен цунамиден 400-ге жуық адам қаза тапты

Индонезияның Сулавеси аралындағы Палу қаласының тұрғындары биіктігі үш метр болатын толқынның астында қалды. Мұнда 7,5 балдық жер сілкінісі мен цунамиден 380 адам қаза тапты. Қазір қалада құтқару жұмыстары қызу жүргізілуде. Табиғи апаттан мыңдаған үйлер ғана емес, аурухана, қонақ үй мен сауда орындары, мешіттер де құлаған, деп хабарлайды Baq.kz ақпарат агенттігі ВВС басылымына сілтеме жасап.

Цунамиден Палу қаласының бас көшесі жабылып, негізгі көпір құлаған. Бұл құтқару жұмыстарына айтарлықтай кедергі келтіріп жатыр. Индонезияның апатпен күрес агенттігінің хабарлауынша, табиғи апаттан 384 адам қаза тауып, 540 адам жарақат алған. Құтқарушылар бұл сандар артуы мүмкін екенін айтып отыр.

«Жағажайдан цунамиден қаза тапқан адамдардың денесі табылды. Бірақ әзірге олардың нақты саны белгісіз. Бұл алдын ала ескерту жарияланған кезде де халық жағажайда демалуын жалғастыра бергенін көрсетеді», дейді Sutopo Purwo Nugroho агенттігінің ресми өкілі. Оның айтуынша, кейбір адамдар алты метрлік ағаштарға өрмелеп тірі қалған.

Өткен жұма күні Дунгала қаласында кішігірім жер сілкінісі болып, бір адам қаза тауып, он адам жарақат алған болатын. Ал Палу қаласының халқы жұма күні кешке болатын жағажай фестиваліне дайындық жұмыстарын жүргізіп жатқан.

Жер сілкінісінен қаладағы негізгі ауруханаға да зақым келді. Сол себепті мұнда уақытша медициналық шатырлар құрылып, сол жерде алғашқы көмек көрсетіліп жатыр.

Палу мен Дунгалада 600 мың адам тұрады. Бүгін Индонезия президенті Джоко Видодо құтқару жұмыстарына көмек көрсету үшін және құтқару жұмыстарына қатысу үшін бұл қалаларға әскер жіберілетінін айтты.

Цунамиден кейін Палудегі әуежай да жабылды. Министрдің айтуынша, әуежайдың ұшып-қону жолағы зақымданған. Бірақ, соған қарамастан әуежайға тікұшақтар қона алады деген үміт бар. Сондай-ақ оқиға орнына ел астанасы Джакартадан төтенше жағдайларда пайдаланылатын жүк ұшақтары да жіберіліп жатыр.

АҚШ-тың Геологиялық қызметінің хабарлауынша, жер сілкінісі Сулавеси аралының орталығында 10 километр тереңдікте сағат кешкі 18:00-де болған. Жер сілкінісінен кейін қалада цунами туралы ескерту жарияланып, бір сағаттан кейін күші жойылды. Сол себепті Индонезияның метеорологиялық агенттігі сынға ұшырады. Дегенмен, ресми өкілдердің хабарлауынша, цунами ескерту жарияланған кезде болған.

Жер сілкінісі туралы ескертулер қаншалықты тиімді?

Палудегі жер сілкінісінің желіде тарап кеткен видеосынан бірнеше ғимаратты, одан кейін мешітті басып өткен биік толқындарды көруге болады. Бұл жер сілкінісінің эпицентрінен шамамен 80 км қашықтықта түсірілген.

«Қалада хаос болды. Халық көшелерге шығып, жан-жаққа жүгіріп жүрді. Ғимараттар құлады», дейді Индонезияның метеорология және геофизика агенттігінің басшысы Двикорита Карнавати.

Естеріңізге сала кетсек, 2004 жылы Индонезияның Суматра аралында болған жер сілкінісінен пайда болған цунамиден 226 мың адам қаза тапқан болатын. Жалпы, Индонезия жер сілкінісі мен жанартаудың атқылауы жиі болатн өңірлер қатарына кіреді. Өткен айда ғана Индонезияда жер сілкінісінен Ломбок аралында 460 адам қаза тапқан еді.

Ағылшын тілінен аударған Алтынай Қуанышбек


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
14 Қаңтар 2019, 12:17
Мен ғой.
Пікірлер