АЭС: әлем алаңдауда, ал Қазақстан бас тартпайды... - Әлем|26 Наурыз 2011, 12:10
BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

АЭС: әлем алаңдауда, ал Қазақстан бас тартпайды...

Чернобыль Атом электр станциясындағы (АЭС) апаттан кейiн 25 жыл өткенде, технологиялары жоғары деңгейде дамыған, барлық қауiпсiздiк талаптарына жауап бередi деген Жапонияның "Фукусима-1" АЭС-iндегi апат әлемдi атом энергиясын пайдалану тұрғысынан тағы да ойлануға мәжбүрлеуде.

 

11 наурызда Жапонияда қуаты 9 баллдық жер сiлкiнiсiнiң соңы жойқын цунамиге ұласқан болатын. Бұның салдары Жапонияны электр энергиясынсыз қалдырды. Сөйтiп, қазандықтарды суыту мүмкiндiгi болмағандығы себептi апатқа жол берiлген. Әлем 1986 жылғы Чернобыль апатынан кейiн атом энергиясына басқаша қараған болатын. Бiрақ осы ширек ғасырда технологиялар өзгердi, жаңа әрi жоғары деңгейдегi құрал-жабдықтар пайда болды. Әлем жұртшылығы атом энергиясын басты энергия көзi ретiнде пайдалануға батыл ден қойды.
Мәселен 1990 жылы барлық өндiрiлген электроэнергияның 17 пайызы атом электростанциясына тиесiлi болды. Ол кезде АЭС әлемнiң 30 елiнде болды, тағы 5-iнде салынып жатты. Қазiр әлемде 442 ядролық реактор жұмыс iстейдi. 155-iнiң жобасы аяқталуға жақын. Алдағы 20-30 жылда тағы 400 атом станциясын салу жоспарлануда.
Қытайда бүгiнге дейiн 13 АЭС жұмыс iстейдi. Тағы 25 станция салынуда, 40 АЭС-тiң жобасы жасалып жатыр. Ресейдегi атомэнергоблоктарының саны – 32, оны 2030 жылы 59-ға жеткiзу жоспарлануда. Атом энергиясының жалпы үлесi бүгiнде 16 пайызға жетсе, 2030 жылы ол кем дегенде 25 пайызды құрамақ.
Табиғи энергоресурстарға тапшы өркениеттi елдер ядроэнергиясына тәуелдi. Олар: Франция, Швеция, Бельгия, Финляндия, Швейцария. Бұл мемлекеттердiң жалпы тұтынатын энергиясының тең жарымына дейiнi АЭС-те өндiрiледi. Жер бетiнде өндiрiлетiн ядролық энергияның 20 пайызы АҚШ-қа тиесiлi. АҚШ тағы да 16 АЭС салуды жоспарласа, Ұлыбритания 11 АЭС салмақ. 2008 жылғы зерттеу бойынша, Францияның электрэнергиясының 76,9 пайызын атом энергиясы өндiредi. 19 АЭС, 58 реактор жұмыс iстейдi.
 

АТОМ ЭНЕРГИЯСЫНАН КIМДЕР БАС ТАРТАДЫ?

Еуроодаққа мүше мемлекеттердiң бiразы елдегi атом станцияларының қызметiн қайта қарауды жөн көредi. 15 наурызда Еуроодақтың Энергетика жөнiндегi комиссары Гюнтер Эттингер Брюссельде Еуроодақ елдерiнiң Энергетика министрлерi мен ядролық қауiпсiздiк саласындағы сарапшыларды, ядролық электростанция операторлары мен салушылардың басын қосты. Бұл жиында Еуропадағы 143 АЭС-тiң жұмысын 2011 жылдың соңына дейiн тексеру көзделдi. Ал еуропалық АЭС-тердiң жұмысын мерзiмiнен бұрын тоқтату, жаңаларының құрылысына мораторий жариялау Еуроодаққа мүше әр елдiң өз iшiнде шешiлуi тиiс болды. Германияның канцлерi Ангела Меркель 1980 жылға дейiн салынған атом электростанцияларының жұмысын үш айға тоқтатып, оларды әрi қарай пайдаға асыруға бола ма, жоқ па дегендi тексеретiндiгiн мәлiмдедi. Қазiр Германияда 17 АЭС бар. Олардың 7-еуi 1980 жылға дейiн салынған.
– Жапониядағы жағдай бiздiң барлық АЭС-терiмiздегi қауiпсiздiктi тексеруге мәжбүрлейдi. Ал 1980 жылға дейiн салынғандарының жұмысы 3 айға тоқтатылады. Франция президентi Николя Саркозимен әңгiмелесе отырып, бiз АЭС-тiң қауiпсiздiгi мәселесiн "үлкен жиырмалықтың" кездесуiнде көтеруге келiстiк, – дедi Германия канцлерi Ангела Меркель.
Елдегi барлық электроэнергияның 39 пайызын атом энергиясы құрайтын, 5 атом реакторы бар Швейцария жаңа АЭС салу туралы өтiнiштердi қарауды тоқтатты. Олар 2012 жылдың ортасына дейiн жаңа үш АЭС салу туралы шешiм қабылдаған едi. Балтық жағалауы елдерi мен Польшамен бiрге Еуроодақ талабы бойынша Ингалинск АЭС-iмен жапсарлас Висагинасте жаңа атом станциясын салуды жоспарлап отырған Литва Жапониядағы апаттың бұл елдiң жаңа АЭС салу жайлы жоспарын қайта қарауға мәжбүрлегенiн айтады.
Филиппин президентi Бениньо Акино атом энергиясын пайдалануға асықпайтындығын жеткiздi. Венесуэла президентi Уго Чавес те атом энергиясынан бас тартатындығын мәлiмдедi. 2010 жылдың қазан айында Ресей мен Венесуэла Латын Америкасында қуаты 4 мың мегаваттық АЭС салуға келiскен едi. Бiрақ Уго Чавес Жапониядағы оқиғадан кейiн қауiптiң тым жоғары екендiгiн айтқан.
 

РЕСЕЙ ЧЕРНОБЫЛЬ АПАТЫНАН САБАҚ АЛМАПТЫ

Атом энергостанциясын ең алғаш салған Ресей Чернобыль апатының ащы сабақтарын әлi ұмыта қойған жоқ. Бiрақ атом электростанциясын салудан әлемде жетекшi рөлге ие мемлекеттiң бiрi. Сонымен қатар Ресейдiң қатысуымен әлемнiң бiраз елiнде АЭС жұмыс iстейдi. Айталық Украина, Армения, Қытай, Болгария, Венгрия, Чехия, Словакия, Иран, Үндiстан, Бразилия, т.б. Сонымен бiрге жақында ғана Ресей Түркияда, Белоруссияда атом электростанциясын салу жайында келiсiмге қол жеткiздi.
Жапониядағы апаттан кейiн Мәскеуге келген Түркияның премьер-министрi Тайип Ердоган өз елiнде алғаш салғалы отырған АЭС-тен бас тартпайтындығын жеткiздi. Бұл жөнiндегi келiсiм-шартқа 2010 жылдың 12 мамырында қол қойылған. АЭС Түркияның Жерорта теңiзi маңындағы "Аккую" елдi мекенiне салу жоспарланған. АЭС ВВЭР типiндегi 4 реактордан тұрады. "Аккую" жылына 35 трлн. КВт/сағ. энергия өндiредi.
Беларусь астанасы Минскiде арнайы сапармен болған РФ премьер-министрi Владимир Путин мен Беларусь президентi Владимир Лукашенко да 2011 жылдың 15 наурызындағы келiсiм-шарт бойынша Беларусьте әрқайсысының қуаты 1200 МВт тұратын екi энергоблок салу туралы жоспарын ары қарай жалғастыратындығын жеткiзген.
Белоруссияда АЭС салу туралы келiсiм-шартқа қол қою барысында РФ премьер-министрi Владимир Путин Ресей атомының қауiпсiздiгi жайында ант-су iштi. "Ресейде АЭС-тегi апаттың алдын алуға қажеттi қауiпсiздiк шаралары толығымен сақталған", – дедi ол осы кездесуде. Ресей бейбiт атом өндiрудi 1965 жылдан бастаған. 1986 жылға дейiн Шығыс Еуропа мен Азия, Америка елдерiнiң бiразында Ресей реакторлары жұмыс iстейдi. Ресей атомшылары осы уақыт аралығында жаңа технологиялардың пайда болғанын, жаңа конструкторлық шешiмдердiң жүзеге асқанын айтады. "Бiздегi реакторлар өзге типтiкi. Бiзде қайнайтын реакторлар жоқ. Ресейдiң қатысуымен Шығыс Еуропада, Қытай мен Үндiстанда салынып жатқан реакторлар – ВВЭР қысымымен салынған реакторлар. Оның жапондық бiр контурлы қайнайтын реакторлардан айырмашылығы – екi контурлы. Сондықтан да онда апат орын алды, бұнда апат болуы мүмкiн емес", – дейдi Халықаралық ядролық бiлiм беру орталығының директоры Виктор Мурогов.
Бiрақ Ресейдегi атом мамандарының пiкiрi бұл мәселеде тағы да екiге жарылды. "Экозащита" тобы өздерiнiң тәуелсiз сараптамаларын жүргiзiп отыр. "Собеседник" сайтына сұхбат берген осы топтың тең төрағасы Владимир Сливяк Ресей АЭС-терiнiң апатқа дайын емес екендiгiн айтып дабыл қаққан.
– Ресейдегi барлық АЭС-те жаңа технологиялар жоқ. Әсiресе "чернобыль типтi" РБМК-1000 реакторы Ленинград, Курск және Смоленск атом станцияларында әлi күнге дейiн жұмыс iстейдi. Олардың барлығы –11. Сондай-ақ ВВЭР-440 бiрiншi буын реакторларының да қауiпсiздiк деңгейi тым төмен. Ол Кольск және Нововоронеж станцияларында қолданылады. Тiптi екiншi буынның ВВЭР-1000 реакторларының өзi осында 30 жылдың алдында, Чернобыль апатынан бұрын салынған. Ресейден өзге бұл реакторлар Шығыс Еуропаның бiрнеше елiнде бар едi. Олар Еуроодаққа кiрерде бұл реакторларды жабуға мәжбүр болды. Бiрiншi буынның блоктары 30 жыл бойы жұмыс iстеп келедi. Бiрақ "Росатом" олардың мерзiмiн тағы 15 жылға созды, – дейдi эколог.
Бiрақ экологтардың дабылын елең қылмаған Ресей басшылығы олардың қатысуымен салынған АЭС-тердiң 9 баллдық жер сiлкiнiсiне төтеп берерiн айтып бағуда. Түркияның "Аккую" елдiмекенiне салынатын АЭС 8 баллдық жер сiлкiнiсiне есептелген екен. Түркия билiгi бұл жобаны қайта қарап, 9 баллдық жер сiлкiнiсiне төтеп берердей жасау қажеттiгiн айтып отыр.
 

ҚАЗАҚСТАН ДА АТОМ ЭНЕРГИЯСЫНАН БАС ТАРТПАЙДЫ

Ресейдiң атом электр станциясын сонымен қатар Қазақстанда да салу жайлы келiссөздердiң басталғанына бiраз уақыт. Бiрақ ресми билiк АЭС салуға мүдделi екенiн жеткiзгенiмен әлi күнге дейiн арнайы бiр шешiмге келе қойған жоқ. Елiмiз әлемде уран қоры жағынан екiншi орында. Соңғы бес жылда Астана Ресеймен бiрлесiп елiмiздiң батысында, шығысында және орталығында АЭС салу идеясын жиi көтерумен келедi. Жақында Астанадағы электр энергетикасын дамыту мәселесiне арналған VII республикалық кеңесте Индустрия және жаңа технологиялар вице-министрi Дүйсенбай Тұрғанов АЭС салу идеясынан бас тартудың қажетi жоқ деп мәлiмдедi.
"Бiздiң пiкiрiмiзше, Қазақстанда атом электр стансасының құрылысын салу идеясынан бас тартудың ретi жоқ. Атап айтқанда, бұл тұрғыда қаралатын жобалар тыңғылықты зерделенiп, сапалысы ғана iрiктелiнуi тиiс. Яғни қауiпсiздiк мәселесi айырықша назарда болуы тиiс", – дедi вице-министр.
Оның сөзiне қарағанда, бүгiнде Үкiмет тарапынан мақұлданған атом энергетикасын дамыту бағдарламасы қазiргi кезде Президент аппаратының қарауында жатыр. Бұл бағдарламада қауiпсiздiк мәселелерi барынша ескерiлген. Дегенмен де оған кейбiр түзетулер енгiзiлуi мүмкiн.
"Осы мәселелердi ескере отырып, атом электростанциясы Қазақстанда болуы тиiс. Елiмiзде бұл тұрғыда барлық жағдайлар бар. Уранның қоры бойынша елiмiз әлемде екiншi орында. Ал оны өндiру бойынша алдыңғы орындамыз. Сондықтан бiзде бұл саламен айналысуға барлық алғышарттар бар", – деп атап өттi Д.Тұрғанов.
Бұл тұрғыдан сарапшылар пiкiрi тағы да екiге жарылып отыр. "Табиғат" экологиялық одағының жетекшiсi, Қазақстан президенттiгiне үмiткер Мэлс Елеусiзов Қазақстанда АЭС салуға үзiлдi-кесiлдi қарсы екенiн айтады. Оның пiкiрiнше, Қазақстан энергияның балама көздерiн дамытуға күш салу керек. Бұл ойын ол шығысқазақстандық сайлаушылармен кездесу барысында жеткiзген. "Мен қашанда АЭС салуға қарсы болдым. Оның апатынан ешкiм сақтандырылмаған. Оны салу және пайдалану үшiн аса қомақты қаржы керек. Бiрақ АЭС бар-жоғы 20-30 жыл ғана жұмыс iстейдi. Егер бiз алдағы 20 жыл iшiнде экологияға жөндi назар аудармасақ, Жер бетiндегi температура тағы 3 градусқа жылиды. Бұл адамзаттың құруына бастайды. Адамзат қазiрдiң өзiнде 40 пайыз тұщы судың мұздықтарынан айрылды. Бұл – процестiң басы ғана", – дейдi Мэлс Елеусiзов.
 

АТОМ ЭНЕРГИЯСЫНА БАЛАМА БАР МА?

Адамзат әзiрге атом энергиясына балама боларлық энергия көзiн таппай отыр. Атом энергиясы күнi бүгiнге дейiн дәстүрлi болып келген жылу энергиясын алмастыратын бiрден бiр энергия көзi. Гидроэнергетика үшiн су ресурстары тапшы. Сол себептi де экономикалық тұрғыдан атом станциясынан бас тарту тиiмсiз. Атом электростанцияларының жылу және гидроэлектростанциялар алдындағы ерекшелiгi: зиянды қалдықтар, газды бөлiнулер жоқ, iрi көлемде құрылыс салудың да қажеттiгi туындамайды. Су қоймалары мен құнарлы жерлердi су астына жасырып қоюдың да қажетi жоқ. АЭС-тен гөрi жел және күн сәулесi энергиялары ғана экологиялық тұрғыдан таза. Бiрақ жел станциялары мен күн станцияларының қуаты әзiрге тым аз. Адамзаттың арзан энергия көзiн пайдалану қажеттiгiн қамтамасыз ете алмайды.
Бiрақ атом станциясын пайдалану зиянды радиоактивтi заттардың жиналуына алып келетiнiн ұмытпау керек. АЭС салу арқылы осы қалдықтарды зиянсыз көму мәселелерi де туындайды. Сол үшiн әлем радиоактивтi қалдықтарды көметiн ұзақ мерзiмдi қоймалар жасауды қолға алған. АЭС-тi пайдалану қауiптi радиоактивтi қалдықтармен қатар қоршаған ортаға басқа да зиянды энергия бөлiп шығарады. Осылайша адамзат екi айырық жолдың қайсысын таңдарын бiлмей, тығырыққа тiрелуде.


 

Есенгүл Кәпқызы

http://www.turkystan.kz/page.php?page_id=38&id=5860


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер