BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

Джек Ма: АҚШ-Қытай сауда соғысы 20 жылға созылуы мүмкін

Alibaba Group негізін қалаушы Джек Ма АҚШ пен Қытай арасындағы сауда соғысының 20 жылға созылуы мүмкін екенін айтып, бұл проблема басқа да мемлекеттерге әсер ететіндіктен, жылдам шешімін табатынына үміттенетінін жеткізді, деп хабарлайды Baq.kz ақпарат агенттігі ABC News басылымына сілтеме жасап.

АҚШ президенті Дональд Трамп екі мемлекет арасындағы сауданы қатаң сынға алып келеді. Ал қытайлық миллиардер Америка мен Қытай арасында сауда балансының жоқтығына күмәнмен қарайтынын айтты.

«Сауда біткен кезде, соғыс басталады. Сондықтан сауда – соғысты тоқтатудың амалы. Сауда – сенімді нығайтудың амалы. Бұл бір-бірімізбен күресу үшін қолданылатын қару емес», деді Джек Ма Дүниежүзілік сауда ұйымында өткен семинар барысында. Оның айтуынша, сауда шиеленісі тек Америка мен Қытайдың нарығына ғана емес, басқа мемлекеттердің де кәсіпорындары мен бизнесіне кері әсерін тигізеді.

Жалпы, Джек Ма саудаға қатысты оң көзқараста екенін, бірақ бұл саланы өз қолына алып басқарғысы келетіндерден, реттеуге ниеттілерден қорғау керек екенін айтты.

«Бүгінгі таңда біз Made in China, Made in America, Made in Switzerland, Made in Geneva деген сияқты жазуларды жиі көріп жүрміз. Болашақта, мысалы, 2030 жылға қарай Made in Internet деген өнімдер пайда бола бастаса да, таңғалмайтын боламыз. Себебі бизнестің 85 пайызы болашақта электронды коммерциямен айналысатын болады», дейді ол.

Айта кетейік, Alibaba Group – электронды коммерциямен айналысатын әлемдегі ең ірі компаниялардың бірі. Бұл компания америкалық ритейлерлерді қытай жеткізушілерімен байланыстырады.

АҚШ нарығы қытай кәсіпорындары үшін маңызды. Трамп әкімшілігі қытай тауарларына жүздеген миллиард доллар тариф енгізді. Бұған Бейжің де жауап қайтарып, екі мемлекет арасында сауда соғысы басталды.

54 жастағы Джек Ма Қытай бизнесінің танымал көшбасшыларының бірі. Ол келесі жылы қыркүйек айында Alibaba төрағасы қызметінен кететінін, бірақ компанияны бақылау құзыретін сақтайтын серіктестік мүшесі болып қала беретінін айтқан.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер