BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

Біздің азаматтар дін-аман Печать

«Мысыр астанасы Каирде болып жатқан наразылық акциялары кезінде қаза тапқандар мен зардап шеккендердің ішінде Қазақстан азаматтары жоқ» деп мәлімдеді Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Асқар Абдрахманов. Ендігі мәселе - отандастарымызды бүлініп жатқан жерлерден аман-есен елге жеткізу.
Қаңтардың 25-інде Каир тұрғындары 1981 жылдан бері билік басында отырған Хосни Мубарактың режимін ауыстыруды, елде экономикалық және саяси реформалар жасауды талап етіп, ереуілге шықты. Қазір халықтың толқулары Мысырдың Александрия, Асуан сияқты ірі қалаларына жетті. Ереуіл тонау, өрт қою сияқты жаппай тәртіпсіздікке ұласты. Соңғы деректерге қарағанда, қаза тапқандардың саны 150-ден, жарақат алғандардың саны 4 мыңнан асыпты. Қазақстан Сыртқы істер министрлігі республика азаматтарына бұл елге бармауға, ал сол жақта жүргендер болса, жаппай ереуіл болған жерлерден аулақ жүруге кеңес береді. - Біздің дипломаттардың ақпараттарына қарағанда, әзірге бұл жағдай бойынша ондағы елшілікке біздің азаматтардан арыз түспеген. Қалай болғанда да бұл мәселе елшілік бақылауында болады. Дегенмен Каирдегі адамдар көп шоғырланған жерлерден алыстау жүрулеріне кеңес береміз. Қазір Мысырдағы консулдық есепте 185 қазақстандық тұр, олардың 156-сы қазақстандық елшіліктің араласуымен елге қайтуға құлық білдірді. Бұл жерде қазақстандықтардың бір бөлігі елшілікке хабарламастан өз жұмыстарымен келіп-кетіп жататындығын айта кету керек, - дейді Асқар Абдрахман. Мысыр еліндегі тәртіпсіздіктерге орай қазақстандық туристерді бері алып шығу үшін, Қазақстанның Төтенше жағдайлар жөніндегі министрлігі кеше ертемен таңғы сағат 5-те Ту-154 ұшағын Каирге аттандырды. Бұл күндері Мысыр курорттарында дем алып жатқан туристер мен студенттерді және қызмет бабымен барған қазақстандықтарды эвакуациялау үшін жіберілген авиалайнерінің бортында бірнеше медик пен құтқарушылар бар. Олардың мақсаты - Мысыр елі аумағындағы Қазақстан азаматтарының 31-ін аман-есен бірінші рейспен алып келу. Қазақстан туристік қауымдастығының мәліметтеріне қарағанда, бізден барған демалушылардың бәрі 30-қаңтар күні Мысыр курорттары аумағынан қауіпсіз жерлерге көшірілген. Осындай жалпыхалықтық ереуілдер солтүстік Африкадағы Тунис, Алжир мемлекеттерінде де болды. Әзірге бұл елдердегі де саяси жағдай қалпына келе қойған жоқ. Мысырдан кейін Йемен және Иордания мемлекеттерінде жаппай толқулар басталды. «Йеменнің астанасы Санада қаңтардың 28 күні елді 32 жыл басқарған президент Әли Абдул Салехтің жақтастары мен қарсыластары арасында қақтығыс болды» деп хабарлайды CNN телеарнасы. Сөйтіп, соңғы бір айдың ішінде бірнеше араб елдері әлемдегі қантөгіс болып жатқан «ыстық нүктелерге» айналды. Бұл елдерде толқулар басталғанда мыңдаған демалушылар бас сауғалап қашып шықты. Қазір мыңдаған туристер Тунис, Алжир, Мысыр, Йемен елдеріне барудан бас тартуда.Қайыржан ТӨРЕЖАН http://www.aikyn.kz/index.php?option=com_content&task=view&id=6024&Itemid=34

Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер