Құрылыстың «қызығын» қырғыз бен өзбек көріп жатыр - Мезгіл мәселесі|23 Тамыз 2016, 17:34
BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

Құрылыстың «қызығын» қырғыз бен өзбек көріп жатыр

Былтырғы жылдан бастап еңбек мигранттарына қатысты жаңа заң талаптары бекітілгеннен кейін, елімізге нәпақа табу мақсатында сырттан келетіндердің саны күрт азайғандай көрінген. Алайда, биыл осы мигранттардың көші қайта қарқын алып, өңірдегі құрылыс нысандарында қырғыз ағайындардан бастап, барлық ұлт өкілдері төбе көрсете бастады. Осыған орай, аталмыш шетелдік азаматтардың облыста еңбек етуі қаншалықты заңды және оларға қандай талаптар мен шектеу қойылып жатқанын құзырлы мекемеден білген едік.

Облыстық ішкі істер департаменті көші-қон полициясы басқармасы берген мәліметке сүйенсек, ағымдағы жылдың бес айының өзінде өңір шекарасынан 28 568 шетелдік азамат өткен екен. Оның 5200-і облыс аумағында болу құқығын заңдастырған. Яғни, бұлар аймақта жұмыс жасау үшін келген азаматтар. Ал, былтыр құрылыс жұмыстарына келген шетелдіктер жыл ішінде 3000 адамды құрағанын ескерсек, биылғы бес айдағы көрсеткіш алдыңғы межені екі орап кетіп отыр.

Енді бұл шетелдік жұмысшылар облыстың қай аймақтарында еңбек етіп, қалай табыс тауып жатыр дегенге келсек, олардың әр қадамы көші-қон полициясы басқармасының жіті бақылауында. Бұл жайында бізге аталмыш мекеменің инспекторы Арай Айымбек тарқата айтып берді.

– Қазір облысқа Өзбекстан мен Қырғызстан азамат­тары­ның көптеп келуі байқалуда. Олардың бірқатары өңірімізді жолай өтіп жатса, екіншілері табыс табу үшін келіп жатқандар. Міне, осылардың әр қадамын қазір мұқият бақылап отырмыз. Өйткені, «Еңбек миграциясын реттеу туралы» жаңа заң талабына сай, елімізге жұмыс жасауға келген әрбір мигрант ай сайын салық төлеуге міндетті. Сондай-ақ, жұмыс берушімен келісімшарт жасасып, тек жекеменшік секторларда еңбек етуге құқылы. Яғни, олар кәсіпорынның немесе мемлекеттік маңыздағы әлеуметтік нысандардың құрылысын жүргізе алмайды. Бір сөзбен айтқанда, әрбір жұмыс беруші тек өзінің ауласындағы құрылысқа ғана осы еңбек мигранттарын пайдалана алады.

Жасыратыны жоқ, бүгінде халықтың құқықтық санасы жоғары дегенімізбен, әлі де болса, осы заң талаптарын белден басушылар аз болмай тұр. Мәселен, ағымдағы жылдың бес айының өзінде 2 222 мигрант әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Оның 30-ы облыс территориясынан шығарылды. Сондай-ақ, 29 шетелдік азаматқа қылмыстық іс қозғалды. Бұдан бөлек, 28 жұмыс берушінің үстінен заң талаптарын бұзғаны үшін әкімшілік іс қаралды. Басқарма тарапынан жүргізілген тексерістер нәтижесінде осындай заң бұзушылықтар анық­та­лып, қазір жаза басқандардың барлығы қатаң жазаланды, – дейді Арай Данабекқызы.

Басқарма инспекторының сөзіне сүйенсек, қулыққа салып, заңды айналып өтпекші болғандар жазадан құтылмапты. Алайда, небәрі бес айдың ішінде мұндай көлемдегі заң бұзушылықтар қалай тіркелген? Әлде, еңбек мигранттары туралы жаңа заң талаптарының облыста әлі әмірі жүрмей тұр ма?

Басқарма инспекторы Арай Айымбектің айтуын­ша, жаңа заң талаптары елімізде енді күшіне еніп жатқандықтан көптеген түсінбеушіліктер орын алып жатқан көрінеді.

– Жалпы, кез келген жұмыс беруші еңбек мигранттары туралы заңға сай, 5 шетел азаматын ғана жұмысқа алуға құқылы. Міне, осы талапты ел азаматтары түсінбей, заңсыздықтарға жол беруде. Сондай-ақ, еңбек мигранттарына облыста 1 ай мен 1 жыл көлемінде жұмыс жасауға рұқсат берілсе, осы уақытын өткізіп алатындар көп. Бұдан бөлек, салықты дер кезінде төлемей, тәртіптік жазаға тартылып жатқандар да аз емес. Десе де, басқарма тарапынан тұрғындарға түсіндірме жұмыстары тұрақты жүргізіліп, алдыңғы айда ғана «Заңсыз келуші» рейдтік шарасы ұйымдастырылды. Жоғарыда аталған заң бұзушылықтардың барлығы осы рейдте анықталған. Енді қыркүйек айында тағы бір тексеру жүргізу жоспарда бар. Осылайша заң талаптарын түсіндіру мен шектен шыққандарды шынжырлау мекеменің жіті бақылауында тұр, – дейді басқарма инспекторы.

Иә, басқарма маманы осындай уәж айтуда. Әрине, жүргізілген тексерістерге айтар сын, тағар мініміз жоқ. Алайда, осы жұмыс берушілер мен мигранттар былтыр күшіне енген заң талаптарын түсінбей жатыр дегенге әй, сену қиындау. Себебі, қандайда болмасын заңның қыр-сырын әр елден табыс тауып жүрген осы еңбек мигранттарынан артық ешкім білмес. Сондай-ақ, жұмыс беруші де шетел азаматын жұмысқа алмай жатып, өз құқығын егжей-тегжейлі зерделеп алатыны айдан анық.

Тағы бір айта кетерлігі, жаңа заң талаптарына сай жұмыс беруші еңбек мигрантының төлқұжатын алып қоюға құқығы жоқ. Алайда, ел азаматтары бұл шектеуді де елемей, өзбек, қырғыз ұлттары өкілдерінің құжатын түгелдей жинап алып, жұмысы біткеннен кейін ғана қайтарып жататын көрінеді. Бұдан бөлек, аудандарда жүріп жатқан мектеп, балабақша, тұрғын үй құрылыстарында қырғыздар тығылып, өзбектер өз елінде жүргендей еркін жұмыс жасап жүргені айтпаса да белгілі факт.

Әрине, ешкімнің табысын қызғанбаспыз. Оған қоса, қазаққа қарағанда өзбектер құрылысты жылдам аяқтайтыны байырдан белгілі. Бұған қазір мердігерлер де анық көз жеткізген. Сондықтан, тәуекелге барып, әлде «әке, жәкесін» салып жатып, әйтеуір құрылыс басына өзге ұлт өкілдерін алдыруға тырысады.

Мүмкін, бір қырынан құрылыстың жылдам аяқталуы үшін осындай жұмыс күші қажет шығар. Алайда, қулыққа салып, өз құқығын асыра пайдаланатындар заң бәріне ортақ екенін ұмытпағаны абзал.

Саятхан Сатылғанов

ar-ay.kz


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер