BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

АҚШ пен Солтүстік Корея қарым-қатынасы қайта шиеленісті

Фото: 20minutes.fr

Солтүстік Корея ядролық бағдарламаға қатысты АҚШ-тың позициясына алаңдаушылық білдірді. Пхеньянның ядролық бағдарламаны тоқтатпауына байланысты екі елдің қарым-қатынасы қайта шиеленісе бастады, деп хабарлайды Baq.kz ақпарат агенттігі ВВС басылымына сілтеме жасап.

Өзге елдерді Пхеньянға салынған санкцияларды әлсіретпеуге шақырған АҚШ Мемлекеттік хатшысы Майк Помпеоның сөзіне пікір білдірген Солтүстік Корея Сыртқы істер министрі Ри Ен Хо Вашингтонның бұл саясатын «алаңдаушылық туғызатын жағдай» деп бағалады.

Екі елдің маусым айында Сингапурде өткізген саммиті нәтижесінде Солтүстік Кореяның ядролық қарусыздана бастайтыны хабарланған болатын. Әйтсе де, ол келіссөздердің детальдары белгісіз күйінде қалып отыр. Ал бұдан екі күн бұрын БҰҰ Солтүстік Корея өзінің ядролық бағдарламасын жалғастырып жатқаны туралы мәлімдеді.

Тағы сол Сингапурде өткен аймақтық форумда Помпео мырза «біржола, толықтай тексерілген ядролық қарусыздануға» жеткенше Солтүстік «Кореяға дипломатиялық және экономикалық қысымды» тоқтатпау маңызды екенін айтты.

Ядролық бағдарламасы мен баллистикалық зымыран сынақтарын жасағаны үшін Солтүстік Корея халықаралық қауымдастық және АҚШ тарапынан санкциялардан зардап шегіп отыр.

Соңғы кездесуде не айтылды?

Сингапур Сыртқы істер министрі Вивиан Балакришнанның айтуынша, Азия аймақтық форумында Солтүстік Корея ядролық бағдарламасы ашық талқыланды және бұл мәселе бойынша жағымды жаңалықтар бар.

«Бұл сұраққа қатысты прогресс бар екенін және Сингапурдегі саммит тараптар арасындағы қарым-қатынасты жібіткенін мойындаймыз. Ол кездесу шешілмеген мәселелерді бейбіт реттеуге негіз бола алады деп үміттенеміз», - деді ол AFP ақпарат агенттігіне.

Помпео мырза барлық елдер санкцияларды ұстанады деп күтетінін айтты. Алайда, ол Солтүстік Кореяның мыңдаған азаматына жұмыс беру арқылы Ресей санкцияларды бұзғанын айтты. Ресей мұны теріске шығарып отыр.

Бұған жауап берген Ри Ен Хо мырза Солтүстік Корея АҚШ президенті Дональд Трамп пен Солтүстік Корея лидері Ким Чен Ынның маусымдағы саммитіндегі келісімдерді ұстанатынын айтты.

«Алайда, алаңдаушылық туғызып отырған жағдай, АҚШ-тың өз ішінде бұл ел лидерінің ниетінен алыс, бұрынғы саясатқа оралуға бағытында қадамдар ұдайы жасалып жатыр», - деді ол.

Сингапурдегі осы форумда Ри және Помпео мырзалар қысқаша бетпе-бет кездесіп, қол алысты және бір-біріне күлімсірей қарап, қысқа ғана сөйлесті.

Сенбі күнгі кездесуде сонымен қатар АҚШ делегациясы Трамп мырзаның Ким Чен Ынға хатын жеткізді. Онда не жазылғаны белгісіз.

Маусымдағы саммитте екі лидер не айтып еді?

Трамп мырза мен Ким мырза Корея түбегін ядролық қарусыздандыру бағытында жұмыс істеу жөнінде міндеттеме алды. Алайда, оның қалай іске асатыны әлі күнге беймәлім.

Аталған міндеттеме туралы саммит соңында қол қойылған бір беттік келісімде айтылған болатын.

Жазбаша келісіммен қатар Дональд Трамп АҚШ-тың Оңтүстік Кореямен бірлескен әскери жаттығуларын «арандатушы» деп бағалап, олардың тоқтатылатынын айтты.

Саммиттен бері не өзгерді?

Маусымнан бастап қарым-қатынас жақсаратыны туралы пікірлер айтылып жатқанда Ким Чен Ынның ядролық сынақ полигонын жою туралы уәдесі бойынша Солтүстік Корея елдің солтүстік-батысындағы зымыран ұшыратын негізгі стартты бұзғаны хабарланды.

Және шілде айының соңында Солтүстік Корея Сингапур саммитіндегі келісімге сәйкес, Корей соғысында өлген американ солдаттарынікі делінген 55 адамның сүйегін АҚШ-қа қайтарды.

Бірақ АҚШ барлау қызметінің жария боп кеткен деректері негізінде жасалған есепке сәйкес, Пхеньян уранды байытуға арналған нысандарын әлі де жетілдіру үстінде.

Бұл баяндама саммитін рухын бұзушы және Солтүстік Кореяның адалдығына күмән келтіруші ретінде бағаланып отыр.

Ал өткен аптада аты аталмаған АҚШ лауазымды тұлғалары шпион спутниктер әлдебір участокта байқаған әрекеттерді сараптау негізінде Пхеньян жаңа баллистикалық зымырандар жасап жатыр деп жорамалдайтынын мәлімдеді.

Жұма күні БҰҰ Қауіпсіздік кеңесіндегі баяндамада Солтүстік Корея БҰҰ санкцияларын бұзып, ядролық және зымырандар жасауды жалғастырып жатқаны айтылды. Онда мәлім етілгендей, Солтүстік Корея мұнай өнімдерінің заңсыз саудасын ұлғайтқан және шетелге қару-жарақ сату жолдарын қарастыруда.

Ағылшын тілінен аударған Алтынай ҚУАНЫШБЕК


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер