Бірі табынып, бірі қағылып жатыр - Әлем|01 Наурыз 2011, 10:21
BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

Бірі табынып, бірі қағылып жатыр

«Аркадағ»  атанған басшы Бұл күндері Батыстың саяси зерттеу және адам құқығын қорғау институттары жеке басқа табынушылық дертінің Орталық Азияның көптеген мемлекеттерінде етек алғанын айтып тыным таппауда. Әсіресе, автори­таризмнің ошағы ретінде қайта-қайта Түркіменстан сын садағына ілінуде. Марқұм Сапармұрат Ниязовтан бастау алған бұл кесел сеңсең бөрікті елде мызғымас қасаң дәстүрге айналып келеді.
Жеке басқа табынушылық дерті асқынған елдерде ұдайы жағым­пазданудан жарыс өтетіні белгілі. Жуықта осындай бір жарыстың нәти­жесінде Түркіменстан Президенті Ғұрбанғұлы Бердімұхамедов «Аркадағ» деген атаққа ие болды. «Асқар тау» деген бұл сөздің астарында Ғұрбанғұлы Бердімұхамедовты халықтың сүйенер тіреуішіне балаушылық мағынасы жатқан секілді. Батыстың зерттеу орталықтарының көрсеткішіне сенсек, Түркіменстан демократиялық құндылықтарды аяқ­асты ететін әлемдегі алғашқы он­дыққа кіретін мемлекеттердің бірі болып саналады. Мысалы, 2010 жылы АҚШ-тың «Фридом Хаус» құқық қорғау ұйымы Түркіменстанды дәс­түрлі диктатура салтанат құрған мемлекет ретінде бағалады. Осы елдің тағы бір «Херитидж фаундейшн» қоры нарықтық экономиканың талаптарын орындап отырған әлемдегі 183 мемлекеттің ішінен Түркіменстанға 171 орынды берді. Табиғи қорларды басқарудағы ашықтыққа байланысты америкалық «Ревеню Уотч институты» мен «Транспаренси Интернэшнл» ұйымы жасаған рейтингіде Түркіменстан 41 елдің ең соңында ілдалдалап тұр. Сыбайлас жем­қорлық деңгейіне байланысты «Трансперенси интернэшнл» ұйымы жасаған индексте Түркіменстан 178 елдің ішінде 172 орынды иеленген. Дәл осы кезде бұл елдің халқы ең сіңірі шыққан кедейлердің қатарында саналады. Өмір сүру деңгейі бойынша Түркіменстан 109 орында көрін­ді. Әсілі, Сапармұрат Ниязов ақы­рет сапарына аттанысымен, бұл елде авторитаризм де құрдымға кеткен тәрізді еді. Өйткені, Ғұрбанғұлы Бердімұхамедов билікке келісімен Түркіменстан тұйықталудан бас тартып, либералды әрекет етуге көшкен сыңай танытқан. Бірақ, көп ұзамай алдыңғы арба  қайда барса, соңғы арба да соның күйін кеше бастады. Сапармұрат Ниязовтың билігі кезінде қуғын-сүргінге ұшыраған түркімен диссиденттері елге оралып, Түркіменстанның демократиялық бағытта дамуына өз үлестерін қосады деп үміттенгенімен бұл үміт мүлде ақталған жоқ. Оларға артылған айып, сол өзгермеген күйі қаз-қалпында қалды. Яғни, түркіменбашы кеткенімен, оның жазалау машинасы әлі өмір сүріп жатыр деген сөзді айқын аңғартуға болады. Кезінде Түркіменбашы Сапар­мұрат Ниязов қанша жерден диктатор болса да, шектен шыққан жа­ғымпаздардың кейбірін жазалаған. Ал, Ғұрбанғұлы Бердімұхамедовке келетін болсақ, «Аркадағ» басшы әзірге жағымпаздарды жазалай қой­ған жоқ. Қайта, өзінің атына жылы сөз айтқан жандарды үлде мен бүл­деге орау үстінде. Мысалы, ақын Гүзел Шағұлиева Ғұрбанғұлы Берді­мұхамедовтың мақтауын келтіріп өлең жазғаны үшін 70 жасқа толуына орай «Жыл адамы – 2010» атағын алды. Тәжікстан Қытайға жалға жер берді Өткен жылы елімізде билік пен халықтың арасы ушыға жаздап, соңы­нан мәмілеге келген жер беру мәселесі болған. Дәл осы жағдай бүгінгі күні Тәжікстанда орын алып отыр. Қаңтар айының ортасында тәжік қалаулылары ел аумағының бір бөлігін ҚХР-ға жалға беретінін ресми түрде бекітті. Бұдан бұрын да ҚХР  мен Тәжікстан шекараны делиматациялау кезінде Кеңес үкіметі кезіндегі ҚХР-мен даулы жер саналған 1,1 мың шақырым жер, яғни, Тәжікстан аумағының 0,77 пайызы Қытайға берілген болатын. Мұнысы аздай, енді Тәжікстан үкіметі ҚХР-ға 2 мың гектар жерді ауылшаруашылық мақсатта пайдалануға жалға бермекке бекем бел буған. Бұл келісімшарт тәжік басшысы Э.Рахмонның өткен 2010 жылғы маусым айындағы Шыңжанға сапары кезінде жасалған екен. Тәжік билігі жерді жалға беру туралы астыртын келісімді алдын ала жариялауға секемденіп, ел парламенті ратификациялағаннан кейін ғана көпшілікке жария еткен сыңайлы. Бүгінгі күнге дейін Тәжікстан аума­ғында ресми  түрде жұмыс істеп жатқан ҚХР азаматтарының саны 80 мыңнан асады. Ал, мына келісімнен кейін оған тағы да 1500 диқан саны қосылады деген болжам бар. Жалпы, Тәжікстан терри­тория­сының 93 пайызы таулы аймақ саналса, 7 пайызы ғана егістік алқапты құрайды екен. Ал, шетелдіктерге 2 мың гектар жердің жалға берілуі, онсыз да жерден таршылық көріп отырған тәжік диқандарына ауыр соққы екенінде дау жоқ. Тәжікстан азаматтарының адуынды түрде қар­сылық көрсетпегеніне қарап, ҚХР-дың Хатлон облысының Қусангир және Бохтар таулы аудандарындағы 2 мың гектар жерді иемденетініне анық көз жеткізіп отырмыз. Дегенмен, жерді жалға беруге қарсылық бұқаралық сипат алмағанымен, көзі ашық азаматтар биліктің бұл қадамымен келіспейтіндерін ашық айтып жатыр. Мәселен, тәжік әлеуметтанушысы Рустам Хайдаров: «Өз азаматтарын басқа елдер­ге қоныстандыру арқылы сол елдерге біртіндеп мысықтабандап ішкерлей ене беру – Қытайдың стратегиялық саясаты. Олар Тәжікстанға не үшін келгендерін жақсы біледі. Әдепкіде экономика саласына, содан соң жалпы саясатымызға ықпал етуге кіріседі»,  –  деп, қытай аждаһасының айласын дөп басып сынға алды. «Авеста» агенттігінің ха­бар­лауына қарағанда, Тәжікстан ауыл­шаруашылық министрі Косим Косимов қытайлықтармен қатар, 2010 жылдың маусым айында Үндістанның Пенджаб штаты ауыл шаруашылығы мекемесінің басшысы Сардар Суч Сингх Лангахпен де кездескен. Онда Үндістан өкілі Хатлон облысы Яван  ауданынан күріш өсіретін мың гектар жер сұраған көрінеді. Бұдан басқа Тәжікстан ауылшаруашылық министрлігі сыртқы байланыстар бас­қармасының бастығы Тиломурод Дониеровтың жергілікті баспасөз бе­тінде жарияланған сөзіне қарағанда, ауыл шаруашылығы саласындағы ынтымақтастық туралы Түркия, Иран, Қытай және Үндістанмен арада түрлі келісімдерге қол қойылып, мөр  басылып, мамандары жалпы көлемі 92 миллион доллар құрайтын 28 инвестициялық жоба әзірлеген. Бұл дегеніңіз, болашақ қытай,  үнді, иран, түрік фермерлері күріш пен астық егу үшін тәжік аумағынан бірнеше мың гектар жерді жалға алады деген сөз. Бейбітбек БҮРКІТБАЙҰЛЫ, «Заң газеті» http://zan.zanmedia.kz/index.php?option=com_content&view=article&id=2913:2011-02-28-13-43-15&catid=83:1&Itemid=17

Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер