Әлем әміршіге зәру ме? - Әлем|03 Наурыз 2011, 10:55
BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

Әлем әміршіге зәру ме?

Өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдары КСРО күйреген соң, әлемдік қожалық тек АҚШ-тың қолына көшкені белгілі. Ақ үй біл­генін істеді, айтқанын орын­датты. Иракқа екі рет басып кірді, Саддам Хусейнді дарға асты, Ауғанстанды табанға таптады, Югославияны тас-талқан етіп, ақыры бөлшектеді, бас имеген басшысын түрмеге қамады, түбіне жетті. Күні кешеге дейін АҚШ төрт­кіл дүниеге өз үстемдігін жүр­гізді. «Ақ» дегені алғыс, «қара» де­гені қарғыс болды. Өйткені жал­пақ дүниеде АҚШ-қа тең ке­лер мемлекет жоқ еді.
 Ғаламда экономикасы бірінші орында тұрған Вашингтонның қолында он мыңға тақау ядролық зымырандар, сол ядролық зымы­ранмен жасақталған 18 атомдық сүңгуір қайығы (өзгесін қоспа­ғанда), еш елде жоқ, бесінші тол­қын­ға жататын бесаспап F-22, F-35 секілді керемет ұшағы, 12 авиа­ноцесі (мұндай алып кемеде 70-80 жойғыш, бомбылағыш ұшақтар, ондаған тік ұшақтар, 5-6 мың теңіз жаяу әскері, әскери техникалар орналасады. Бір авиа­ноцестің күші әлемдегі ортан қол жиырма шақты мемлекеттің ар­миясына пара-пар) бар қуатты елмен санаспау мүмкін емес-ті. Төрткіл дүниенің төрт бұрышында мүддесі бар бұл ел, жаһанды қалай билеп төстеймін десе де еркінде еді. Алайда 2000 жылдың басында «Әлем көп полярлы болуы керек, бір елдің ықпалында өмір сүруге болмайды» деген көзқарасты Қытай, КСРО-ның мұрагері Ресей және бірқатар еуропалық елдер айтып қалды және өз де­гендерімен жүруге бейіл та­нытты. Әрине, кәрі құрылықта жатқан Фран­цияның басына Саркози, Ал­манияға - Меркель, Ұлы­бри­та­нияға - Кэмерон сияқты жаңа көз­­қарастағы басшылар келге­ні­мен, түптеп келгенде, әлемге би­лік айтуда АҚШ-пен ым-жымы бір елдер. Сондықтан ғаламдық дең­­гейдегі әңгіме қозғалғанда, бәрібір Вашингтонның айтқанына бас шұлғитыны белгілі. Ал Ресейдікі жалған өктемдік. Өйткені эко­номикасы әлсіз, халықтың тұр­мысы төмен, армиясы қауқарсыз. Бар сенгені ядролық қаруы ғана. Ондай ел өзгеге ақыл айтуға шебер болғанымен, жалпақ дүниеге ықпал етуі мүмкін емес. Ал Қы­тай­дың орны бөлек. Аспанасты еліне байланысты соңғы мәлі­мет­терге көз салсақ, бұл ел әлемде экономикасының қуаттылығы жа­ғынан екінші орында тұрған Жапонияны қуып жетті. Артқа тастады, озды. Егер де бүгінгі да­му қуатынан айырылып қалмаса, АҚШ-тың өзін алдағы он жылда қуып жетіп қалуы әбден мүмкін. Онда ғаламдық саясат үлкен өзгерістерге ұшырары хақ. Бірақ оған Қытай жете ала ма, жоқ па? Мәселенің үлкені - осы. Өйткені бүгінгі АҚШ үшін «қуаты АҚШ-қа пара-пар ел, ол АҚШ-тың бі­рінші жауы» деген қағида пайда болғаны белгілі. Демек, Вашинг­тонның бірінші қарсыласы кезіндегі «қырғи-қабақ соғыс» кезінен қалған Мәскеу емес, ол - Бейжің. Енді ше, әлемді бөлі­судегі тайталас АҚШ пен Қы­тай­дың арасында болмақ. Демек, соңғы жылдардағы ғаламдық қаржы дағдарысының беті қай­тысымен әлемді «қайта құрудың», жаңаша қалыптастырудың тірлігі басталды. Жақында ғана Египетте бол­ған жағдайды Барак Обама «Бер­лин қабырғасының» күйреуімен теңеді. Бұл жайдан-жай айтыл­ма­ғаны белгілі. Себеп ХVI ғасырдың ортасында басталып, Ұлы Фран­цуз революциясынан кейін түп­кілікті орнығып, «барлық елдер­дің жағ­дайы бір қалыпты һәм жоғар­ғы деңгейде болуы тиіс» деген қағида ендігі сәтте жүрмеуі мүмкін. Сол XVIII ғасырдың өзін­де-ақ оқымыстылар «жер ша­рындағы байлық, барлық халық­ты да­мытуға жетпейді» деген пікірде болған. Демек, алпауыт елдердің алдағы ұстанатын сая­саты өзгеше болмақ... Сонымен, «Араб елдерінде болып жатқан бұлғақтардың астарында не жатыр?» дегенге келетін болсақ, бұл әлемді бөлудің алғашқы ұш­қыны деуге болады. Кейбір сарап­шылар, «Араб елдерінде болып жатқан жағдайдың авторы - АҚШ. Өйткені Араб елдерінен, Аф­рикадан Қытайды үркітіп, қа­лайда қуып шығу. Ол аймаққа жеке-дара үстемдік жүргізу» де­седі. Бұл қаншалықты шындық? Әрине, елдегі қайыршылық, жоқ­шылық халықты төңкеріске бас­тайды деген қағидаға қанша сү­йенсек те, Марғаптан Парсы шы­ғанағына дейінгі аралықта жат­қан Араб елдерінің дүр кө­терi­ліп, жалаулатып көшеге шығуы, сая­си реформалар талап етуі, би­ліктің орнынан кетуін сұрауы бір күнде, бір айдың ішінде пайда болған жоқ. Ұзақ дайындықты (дұ­р­ысы дайындалған) қажет ете­ді. Әйтпесе Египет, Ливия, Ал­жир, Марокко, Тунис, Йеменге қарағанда Бахрейн, Оманның жағдайы тәуір. Бірақ халық кө­шеге шықты. Неге? Бұл елдердің қай-қайсы да көмірсутегі шикі­затына бай елдер. Бұған дейін жал­пы Африка құрлығында жат­қан елдерге инвестиция салуда алда АҚШ пен Франция тұрса, соң­ғы кезде бұған Қытай келіп ки­лікті. Кімде болса, өз ықпалын­да тұрған елдерге өзге келіп ки­лігіп жатса, кірпідей жиырылары белгілі. Демек, бұл жерде Қытай өзгенің «бақшасына» түсті деген сөз. Өткен жылы Қытай мен Қара құрлық арасындағы тауар ай­налымы 100 миллиардтың үстіне жетіп жығылған. Бұл аз қаржы емес. Жалпы, 1963 жылы ҚХР-дың премьері Чжоу Эньлай «Аф­рикамен экономикалық қаты­насты жолға қою керек» дегеннен бастап, екі ортада достық қарым-қатынас орнағаны белгілі. Содан бері бірнеше мәрте Қытай 50-ге тарта Африка елдерін өздеріне шақырып (мұндай тірлік АҚШ пен КСРО-ның да қолынан кел­меген) саммит өткізді. Онда құны миллиардтаған доллар тұратын үлкен жобаларға қол қойылды. Қарақұрлықтан келетін мұнай мен газ Қытайдың экономикасын көтеруге үлкен үлес қосуда. Мұ­ның бәрін Батыс пен АҚШ есеп-шотқа салып, таразылап отырғаны анық. Демек, мұнай мен газға бай Аф­рика құрлығымен Араб түбе­гінде жатқан елдерде билікке на­разы топтарды пайдалана отырып, толқулар жасап, Қытайға қарай ағып жатқан «қара маржанның» жолын жабу Ақ үйдің жымысқы саясаты болуы да мүмкін. Қытай бір ғана Иранмен кө­мір­­сутегі шикізатына байланыс­ты ұзақ мерзімді келісімшарт жасас­қаны белгілі. Ал бүгінгі Иранның халі де жақсы деп айту қиын. Қыс­қасы, АҚШ әлемдегі бірден-бір қарсыласы болып саналатын Қытайдың аяғын шалудың түрлі жолдарын әртүрлі бағыттарда қарастырып жатқанына күмән келтіруге болмас. Соның бірі - Аф­рика, Араб елдері бағыты. Оны айттық. Енді Аспанасты елінің жақын көршілеріне келейік. Жақында Мәскеуде амери­ка­лық белгілі саясаттанушы Эдвард Люттвак баяндама жасады. Сол баяндамада АҚШ-тың Қытайға байланысты көзқарасы толық көрсетілген. Енді сол баяндамадан өзімізге керегін суыртпақтап алып көрелік. Люттвактың айтуынша, Қы­тай мен АҚШ арасында жан­жал түбі болмай қалмайды. Бірақ ол қандай деңгейде болмақ, ашық соғыса ма, әлде өзгелер арқылы от көсей ме, мәселе сонда дейді сая­саттанушы. Дұрысы, майдан да­ласында кездеспей-ақ, Қытай­дың арынды экономикасын тұсап тас­тауға болады екен. Ол үшін Қы­тай­дың айналасына жанжал ошақ­тарын тудыру. Рас, қазірдің өзінде АҚШ Қы­тайдың баяғыдан бақталасы бо­лып келе жатқан Үндістанды өз жа­ғына тарта білді. Ал Қытай - Пәк­станды. Сондай-ақ көрші­ле­ріне келсек, Қытайды жақтайтын Солтүстік Корея бар. Ал АҚШ жа­ғында - Оңтүстік Корея және Жа­пония. Бұған 90 миллион хал­қы бар, күрт қаулап өсіп келе жат­қан Вьетнам да Вашингтонға кетары емес. Демек, бұл аймақта АҚШ-тың одақтастары жеткілікті. Қытай мен бүкіл Қиыр шығысы шекаралас болып жатқан Ресей әзірге Бейжіңмен де, Вашинг­тонмен де жақсы. Алайда Мәскеу Қытайдан гөрі АҚШ-қа бүйрегі бұрып тұрары белгілі. Себеп «Мәскеуде Сібір мен Қиыр Шы­ғысты Қытай түрлі арандатулар арқылы басып алуы мүмкін» деген қаупі бар. Сондықтан Қытайдың арынын басып қою үшін алыста жатқан Ақ үймен тату болған әлде­­қайда жақсы. Ал АҚШ-қа Қы­­тайды тұралатып тұру үшін Ресей қажет. Өткен жылдан бастап, Ре­сей Қытайға 1 млн тон­на мұнай бере бастады. Бұл алдағы жылдары 15-20 млн тоннаға арт­пақ. Ал 2030 жылдары Ресей Қа­зақстан жері арқылы Қытайға 90 млн тонна мұнай жеткізбек. Бұл аж­даһа елінің эконо­микасын кү­шейтуге үлкен екпін береді. Осы­ның бәрін есепке алған АҚШ Ре­сей­дің Қытаймен тым жақын бол­ғанын қала­майды. Баяндама авторы осыны айта келе, қуатты экономикаға ие бол­ған Қытай Ресейге де оң көзбен қарары неғайбіл дегенді айтады. Қайта Қытайды тұралату үшін өздерімен одақтас болуға ша­қы­рады. Сондай-ақ баяндамада, Қытаймен ашық соғыспай оны өзгелер арқылы тұқыртуға, күй­ретуге болатынын да айта кеткен. Ол үшін Қытайдың іші мен ол елге тауар келетін елдерде түрлі толқулар, жанжалдар тудыру ар­қылы тауардың жолын бөгеу. Бі­ріншісі, Қытайдың бас «ауруына» айналып отырған Шыңжан-Ұй­ғыр ауданында ұлттар арасына жік сала отырып, жанжал туғызу. Се­бебі бұл аймақта Қытайға тиеселі мұнай қорының 30 пайызы бар. Яғни 21 млрд тонна мұнай деген сөз. Ал газ 1,1 трлн текшеметр. Бұл дегеніңіз - Қытайдағы бар газ­дың 34 пайызы. Егер де аймақ­та жанжал болып, я болмаса ке­зекті бір «түрлі-түсті» төңкеріс ор­най қалса, Қытай осыншама үлкен бай­лықтан қағылып қалмақ. Бұл Қытай үшін орны толмас апат. Ақиқатын айтар болсақ, кө­мір­сутегі мен азық-түлік Қы­тайдың басты қайғысы. Жылына 185-200 млн тонна мұнайды өз жерінде өндіргенімен, 170-180 млн тонна мұнайды сырттан та­сиды. Қазір бұл ел сырттан азық-түліктің 20 па­йызын сатып алады, бұл 2015 жылдары 30 пайызға көбеймек. Бұған өзге де түрлі құрылыс зат­тарын қосыңыз. Егер де осының жолдары бөгелетін болса, санаулы айда-ақ Қытайдың тас-талқаны шығатыны белгілі. Өйткені соңғы санақ бойынша елдегі халық саны 1 млрд 334 млн-ға жеткен. Осынша ауызға тамақ тауып беру, оңай ма? Сондай-ақ Эдвард Люттвак­тың айтуына қарағанда, Қытайды оңтүстік, оңтүстік-батыс, оңтүс­тік-шығыс жағынан да құрсаулау­ға бо­лады. Ол жақтағы Бирма, Тай­­ланд, Индонезия, Малайзия және Филиппин жерлерінде теке тірес отырған тайпаларды бір-бірімен қырылыстырып қойса болды. Өйткені бұл елдердің жері арқылы Қытайға тауар барады. Жанжал ошағына айналған ел арқылы ешкім тауар тасымасы белгілі. «Бұл да қарқындап өсіп бара жат­қан Қытайды тұсап ұс­тау­дың бір жолы» дейді саясатта­нушы. Жалпы, Люттвак «әлемді қайта бөлу саясаты басталды. Кім ма­ңы­на мықты елдерді жинай біледі, сол бәріне әмірші болмақ» дей­ді. Сейсен ӘМІРБЕКҰЛЫ http://www.aikyn.kz/index.php?option=com_content&task=view&id=6570&Itemid=2

Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер