№1 ғарышкер Гагарин бе? - Әлем|12 Сәуір 2011, 09:38
BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

№1 ғарышкер Гагарин бе?

Кеңес ғарышкерлері туралы шындық пен қауесет

Ғарышкерлер де өзіміз сияқты қарапайым адамдар. Кәдімгі пенделерге тән кемшіліктер мен осалдықтар оларға да тән. Бірақ, олардың бәрін сол тұстағы партиялық басшылық жасырын жауып келді. Ол да керек болған шығар. Қазір уақыт өткенде соның бәрі алдымыздан шығып отыр. Шындықты мына деректерден білуге болады.
Деректерде 1961 жылы Гагариннiң алғашқы ғарыш кеңiстiгiне көтерiлгенiне дейiн 11 ғарышкердiң қаза тапқандығы айтылады. Бiз Гагариндi адамзат баласындағы тұңғыш ғарышкер ретiнде қабылдадық. Ол – тарих. Өзгертуге, бұрмалауға қақымыз жоқ. Бiрақ, Гагаринге дейiн Орбитада өзге ғарышкердiң болғандығы жөнiнде әңгiме айтылып жүр.

Соның бiрi – Кеңес авиаконструкторы Ильюшиннiң ұлы Владимир Ильюшин. Ол туралы 1999 жылы режиссер Эллиотт Х.Хаймофф «құбыжық ғарышкер» атты документальды фильм де түсiрген. Құжаттарға сүйенiп түсiрiлген фильмде Ильюшиннiң 1961 жылы 6-сәуiрде Байқоңыр космодромынан ұшып шығып, Жер шарын үш рет айналып, Қытай аймағында апатты жағдайда қонуға мәжбүр болады. Бiрнеше жерiнен ауыр жарақаттанған ғарышкер алғашында Қытайда емделiп, кейiн елге қайтарылады. Сол жылдың соңында Ильюшин әуе апатынан белгiсiз жағдайда қаза табады. Оның өлiмiн билiк ашық жазып көрсетуге тыйым салады.
2001 жылы ғарышкерлер орталық бюросының аға инженерi Михаил Руденко «Интерфакс» агенттiгiне берген сұхбатында Гагаринге дейiн ғарышта үш ғарышкердің: Ледовскихтiң (1957ж.), Шабориннiң (1958ж.), және Митковтың (1959ж.) қаза тапқанын айтады. Ал, журналист, «№1-шi ғарышкер» атты кiтабында келесi бiр №1-шi ғарышкер саналып жүрген Белаконов дегеннiң ғарышта қаза тапқанын жоққа шығарады.
Ғарышкерлер туралы түрлi қауесет мұнымен бiтпейдi. Венгер публицисi Иштван Немере өзiнiң «Гагарин және ғарыштағы қауесет» атты кiтабында Гагариннiң өмiр тарихы туралы тағы бiр пiкiр айтады.
Немере Гагариннiң ғарышқа ұшуын насихаттық мистификацияға жатқызады.
1961 жылы Америка КСРО-ның ғарышқа тұңғыш спутник ұшырғанына сенерiн де сенбесiн де бiлмей, жедел түрде орбитаға 42 спутник ұшырады. Осыдан соң американдықтар 1961 жылы 5-мамырда бортында №1-шi ғарышкер Алан Шеппард басқаратын тұңғыш ғарыш кемесiн ұшыруды жоспарлайды. Қашан да бiрiншi болуды көксейтiн Кеңестер Одағы Американы «басып озып» асығыс түрде ғарышқа жоғарыдағы Ильюшиндi ұшырады. «Асығыс – шайтанның iсi» деген. Ол кезде Ильюшиннiң жерге қайтып оралуын бұқаралық ақпарат құралдарынан көрсету мүмкiн емес едi. Оның үстiне Ильюшиннiң жердегi басқару орталығымен болған радио әңгiмесiн де америкалық барлау қызметi тыңдап жазып алады.

1961 жылы 12-сәуiрде Мәскеудiң барлық радиостансаларында Гагариннiң «Восток» кемесiмен ғарышқа ұшқанын хабарлайды. Ал, бұл күнi Батыстың барлау қызметi Жер мен космостың арасында ешқандай байланыстың болмағанын тiркейдi. Бұған тағы бiр дәлел бар. Оған Гагариннiң өз сөзi де куә. «Советская Россия» газетi ұшу кезiнде Гагариннiң үстiнде көгiлдiр скафандр болды десе, ғарышкер өзi жазған мемуарында скафандрының түсi ашық сарғыш болғанын айтады.
Гагарин тағы бiр сөзiнде ғарышта Оңтүстiк Американы көргенiн айтады. Бұл да шындыққа жанаса бермейдi екен. Себебi, Оңтүстiк Американың үстiнен ұшып өткенде сағат тiлi түңгi 2-ге сәйкес келiптi. Журналистермен болған баспасөз конференциясында кезектi бiр өтiрiктiң ұшығы көрiнiс берiп қалады. Шетел журналистерiнiң: «Ғарышта түсiрiлген суреттер қашан жарияланады?» деген сұрағына, «Мен де ол кезде өзiммен бiрге камера болмады», – деп жауап бередi. Егер, ұшқышсыз басқарылатын ғарыш кемелерiнiң өзiнде суретке түсiретiн арнайы камералардың болатынын ескерсек, №1-шi ғарышкердің айтқаны дәлелге жатпайтыны көрiнiп-ақ тұр.
Осы сөздерден кейiн-ақ, Гагариннiң көңiл-күйi құлазиды. Оның ғарышқа шын мәнiнде ұшуға деген ниетi оянып, ол ойы орындалмаған жағдайда шындықтың бәрiн бүкпесiз айтуға баратынын мәлiмдеуi, оның өлiмiне жол ашып бердi деушiлер де бар. Гагариннiң ұшағы 1968 жылы 27-наурызда белгiсiз жағдайда опат болды. «Ресми қазанамада оның «денесiнiң сау тамтығы қалмағаны» айтылса, үстiне киген киiмiнiң ағаш басының ұшында бiр сызат түспей iлiнiп қалғанын қалай түсiнуге болады? Тағы да сұрақ.
Жақында тұңғыш кеңес ғарышкерi Юрий Гагариннiң өмiрi қиылған әуе апатын ұзақ жыл зерттеген сарапшылар өз деректерiн жария еттi. Олардың болжамдары бойынша, ғарышкер мен бапкерi Серегиннiң өлiмiне олардың ұшу кезiнде дүрлiгуi себеп болғандығы айтылды. 3 мың метр биiктiкте МИГ-15 оқу-жаттығу истребителi кабинасында ауа бiте бастағанда, ұшқыштар қатты сасқалақтап, басқару түймелерiн үстi-үстiне баса берген көрiнедi. Ұшақты басқару мүмкiн болмаған кезде әбден тұншыққан Гагарин мен Серегин есiнен танып, соңы қайғылы жағдайға апарады.
Мамандар әуе апатының негiзгi себебi жаттығу ұшағындағы желдеткiштiң ашық қалуы деп айтады. Чкалов аэродромынан көтерiлген МИГ-15 арада 15 минут өтпей жатып байланыстан шығып, Владимир облысының Новоселова деревнясына апатты жағдайда құлаған. Бiр таңқаларлығы, Юрий Гагарин ұшар алдында әйелiне қоштасу хатын жазып қалдырған.
Неге, тағы да сұрақ?
Жалпы, космос әлемiне кiретiн барлық мәселе өте құпия сақталып келдi. 1991 жылы Кеңестер Одағы тарағаннан соң, оның кейбiр сырлары ашық жазыла бастады. Әйтсе де, бiз бiлмейтiн құпиялар әлi де сол күйiнде сақталып отыр. 1960 жылы 24-қазанда Байқоңыр космодромында болған апат кезiнде 200 адамның тiрiдей өртенiп кеткенiнiң сыры ашылмай қалды. 15 метр биiктiкке көтерiлген өрт жалыны жанар-жағармай сыйымдылығының бiрiншi басқышында болған өрт апатынан туындаған едi. Космоновтар арасында ұшу реттiк санына байланысты ұшқыштар да нөмiрiмен аталып жатады. Бұл ендi жазылмаған заңдылық. Гагариннен кейiн ғарышқа Григорий Нелюбов ұшуы тиiс-тiн. Бiрақ, кезектi бiр көңiл көтеру кезiнде мас күйiнде әскери патрульмен төбелесудiң салдары оны ғарышкерлер қатарынан шеттетiлуге апарып соқтырған. Арада бес жыл өткен соң, әбден қорланған Нелюбов өз-өзiне қол салып, өмiрмен қоштасудың жолын iздеген. Әскери атағы мен қызметiнен төмендетiлген ғарышкер 1966 жылы 18-ақпанда Қиыр Шығыс темiр жолына қарасты Ипполитовка стансасында мас күйiнде пойыздың астына түсiп өлген.
Тұңғыш ғарышкерлер қатарына үмiткерлер 1960 жылы таңдап алынған. Олардың негiзiн 30-дан аспаған, салмағы 70 килограмм, бойы 170 сантиметр болатын реактивтi ұшақтардың ұшқыштары құраған. 3 мың үмiткердiң арасынан психологиялық және бiлiмi мен денсаулығы мықты 120 адам алғашқы сынақтан өткiзiлiп, кейiн олардың арасынан 20 адам таңдап алынған. Олардың iшiнен 12-сi ғарышқа ұшырылып, 8-i түрлi жағдайлармен ғарышкерлер қатарынан шығып қалған.
Ғарышкерлер қатарында қыз-мет бабын орындау кезiнде ең алғашқы қаза тапқан ғарышкер-полковник В.Комаров. Ол 1967 жылы «Союз-1» кемесiмен Жерге оралу кезiнде порашютi ашылмай қалып, қаза табады.
1971 жылы 30-маусымда «Союз-11» экипажының мүшелерi ғарышкерлер Добровольский, Волков және Пацаев Жерге 4 шақырым қалғанда сыртқы атмосфераның қысымына шыдамай кабина iшiнде қаза тапқан.
Ғарышкерлер арасында «жұлдыз ауруына» ұшырағандар да бар. Сондай ғарышкердiң бiрi – №2-шi ғарышкер Герман Титов. Арқасында бiр қап буы бар №2-шi ғарышкер жерге оралысымен өзiмшiлдiк, менмендiкке бой алдырып, алдына келгендi “тiстеп”, соңынан келгендi “теуiп” тастайтын күйге түскен. Румынияға барған бiр сапарында жанында тұрған күзетшiлердi көзге iлмей, көлiгiнен түсе салып, румын полицейiнiң мотоциклiн айдап кетiп, ресми кортежге қосылып кете барған. Тағы бiрде «Молодая гвардия» журналының тiлшiсiмен (әйел) орманда серуендеп жүргенде алаңғасарланып, барлық құжаттарын ұрлатып алған. Келесiде желiгiп жүрiп, сұлу бiр бикештiң исiне елiтiп, үйiне шығарып салмақ болғанда, көлiгiн жүргiзе алмай, жол жиегiне соғып, өзi әупiремдеп аман қалса да, жанындағы әдемi қызды өлтiрiп алған. Сұлу бикештi жерлеу рәсiмiне 180 сом рубль берiп, ұлын Суворов әскери училищесiне оқуға түсiрiп, жазасын жеңiлдеткен.
Әйелдердiң арасынан шыққан тұңғыш ғарышкерiмiз Валентина Терешкованың да бiр басына жететiн дауы бар болып шықты. Онымен бiрге дайындалған Валентина Пономареваның денсаулығы, бiлiмi, әскери дайындығы күштi болса да, өзiн еркiн ұстайтындығы, той-думанды жақсы көрiп, алдына тартқанды кейiнге ысырмай, жұтқыншақтан асырып жiберетiндiгi кедергi келтiрiптi. Бұл әрекет идеологиялық жағынан ұстамсыздыққа сайып, Терешковаға жол ашып берiптi. Алайда, Терешкова да ғарыштан оралған бетте құрбысының мiнезiне салып, ара-тұра қиқарлық мiнезiн көрсетiп қоятынды шығарыпты. Көлiк рөлiне отырғанда МАИ қызметкерлерiне бағынбай, оларға өктемдiк көрсетуге дейiн барған көрiнедi. Оның асатсаң қоя салатын, асатпасаң жоя салатын мiнездерi де көпшiлiктi мезi етсе керек.
Ғарышкерлердiң бәрiне Жұлдызды қалашықтан жақсы жабдықталған үй берiлген. Арнаулы нөмiрлi жеңiл көлiктер де берiлген. Мәселен, Гагаринге 00-01 ММО, Титовқа 00-02 ММО сериялы «Волга» көлiгi сыйға тартылып, ай сайын оған 100 литр жағармай босатуға талондар берiлiп тұрған. Ғарышкерлер туралы сөз мұнымен бiтпек емес…

Азат ҮСЕН,
Алматы қаласы

http://ushqiyan.kz/?p=3560#more-3560


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер