Ғаламдық саясаттың тепе-теңдігі бұзылды - Әлем|11 Наурыз 2011, 11:52
BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

Ғаламдық саясаттың тепе-теңдігі бұзылды

Араб елдерінің астан-кестеңін шығарған төңкерістер тізбегі бүкіл әлемнің саяси ауа райын өзгертті. Тунистен басталған толқулар, Египетті есеңгіретіп, талайды тағынан тайдырып, Ливия революциясының көсемі Муаммар Каддафидің 42 жыл бойы жинаған абыройын әлемдік қауымдастық алдында айрандай төгіп, өзінің және отбасының тағдырын қыл үстінде қалтылдатып тұр.
Елде азамат соғысы жүріп жатыр. Кеше ғана «қара алтыннан» түскен пайдаға бөгіп, саф алтыннан тұрғызылған сарайларында жұмақтағыдай өмір кешіп жатқан монархтар, әмірлер мен шейхтар елдерінен қашып, басқа мемлекеттерден баспана сұрауға неге мәжбүр болды? Кедейшілік, жұмыссыздық пен қымбатшылық па? Олай десек, Бахрейн тұрғындарының тұрмыс деңгейі ресейліктерден үш есе жоғары, ал, Ливияда ішкі жалпы өнім әрбір жанға шаққанда 12 мың доллардан келеді. Көтерілісшілер Каддафидің әрқайсыңның айлықтарыңды 1,5 есе өсіремін, әрбір отбасына мың доллардан үлестіремін деген уәдесіне қайырылмады. Демек, мәселе тұрмысқа ғана байланысты емес. Үкімет әскері шабуылды үдетті Ливияда шын мәніндегі азаматтық соғыс үдеп барады. Ел шығыс және батыс болып екіге бөлініп, кескілескен ұрыс жүруде. Күш тең емес. Каддафиді қолдайтын үкімет әскерінде жойғыш ұшақтар, танктер және ауыр артиллерия бар. Көтерілісшілер шығыс жағындағы өз позицияларынан біртіндеп айырылып, шегініп барады. Триполиде Каддафидің жақтастары «жеңіс алыс емес екенін» мәлімдеп, мерекелік шеруге шықты. Тұтас ел­дің бір бөлігі қырылып, бір жағы же­ңіс­терін тойлап жатыр. Әртүрлі де­рек көздері Ливияда соғыстан 6 мың адам қаза тауып, мыңдаған жан­дар­дың жа­раланғанын хабарлады. Бір­неше тайпалардан құралған халық бөлшек­теніп, бір-бірлеріне қарсы оқ атуда. Триполи толық Муаммар Каддафи қолында, мемлекеттік телеарна бұл жағдайда күндіз-түні көрсетуде. Дегенмен, Ливиядағы жағдай өте күрделі. Оппозиция шегінсе де, өз мақсатына жетпей, күресті тоқтатпайтынын мә­лімдеп, келіссөзге шақырған полков­никке «үш күннің ішінде биліктен кететін бол, содан кейін өзіңнің, от­басыңның алдағы тағдыры туралы сөйлесеміз» деп қатаң талап қойды. Ұлттық кеңес Каддафиді халықаралық қылмыстық сотқа тартпақ. Революция лидерінің бірқатар елдердің банктеріндегі есепшоттары жабылып, Ли­вияға қарсы санкциялар күшейді. Сырттан әскер кірсе... АҚШ және Батыс Ливияға әскер кіргізу туралы шешім қабылдауға тә­уекел ете алмай отыр. НАТО әскери кемелері және барлаушы ұшақтары әскери қимыл барысын бақылауға алды. Каддафи танктерді әлі толық қуатында пайдаланған жоқ. Дегенмен, жойғыш ұшақтар көтерілісшілер қолындағы қалаларды әлсін-әлсін бомбылап кетеді. Америка мен Батыс Ливия аспа­ны­на әскери ұшақ жібергісі келгенімен, оған БҰҰ келісімі және халық­аралық қолдауы қажет. Сырттан әскери күш енгізу жөніндегі пікірлер де бірі-біріне кереғар. Ал, оппозиция халықаралық ұйымдардың көмектерін күтуде. Араб елдерінің өздері де Ливияға сырттан әскер кіргізілуіне қарсы. Көпшілігінің уәжі ондай жағдайдың салдарын болжау қиын. Италия ішкі істер министрі Роберто Марино БАҚ өкілдеріне берген сұхбатында: «Әскер енгізудің соңы үшінші дүниежүзілік соғыстың басталуына ықпал жасауы ықтимал», – деп әлемді үркітіп қойды. Алайда, Франция мен Ұлыбритания БҰҰ қарарын күтпей-ақ, Ливия аспанын жабу ойлары бар екенін жариялады. АҚШ пен Батыс әскер кірген жағдайда өздеріне қарсы Араб мемлекеттері коалициясы құрыла ма деп қауіптенеді. Тунис пен Ливия шекарасына шо­ғырланған босқындар жағдайы өте қиын. Кедей мемлекет Бангладештің Ливияда жұмыс істеген 20 мыңдай адамы елдеріне жете алмай, кейбі­реулері өліп жатыр. Бангладеш үкіметі өз азаматтарын тағдыр тәлкегіне салып, өздері көмектеспей немесе көрші мемлекеттерден жәрдем сұрамай үнсіз қалған. Ливиядағы азаматтық соғыс бүкіл әлемді алаңдатып отыр. Парсы шығанағының мол мұнайына кіндігінен байланған Еуропа, алыстағы Америка мазасыз күй кешуде. Әлі талдау үстінде «Араб әлемі неге бүлінді?» деген сауалға әлі толыққанды жауап берілген жоқ. Белгілі саясатшы Евгений Примаков Тунис, Египет, Ливия және басқа Араб елдері жастарының Америкада оқып, ой-өрістері өзгеріп оралғанын мысалға келтіреді. Ал, елдердегі жағдай баяғы бәз қалпында. Прогреске қарай ұмтылыс жоқ. Евгений Примаков Кеңес өкіметі кезінде Араб елдеріне Мәскеудің ықпалы күшті болғанын, тек Асуан плотинасында ғана 150 мың кеңестік маман жұмыс істегенін, орнынан тайдырылған Египет президенті Хосни Мубарактың Мәскеу академиясында оқығанын, бірақ, кейін байланыс әлсірегенін, қазіргі Ресейдің қанша тырысса да арабтарға ықпалы аз екенін айтады. Шеруге қатысқан Тунис, Египет және басқа елдердің жастары әлі тыншитын емес. Наурыздың 19-да Египетте жаңа конституция жөнінде референдум өтуге тиіс. Жігіттер мен қыздар оның әрбір жолдарына өзгерістер және толықтырулар енгізуде. Әйелдер де белсенділік танытуда. Кувейтте «коммунизм» орнайды Сарапшылар наразылық шеруін бастаушылар мен қолдаушылардың «интернеттік жастар», көздері ашық, бірнеше оқу орындарын бітірген жігіттер мен қыздар екендігін екпін салып айтуда. Тунис төңкерісіне қыз-келіншектер де белсене қатысты. Бұл – Араб елдерінде жастардың бүкіл ғалам сая­сатын пайымдап, өз мемлекеттеріндегі жағдайға алаңдап, болашаққа көз тіккендігі деп бағалануда. Жастар ХХІ ғасырға сәйкес еркін ойлап, еркін жүріп-тұрғысы келеді. Олар авторитарлық режимге, диктаторлық билікке, монархияға қарсы. Кейінгі ұрпақ биліктің ретімен ауысып отырғанын қалайды. Бірқатар Араб елдерінің басшылары әуеліде «халық аптығады, сосын басылады» дегенімен, Египет президенті Хосни Мубарак орнынан тайдырылып, «комға» жатып қалғасын ойланайын деді. Кейбір корольдер саяси реформа жасап, басқарудың түрлерін өзгертуге, әлеуметтік жағдайды жақсартуға уәде берсе, Кувейт бәрінен де асып түсті. Мұнайға малшынып, байлыққа батқан шағын ел бұрын әрбір туылған сәбидің есебіне миллиондап доллар аударса, бұл жолы басқалардағыдай дүрбелеңнің алдын алып, шын мәнінде «коммунизм» орнатпақшы. Ел тұрғындарының айлықтары бір сағат ішінде 100 пайыз өссе, әрбір отбасына бір мезгілде 3,5 мың доллар жәрдемақы беріледі. Тұрғын үй, коммуналдық қызмет төлемдерін мемлекет өз мойнына алды. Ол – ол ма, Кувейт ел халқын бір жыл бойы тегін тамақтандыратын болады. Кувейтте «қара алтынның» пайдасы шаш етектен, халық саны өте аз. Ма­рокко, Йемен және бірқатар елдер әлеуметтік мәселелерді мықтап қолға алуда. Жастар қарын тойғанын қанағат тұта ма? Оларға саяси реформа қажет. Тунисте кешегі елден қашқан бен Алидың үзеңгілесі, өтпелі үкімет басшысы Мохаммед Гуннашиді «бұрынғының досы» деп кіналап, аттан аударып тастауы соның дәлелі. Ол байырғы сүрлеу ізден тездетіп шығып, басқа бағыт ұстанғаны үшін қызметінен кетірілді. Ливия, Тунис және Йемен елдеріндегі Ресейдің бұрынғы елшісі Вениамин Поповтың айтуынша, революцияшыл жастар ғаламтор арқылы бір-бірлерімен хабарласып, кеңесіп отырған. Білімді жастар жұмысқа араласып, өз тағдырларын өздері шешкісі келеді. Жастар Египет әскерилерімен келіссөз жүргізіп, 19 наурыздан кешіктірмей референдум өткізу қажеттігін ұсынған. Тунис жастары бұрынғыдан қалған премьерді доғарысқа кетіріп тынса, Египет жігіттері мен қыздары да премьер-министр Ахмед Шафикті орнынан тайдырып тынды. Наразылық шерулеріне шыққандар төңкерістерді аяғына дейін жеткізуге бел буып отыр. Жоғарыда наразылықтың бір себебі, жұмыссыздық екенін айттық. Жұмыс таба алмай жүргендердің ба­сым бөлігі жастар. Мәселен, Тунисте 11 миллионға жуық халық болса, оның 42 пайызы жиырма беске толмаған жас жігіттер мен қыздар. Олардың 13 пайызы жұмыссыз. Египеттің 85 миллион халқының жартысын жастар құрайды. Жұмыс­сыздық – 9 пайыз. Алжирдің 35,5 мил­лион тұрғыны болса, тең жартысы 25-ке толмағандар. Жұмыссыздар елдің 10,5 пайызы. Иорданияда 6,5 млн халық болса, жұмыссыздық – 12,3 пайызды құрайды. Аталған елдерде 1980 жылдардан кейін демографиялық дүмпу болып, жас ұрпақ саны күрт өсті. Қазіргі наразылық шерулерін бастап жүрген де солар. Ішкі саясатқа наразы Сарапшылар наразылық шеруіне шығушылардың бұрынғыдай «американ империализмін» немесе Израильді кінәлап, сөз айтпағандарына ерекше мән беруде. Демек, тұрғындар өз елдеріндегі қалыптасқан саяси ахуалға қарсы. Араб елдерінде қордаланып қалған мәселелерге ұшқын тиіп, жалын лаулағанда көп жағдайдың беті ашылды. Ливия революциясының лидері Муаммар Каддафидің өз халқына оқ атуы, өз билігін сақтап қалу үшін ештеңеден тайынбайтынын мәлімдеуі отқа май құя түсті. Бұған Араб елдері мұсылмандарының шиит және суннит болып бөлінетінін қоссақ, мәселе тереңдей түседі. Бахрейнде 1 миллион халық болса, оның 75 пайызы шииттер. Бірақ, билік басында сунниттер отыр. Шииттер өздерін екінші сортты жандардай сезінеді. Францияда қазір 6 миллиондай мұсылмандар тұрады. Бүгінгі бү­лін­шілік салдарынан 2 миллиондай мұсылман босқындар Еуроодақ елде­ріне лап бергелі тұр. Мұның дағ­дарыстан әлі естерін жинай алмай жатқан ЕО елдеріндегі әлеуметтік жағдайды одан әрі шиеленістіре түсетіні анық. АҚШ және Еуроодақ араб елдері мұнайларына малынып, демократиямен шаруалары жоқ деп ойлап келген еді. Алайда, кейінгі жас ұрпаққа еркіндік қажет екен. Сарапшылар ХХІ ғасырда барлық биліктің бір адамның қолына шоғырлануы қауіптілігін айтуда. Мәселен, Муам­мар Каддафидің ешқандай ресми лауазымы жоқ. Бірнеше тайпалардан құралған Ливия революциясының көсемі өзі шыққан каддафа тайпасы арқылы бүкіл елді басқарып келеді. Конституция орнына «халықтың өзін-өзі басқару» идеологиясын насихаттайтын «Жасыл кітап» жүрді. Са­рап­шылар Араб елдерінде саяси институттардың бизнеске ықпал ете алмағандығын атап көрсетуде. Мұ­найға иек артқан елдерде шағын және орта бизнес дамымағандықтан жастар жұмыссыз. Араб елдеріндегі әскер құры­лым­дары және оның басшылығы күр­де­лі. Қойшы бәдәуидің ұлы Каддафи бұрынғы корольді орнынан тайдырып, билікке әскери төңкеріс арқылы келген еді. Қазір алты ұлы жанында болса, кішісі көтерілісшілер жағына өтіп кетті. Сарапшылар Шығыс Еуропаның саяси жүйесі бұзылуын және КСРО-ның құлауын әбден ойластырылған сыртқы күштің ықпалы деп санайды. Ал, Араб елдері әлеміне демократия енгізу стратегиясының соңы не болмақ? Мұны әзір тап басып ешкім айта алмайды. Кезінде Парижде 15 жыл тұрған аятолла Хомейнидің Иранға оралып, шах Пехлевиді құла­туына Батыс көмектескен еді. Енді бүгін АҚШ пен Еуроодақ Иранның бейбіт атомына қарсы күресіп, оны тоқтатудың амалын таппай отыр. Демек, қазіргі төңкерістерден кейін не болатыны белгісіз. Бүгінгі мәселе «әлемнің саяси тепе-теңдігі бұзыла ма?» деген сауалға тіреліп тұр. Ливияның екінші үлкен қаласы Бенгазидегі оппозиция өкілдері «Ұлт­тық Кеңес» құрып, билік бұрынғы әділет министрі Мұстафа Абдель Га­мелдің қолына тиді. Американың бір топ сенаторлары президент Ба­рак Обамаға уақытша үкіметке көмектесу қажеттігін ұсынды. Ливияға НАТО әскері немесе БҰҰ қарулы күш­тері кіргізіле ме? Егер Каддафи көтерілісшілерге қарсы жойғыш ұшақ­тарды немесе химиялық қаруды қол­данса, бұл мүмкін мәселе. Алайда, оның арты неге соқтыратынын ешкім ашық айта алмайды. 1976 жылы алғаш рет Мәскеуге келген «романтик» Муаммар Каддафимен бүгін «революция лидерінің» арасы жер мен көктей. Сарапшылар оның соңғы 10-15 жылда халық мүд­десінен қол үзіп, бүкіл араб­тардың көсемі болуды көксеу идеоло­гия­сымен басы айналып кеткенін айтады. Бүгінде Муаммар Каддафидің қасында бір топ жақтастары мен «Қара Африканың» мың қаралы жалдамалы жендеттері ғана қалды. Әлем пікірі әрқилы Таяу Шығыс бойынша маман, Араб елдері менталитетін, психологиясын жетік білетін Евгений Примаковтың айтуынша, Араб елдеріне әскери күш кіргізуге болмайды. Онда жағдай мүлде асқынып кетуі мүмкін. Таяу­да Женевада адам құқықтарына бай­ла­нысты халықаралық конференция өтіп, Американың мемлекеттік хатшысы Хиллари Клинтон сөз сөйлеп, наразылық шерулеріне араб жастарының жаппай қатысып, белсенділік көрсеткенін атап айтты. Мұн­дайда қарап қалмайтын ЛДПР көсемі Владимир Жириновский «қазіргі араб жастарына шариғат емес, еркіндік, еуропалық демократия, ішімдік және ойын-сауық қажеттігін» айтып салды. Шынында, солай ма? Муаммар Каддафи ешқайда кетпейтінін, «соңғы патроны қалғанша, соғысатынын» мәлімдеп, әлемдік қа­уым­дастықты тығырыққа тіреп отыр. Полковник жағында 5 мыңдай шын берілген әскер және «Қара Африканың» мың қаралы жалдамалы «бандысы» бар. Муаммар Каддафи бүліншілікке «Аль-Каеда» лаңкестік ұйымын кінәлап, Батыс назарын өзі­не аударғысы келгенімен, Еуропа елең ететін емес. Кезінде КСРО-дан қыруар қару-жарақ сатып алған Каддафи әскерінде 1000 танк және 200-дей жойғыш ұшақ бар. Сарапшылар Ливия 1951 жылға дейін османдар мен итальяндар басқарған кездегідей үш елге бөлінуі мүмкін деген жорамал айтады. Онда оның бір бөлігіне Каддафи бекініп, соғыс ұзаққа созылуы мүмкін. Әлемдік қауымдастық қандай ше­шім қабылдайды? Санкциялар жарияланып, Каддафи есепшоттары жабы­лып, Ливияға басқа елдер қару-жарақ сатпайтын болды. Бұған Ливия революциясының көсемі тоқтай ма? Сыртқы күш Ливияға басып кіре ме? АҚШ және Еуроодақ жоспарында мұндай нұсқа болғанымен, соңы не бола­тынына күмәнданып, бата алмай отыр. Мұнай бағасы десе, маза кетеді Муаммар Каддафидің кешегі дос­тары АҚШ, Ұлыбритания және Еу­роодақ басшылығы қазір одан теріс айналып, қасарысқан полковникті орнынан тайдыруға асығып отыр. Еуроодақ елдері Ливиядан мұнай және газ алса, АҚШ-қа мұнай тасылады. 44 млрд баррель мұнай қоры бар, дүниежүзі «қара алтынының» 3 пайызын өндіретін Ливия бүліншілікке дейін сүйкімді көрініп, Муаммар Каддафи Еуропа елдерінің мәртебелі қонағына айналған еді. Қазір бәрі керісінше. АҚШ және Еуроодақ Ливияның өте сапалы, күкіртін ғана айырса, авто­көлікке құйып жүре беруге жарайтын мұнайының тасқыны толас­тамағанын қалайды. Бүгінде бір баррелі 115 доллардан асқан мұнай рыногінің болашағын болжау қиын. Егер бір баррелі 120 доллардан асса, 2008 жылғы қаржы дағдарысы қайталануы әбден мүмкін. АҚШ пен Еуроодақ елдері осыған мазасызданып отыр. Америка мен НАТО-ның екі әскери кемесі Жерорта теңізіне шығып, Ливияның жағалауына жақын жүзіп жүргені мұнай және газ құбырларын қорғаудың амалы. Каддафи билігі тайғанақтап тұр. Алайда, ашулы әрі ызалы полковник  «жастығын ала кетіп», көтерілісшілерге қарсы химиялық қару қолданса ше? Әлемдік қауымдастық қаупі осы. Айдос ШӨКІШ, «Заң газеті» http://zan.zanmedia.kz/index.php?option=com_content&view=article&id=3020:2011-03-11-03-56-00&catid=83:1&Itemid=17

Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер