BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

Таразда ерекше байқау басталды

Тараз, BAQ.KZ тілшісі. Бұл жөнінде Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында «Жамбыл-Тараз» газетінің бас редакторы Эльмира Мырза-Ғали мәлімдеді.

«Бүгінгі жастар тарихы тереңде жатқан халықтың өткенінен тағылым алып, келешегі жарқын болуы үшін тәуелсіз еліміз берген барлық мүмкіндікті мүлт жібермесін деп, «Жамбыл Тараз» газеті тағы бір бастаманы қолға алып отыр. Өздеріңіз білесіздер, аталған газет қаланың соңғы жаңалықтарын, тыныс-тіршілігін, зор жетістіктері мен әлеуметтік ахуалын алғашқылардың бірі болып оқырманға ұсынатын ақпарат құралдарының бірі. Біздің кезекті жобамыз «Кітап оқып, миллионер бол!» атты байқау. Жобаның негізгі мақсаты – балаларды кітап оқуға баулу болып табылады», - деді бас редактор.

Эльмира Мырза-Ғали аталған байқау осы жолы сәтті жүзеге асырылса, келесі жылы облыстық деңгейде өткізілуі әбден мүмкін екенін атап өтті.

«Жоба шарты бойынша ақылдастар алқасы құрылды. Алқа төрағасы - белгілі жазушы Несіпбек Дәутайұлы. Ақылдастар алқасы бірлесіп отырып 100 кітаптан тұратын тізімді жасадық. Оның тең жартысы қазақ, қалғаны орыс тілінде ұсынылды. 5-7 сынып оқушылары кемінде 15, 8-11 сынып оқушылары кемінде 20 кітапты оқу жылының соңына дейін оқып шығуы тиіс. Бұл межеден асқан адам байқау жеңімпазы болып танылады», - деген ол жеңімпазды анықтау оқылған кітаптар бойынша сұрақтар қою әдісімен анықталатынын жеткізді.

Белгілі болғандай, кітап оқуға ынталандыратын байқаудың жүлде қоры 3 млн теңге.

«8-11 сынып аралығындағы жеңімпаздар үшін 1 орынға – 1 млн, 2 орынға – 500 мың, 3 орынға – 250 мың, 5-7 сынып аралығындағы жеңімпаздар үшін 1 орынға – 500 мың, 2 орынға – 300 мың, 3 орынға – 250 мың белгіленіп отыр. Қалған сома байқауға қатысып, іріктеу сынына өткен оқырмандардың барлығына ынталандыру сыйлығын даярлауға жұмсалмақ», - деді жоба бастамашысы.

Байқау қорытындысы 2019 жылдың 22 мамырында белгілі болады.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер