Мұхтар НИЯЗОВ: "Адамдық өлмесе екен жер бетінде" - Мәдениет|07 Желтоқсан 2016, 10:50
BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

Мұхтар НИЯЗОВ: "Адамдық өлмесе екен жер бетінде"

Биыл бесінші мәрте өткізіліп отырған айтыстың эль-классикосы «Алтын домбыра-2016» сөз сайысын­да сөзі жебе, ойы ұшқыр жерлесіміз Мұхтар Ниязов екінші рет бас жүлдені иемденіп, ауыспалы жүлдені мәңгілік­ке айналдыруға бір қадам жақындай түсті. Кеше Сыр жұртшылығы арамызда жүрген «алтын баласын» арқалап ұшқан самұрық құстың жо­лын күтіп әуежайға жиналды. Ыстық ықыласымен, гүл шоқтарымен күткен арқа сүйер еліне арқалы ақын дән риза.

Ал осы аралықта сөз ауырын көтеріп Илья Ильиннің рекордын (біз үшін мәңгілік чемпион!) қайталаған Мұхтардың жеңісіне күмәнмен қарайтын жандар әлеуметтік желіні шулатып жатқаны да жасырын емес. Осыған орай фейсбук әлеуметтік желісінің белсендісі, ақын Ғабит Қадірбайдың өз парақшасына жариялаған постын қосып бергенді жөн көріп отырмыз.

«Айтыс сыншылары не деген көп?! Құдая тоба, осыншама «сыншылары» бар төл өнеріміз қарыштап дамып, екінің бірі неғып домбыра ұстап, өлең құрап кетпей жүр, а? Әй, осы Мұхтар қырғыз жеріндегі халықара­лық айтыста, кешегі Сырдағы халықаралық айтыста, жалпы, биылғы айтыс біткеннің бәрінен сыпыра ұтқан бәйгесінің бәрі әділетсіз болғаны ма? Әлгі бір блогерсымақ әйел не деп шулатып жатыр? Барлық жақсы нәрсені көлеңке бетінен «көретін» сондай мешеулердің айтағына неғып ергіш бұл халық? Бір ауыз бірдеңе деп Болатбектің өзі тоқтам жасамаса, Мұхтардың өзі «соншама шауып нем бар еді?» деп ыңғайсызданып жүрген шығар...

Мұхтар бауырым! Келесі жылы тағы да осы айтысты ұт та, андағы үш килә алтынды Сырға алып келші! Сенің дарының өзің қатысқан барлық айтысты ұтуға жетеді!»

Бұл Сырдағы шын жанашыр жанкүйер­лер­дің бірінің ғана назы. Ал барлық «даттау­шы» мен жақтаушыға ақтық сында Жансая Мусина «жолымды бердім» деген кезде Мұхтар айтқан бір-екі ауыз өлеңнің өзі-ақ жауап беретіндей.

«Салмақ салып сөйлейін мен де тілге,

Бағымның жануына ел кепіл ме?

Раxмет, сен жол беріп жатқаныңа,

Бақыт ол өз бағаңды өрлету де.

Бұл дүние жалған ғой, Жансаяжан,

Жөн айтасың, қадірді сен кетірме.

Кешегі Шыңғыс xандай қаған қайда

Жарты әлем нұры ойнаған келбетінде?

Ал солардың мыңғырған малы қайда

Күн сайын жарайтұғын төлдетуге?

Ақсақ Темір секілді патша қайда

Айналған артындағы қол нөпірге?

Ал олардан қап кеткен жылқы қайда,

Жарайтын таудан төмен селдетуге?

Бәрі жоқ, бәрі де өлген, бәрі жалған,

Қара да өлген, өмірден xан да өтуде.

Сондықтан, сыйластықты жоғалтпайық,

Жараспас бүгін бізге кер кетуге.

Арамызда сыйластық қана қалсын,

Айдың нұры түскендей көл бетіне.

Адамдардың өлуі заңдылық қой,

Адамдық өлмесе екен жер бетінде!»

Ұ.БЕКҰЗАҚҰЛЫ


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер