BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

Сегіз жолдан сегіз томға дейін

Астана. 29 мамыр. Baq.kz - Әңгімемізді әріден бастайық… Оның өзі алпысыншы жылдар: біздің бәріне таңдана қарайтын, жаңалыққа елеңдеп, жақсылыққа ұмтылып, көңілдің кұлыншағы шартарапқа шапқылап, алқынып алыпұшқан балауса кезіміз. Әуестігіміз артып, арманымыз ақша бұлттармен бірге қалықтап, қанат біткен бозторғай көңіл бұла шақ. Дәлірек айтсақ, «Қазақстан пионері» газетіне қысқа-қысқа хабар-ошарымыз шығып, мектепке «сыймай» жүрген кезіміз, ауданға да атымыз шығып қалған. Өзіміз бір топпыз. Нөмір сайын газеттің бояулы әдемі бетінде ұшырасып жатамыз: Жанат Елшібеков, Слам Нұрмағамбетов, Ырым Кененбаев, Қайсар Әлімов, Юлай Масалин, Дәулет Исабеков… Соның ішінде Торғайдан жазатын Қайсар Әлімов деген баланың екпіні ерен. Жазуы да атына сай тынбайды, мектептегі, ауылдағы болып жатқан оқиға, жаңалықтарды қаз-қалпында суреттеп хабарлайды да жатады. Бозбала кезде осылай танысып-білісіп, көрмесек те көргендей боп үйлесіп, жақындасып жарасып кеткен Қайсар доспен жолымыз осылай басталған. Қазақ журналистикасының қара жолында қатар басып, қызығы мен шыжығын, суығы мен шуағын, өмірдің бар райы мен шырайына толы қанатты күндері мен жоталы жылдарын бірге кешіп келе жатырмыз. Кешегі қауырсын қанат Қайсар бүгінде журналистиканың қасқа жолында ақбоз арманы шындыққа айналған, діттеген биігіне шығып, өмірсерік қаламының өркені мен көркемін көріп отырған жазушы-журналист.

Біздің алдымызда жатқан шығармаларының басын қосқан сегіз томдық соның шырайлы шындығы, бәрекелді дегізер айғағы. Көз бен көңілді бірден аудартар, қанға сіңісті боп кеткен қаламгерлік ынтазарлық пен қызығушылық әп дегенде шығармалардың тақырыптарына ауды. Өмір бойы еңбекқорлықты кредо еткен, өзіне тән тақырыбын қаузауда қаламының қара терін аямай тереңнен тартып, тігісін жатқыза жазудың бар сырын ойына түйіп, бойына сіңіре білген қаламгер көңіліне қонақтаған қай тақырыпты да қапысыз қаузағаны байқалады.

Соның бір соқталысы – Алаш ардақтысы Міржақып Дулатовтың мәйітін 57 жылдан соң Карелиядан әкеліп, туған жері – торқа төрі Торғайға қайта жерлеу экспедициялық сапарының басы-қасында болған Қайсардың қаламынан туған «Мұңды сапар» атты тарихи-тағылымды хикаяты. Арғы-бергі деректерді ақтара отырып ақтаңдақтардың тозағы мен азабын тартып, қараулық пен қатыгездіктің темір торында мерт болған қазақтың ғасырда біртуар ұлы тұлғасының трагедиялық тебіреністі сәті – қабырға қайыстырған қайғылы да қапалы, мұнарлы да мұңды сапары жайлы жазылған хикаяттың өрімі азалы шындыққа толы. Сапар барысын баяндауда ойпыр-ай дегізіп ойландырар, адам санасын шоқ басқандай сілкінтер, жарық сүйген жүректі шым еткізер сәттер мол. Еріксіз есте қаларлықтай қуанышы мен күйініші аралас мұңды сәттің лүпілі келеді.
Тәуелсіздіктің арқасында қара бастың қамы емес, елінің ертеңін ойлаған, халқының қамын жеген, ұйықтап жатқан ұлттық санамыздың қалғи бермей оянуына жар салып, алғы күндердің Алаш боп атуын армандап қапыда кеткен қайран ерлердің жабулы жатқан есімдері қайта тірілді, қайта қауышты. Осы процестің алғы шебінде журналистер мен жазушылар ерекше белсенділік, ерекше ұлтжандылық танытқан сапта Қайсар достың белсене кіріскен журналистік бес қаруы белінде болғаны тәнті етеді.
Қаламгердің тосын, тың қадамға батыл баруы да алымды. Онысы қазақ әдебиетінде кенже қалып, қатарға қосыла қоймай келе жатқан эпистолярлық жанрға ден қоюынан көрінеді. Бұл ретте Қайсардың атақты қаламгер, ең оқырманы көп әйгілі «Ақиқат пен аңыздың» авторы Әзілхан Нұршайықовпен жазысқан хаттары сыйластық пен сырластықтың, өмір мен әдебиеттегі әдемі үндестіктің ұзақ жылдардағы жемісі дерліктей. Дәлірек айтсақ, отыз жылға жуық мерзім шеңберінде ағалы-інілі қаламгерлер үздіксіз үн қатысып, өмір мен әдебиет әлеміне қос ескек боп қайық салады, бірге жүзіп сыр бөліседі. Әдемі үрдіс емес пе? Ғажап қой. Мұндағы әрбір үшбу хабар қайталанбайтын өмір лүпіліне толы, әр хатта уақыттың үзік-үзік тынысы, сол күндердің боямасыз беттері, қоғамның күйі мен кейпі, ойы мен сөзі сөйлейді. Қайсардың әр хатына Әзағаң аса ықтияттылықпен, айрықша ағалық ықыласпен жауап береді. Жазушының парасаты мен пенделігін, өмірдің ұсақ-түйегі мен күйбеңін, тұрмыстағы түйткілдер мен өкініштерді, ақыл-кеңестерді, әдебиет төңірегіндегі ойларын, алыс-жақын таныстары жайлы, қаламдас қатарластары жайлы айтқандары әр хаттың арқауы болып, жетелеп отырады. Оқырманның да ұтары сол: хаттардағы әңгіменің арқауынан қаламгерлік қарым-қатынастың адами болмысын танып-біледі, сөз саптаулар мен сәлем-баяндардың өнебойынан білім-пайымның деңгей қалыбын көреді, сондай-ақ өзіне қажетті қызықты детальдарды қапысыз тауып, қадағалай оқып, бағасын беріп отырады. Бұл хаттардың бір қызғылықтығы қаламгерлердің бір-біріне деген риясыз адалдығы, сәлем алмасудағы ашықтығы, нені айтса да әдебиет ауылынан алшақтамай, рухани өмірдің өзекті мәселесіне ой бұра отырып, ыңғайына қарай кеңес пікірін ортаға сала сыналай сыр шертеді. Осы хаттар арқылы эмоцияға берілмейтін, әрбір сөзге ықтияттылықпен қарайтын хат жазушылардың әдет-әдебі мен мәдениеті де байқалып қалады. Қайсардың еншілеген хаттары бұған айғақ, адал бағасын алуға лайық. Ой мен сөздің шынайы сыпатын, авторлардың жан жаратылысын, өмірге қатынасы мен көзқарасын, пенделіктің бары-жоғы мен көңіл шоғын көруге болады. Мұның бәрі эпистолярлық жанрдың қазақ әдебиетінің құнарлы топырағына қосылған, үйлесімі үндескен көркем үлес үлгісі десек, артық емес.
Қаламның жолын ашатын талмай іздену мен тынымсыз еңбек. Қайраған сайын өткірлене түсетін бәкідей ізін суытпай бабына келтіріп баптап отыру – оның алғышарты. Темірқазығы – оң жамбасыңа келетін тақырыпты тап басып таңдай да талғай білу. Осы орайда Қайсар әдеби тұлғалар жайлы жазуға бейіл танытады. Оған бар пейіл-ықыласы мен бейімдігі де бек байқалады. Елге танымал тұлғаның шынайы бейнесін, сөзін, ойын, жүріс тұрысын, мінез-құлқын, шабытты шағы мен мұңайған сәттерін, әңгімесі мен қазақы қалжыңдарына дейін қаз-қалпында жеткізуге құштар. Оқырман үшін, келешек ұрпақ үшін тағылымдық, танымдық жағынан қажеттігіне, әдебиет зерттеушілеріне таптырмайтын мол дерек көзі болатынына кәміл сенеді.
Кез келгенімізді еріксіз елең еткізер «Сыршыл Сырбай» мен «Ғафу-ғайып» эсселері асқан шеберлікпен, демі үзілмей жазылған дара дүние. Расын айтсақ, екеуі де білдей тұлғалар, екеуі де пілдей алыптар. Қай қырынан алсаң да қапысын тауып, қалт жібермей бағуың керек. Қайсардың қаламы ағаларының қыр-сырына, болмысына аптықпай, байыптылықпен бойлайды, шашауын шығармай суреттейді, кәнігі журналистік шеберлікпен бәдіздейді. Сырағаңның кеуілдіне отырып: «Қостанайдағы қайран тілшілік өмір! Жаяулап-жалпылап сапарларға шығушы едік. Өз басым газеттен көп нәрсе үйрендім. Өлеңдерімдегі нақтылық, қысқалық – сол газеттің берген жемісі. Сонымен қатар, газет фактіні жинақтап, қорытындылап, соның төңірегінде күрделі ой түюге жаттықтырады. Мақала жазудағы шапшандық, оралымдылық – газет сіңірген қасиеттер. Мен газет перзентімін. Қалам дегеннің киесі, құдіреті болады. Осыны жадыңда тұт!» деп ақыл айтуы, Ғафаңа «Арқалық қаласының құрметті азаматы» атағы берілгенде: «Өзі, маған осы атақ әлі бұйырмаған ба?» деп ақынның елді ду күлдіруі қос алыптың келбеті мен кемел болмысын,Торғайдың тусыраған боз даласындай дарқан көңілін, даңғайыр пейілін тап басып танытар орайлы да ойлы штрихтар десек, қателеспейміз.
Қайсар Әлімнің көп жылдық еңбегін па­рақтай түскенде алдымен көзге түсетіні – оның журналистік дүниелері. Дәйім қа­лауы – ойда, қадамы – жолда, қаламы қолда жү­ретін журналистің еңбегі күнделікті қажетті дүниелердің тұсауын кесіп жататыны көзі­қарақтыға белгілі қалыпты жай. Кітаптағы бір шоғыр дүниенің басын құрап тұрған да осындай дәуіртынысты дүниелер. «Мәңгілік шер» хикая­ты Чернобыль атом электр стансасында болған апат өртін сөндіруде асқан жанкештілік танытып, қара басын қатерге тіге жүріп, естен кетпес ерлік көрсеткен, қостанайлық Леонид Телятниковтің түп-тұқиян өмірін бар қырынан қөрсетіп, бояуын қоюлатпай, қаз-қалпында көрсете жазады. Батыр атануын тебірене отырып, оған өзі де қуана отырып суреттейді. Қарапайым адамның адамгершілігінің қандайлығын, елі үшін жасаған азаматтық парыздың ерлікке қалай ұласқанын үлгі ете үкілейді.
Қаламның ұшы жасыса қайта үшкірленеді, тек қаламның қуаты қайтпасын дейік. Өмірдің сан салалы ситуациялары оның көп қырлы қаламының ұшына әңгіме боп ілінеді. Оның әңгімелері шағын, оймақтай ой түйген, оқиғалы болып келеді.Тіпті, адамдардың басында болатын баяндар, тұрмыста кезігетін қарапайым жайлар болып келеді. Негізгі нысана – нәзік сәттер, адамдардың қарапайым мінездерін арқау етеді. Көргені мен түйгенін оймен үндестіреді, қарапайым болмысты биік қояды. «Қара кемпір», «Қаңбақ шал», «Аңсау», «Өгейлік», «Күнә», «Түбіт шәлі» әңгімелерінде шым-шымдап шертілер сырдың діңі мен ділі – өмір мен адам. Қарапайым тілмен айтқанда пайым мен пенде. Олардың қайғысы мен қуанышы бір-біріне ұқсамайды,тіпті бітім-болмыстары да қайталанбайды. Осылайша Қайсардың жанын тербеп жазған Ақ әжесі, Қарашасы, Әлкені, Қаңбақ шалы, Күлбаны мен Серігі, Қара кемпірі тізбектеліп өтіп, бәрімізге таныс та бейтаныс ауылдың адамдарындай жылыұшырай көрініп, өзіміз сағына еске алатын ауылдың көгілдір аспанындай әдемі әсерге бөлейді. Осындай қарапайып әңгімелер арқылы адамгершілік атты әлемнің көзге көріне бермейтін, былайғыда байқала қоймайтын, сезіле де бермейтін бұйдасыз қалтарыстарына барады, сол арқылы ой тастайды, сыр түюге мегзейді. Әңгіменің аяғын өмір деген осы деп өзіңе қалдырады.
Қайсар әдебиеттің әңгімесі айдынына да ат басын бұрады. Әдебиеттің арлы ісіне өзіне тән тазалықпен қарайды, жебір сөздің жетегінде кетпейді, соның бәрін талғап, желдіртіп желпімей жүгініп оқиды. Оқу демекші, оқудың да өз өрімі мен мәдениеті бар. Тіпті, ықылым заманның өзінде: «Оқыған кітаптарымыздың көптігі бізді тек ұмытшақ етеді. Сондықтан, қолыңда бардың бәрін оқи алмасаң, қолыңа тек оқи алатыныңды ғана ұста, соның өзі жетеді. Әрқашан да мойындалған жазушыларды оқы, ал егер басқасын оқығың келсе, бұрын оқығандарыңа қайта орал. Көп нәрсеге ой жүгіртіп, бүгін өзің қорыта аламын-ау деген біреуін таңда. Мен өз басым солай істеймін, оқыған көп нәрселерімнің ішінен біреуін есте сақтап қаламын», депті ежелгі Рим ойшылы Сенека. Әдебиеттің көрнекті тұлғалары, замандас, қатарлас қаламгерлердің ішінен өз өресіне өрімі келетін, тұнық көңіліне тырс етіп тамғандай тосын әсер берердей ерек тылсымы бар, сөз саптауы сезімнің қылына сеп болардай, сырына тәнті етер кітаптарды оқуда Қайсардың да өз құпиясы бардай. Осы жағынан алғанда Қайсар әдеби портреттеріне өз қалауына келетіндерді, көптен оқып, көкейінде жүргендерді қаламына көгендей тізген-ау деймін. Олай деуге негіз мынаған қараңыз: «Қарғалыда қар қалың» (Ғ.Мұстафин), «Жыр жампозы» (Н.Ахметбеков), «Қырдағы қақпан» (С.Кенжеахметов), «Көмбе» (Қ.Салғарин), «Әй-әй, ақын» (Қ.Әбіл), «Жомарттың жан түкпірі» (Ж.Әбдіхалықов), «Теңіз тылсымындай тағдырлар» (Қ.Жиенбай), «Мешітті ғалам мейірімі» (Қ.Аманжол), «Мәриям мұңы» (М.Хакімжанова), «Түйгені: тоқтам!» (Қ.Жармағамбетов), «Кеңдік пен кемелдік» (К.Мырзабеков), «Көлбеңдеген көлеңкелер кімдікі?» (Т.Сәукетай), «Әзіз жүрек Әзаға» (Ә.Нұршайықов), «Ақмоланың жағалауы қандай-ды» (І.Есенберлин), «Шерхан шуағы» (Ш.Мұртаза), «Алаш Қызы» (Г.Дулатова). «Бұларды мен қайта-қайта оқып өз түйгенімді баян еттім», дейді Қайсар. Ащы терін төге отырып, туындылардың тұнығынан қанып ішкендей күй кешу бұйырыпты басына. Шабытпен жазылған шығармалардың шалқарына жүзу шаттығына бөленіпті, эстетикалық аурасымен тыныстап, интеллектуалдық иірімдеріне бойлапты. Әр шығарма мен авторы бір әлем болса, әрқайсысының тілін тауып, түсіне білу, идеясының астарын аша білу мәдениеті мен математикасының шешімі Қайсар қаламының діттеген басты нысаны болғанын көреміз. Оқырман шығарманы оқу үшін емес, титтей де болса ойлану үшін оқуы керек деген пайы­м позициясын ұстанады. Соны сәулелі сөзбен жеткізуде баяндаудың түрлі тәсілдеріне бара отырып, қайталанбас қаламгерлердің адами қырларына, шабыткерлік сырларына барлай баруы табиғилықпен тарқатылады. Қаламгерді түстеп тануға болар, бірақ түсіну қиын.Түсіну үшін оның тұлабойын тебірентіп тудырған туындысын оқу керек. Жүрегінің лүпілімен түн қатып жазған дүниенің ділін түйсінуі, сөзіне сүйсінуі керек. Ой мен идеяның астарын ашу сонда ғана бетін бермек. Әдеби портреттерді жазуда Қайсардың діттегеніне деміктірмей жеткізер осындай пайым позицияны ұстанғаны сөзсіз.
Бірге жүріп, бірге тұрған философ-қаламгер Жомарт Әбдіхалықовтың «Жомарттың жан түкпірі» еңбектерін сөз еткенде Қайсар оның пәлсапашыл ой өміріне, санасын ізгі идеялар тербеген салиқалы болмысына, азаматтығын бар қырынан танытатын адамгершілігіне, жұртына жанымен шырылдайтын арлы сөзіне үңіледі. Оның нені жазғанына емес, қалай жазғанына қызығады, терең білім мен зерек ойдың толғағынан туған философиялық ой орамдарына ден қояды. «Философиясы жоқ халық өзі туралы ойланбаған, ойламайтын халық. Қазақты осылай десек, Бұқарды, Шортанбай, Дулатты қайда қоямыз. Әрірек үңілсек те, беріректен іздесек те көз тоқтатып, жобаға жатқызатын ойшылдық үлгісі табылатындай. Мифтік сана, предфилософия, тәжірибеге негізделген таным, диалектика – бәрінің нышаны тұнып тұр десе, бергі заман басқа болған соң, қозғалыс-қимыл, ой-өріс те жаңалануы керек-ақ. Қалай болғанда да үміт-сенім жұтамасын деңіз. Әркім өз тіршілігін ойлауға мәжбүр болатын қатал да қатыгез күн туды. Енді ешнәрсе құнсызданып, құр босқа жерде жатпауға тиіс. Бірақ, бұдан тек қазақтың қарабайшылдығы, орыстың плющкиншілдігі, Батыстың гобсектері мен тартюфтері ғана туындап, тіршілікті тек шықбермес шығайбайлар ғана жайлайды екен деп ойлау қате. Жаны жомарттар мен қолы жомарттар, нелер елім деп еңіреген азаматтар бұл жаңа қоғамда да аз болмайды. Солардың бірі болу бақыты біздің әрқайсымыз үшін ашық тұр. Тек әрекет қажет, бірлескен түбегейлі түсінік керек. Кімді кім қалай қолдаса да одан елімізге тиетін түпкі пайда естен шықпаса дейміз», деп бір қайырса, енді бір сәт: «Биік мансап, үлкен лауазым ешкімге берік қорған емес, тек естілік, іскерлігің, әділдік, азаматтығың ғана анық қорған… Жарыққа қарағың келеді, жақсылыққа сенгің келеді», деп оқырманмен толғамды пайымдарымен сауалдасып-жауаптасып сырласып отыруды ізгілікті әрекет көрген, ақыл мен сезімді сынап көруге құштар ілімшіл жанның өмірлік кредосы кім-кімді де ойлантпай қоймайды. Қайсар осының бәріне қазіргі заманның көзқарасы тұрғысында қарап, Жомарттың өмірге, ортаға, әлеуметке деген пайым­дарын ортаға ұсына таразыға тартады. Оған әркімнің өз биігінен байыптап түйіп барлау жасайтынын біледі. Жомарттың қаламының өзіндік сипатта сөз саралайтыны, қарапайым дүниелерге терең түсінулер арқылы ақиқаттың нысанасын көре білу парасаты тәнті етеді. Сондықтан да ауық-ауық оның талғамдарына қарап, толғамдарына жүгінеді. Әрине, ой-сана санаткері, парасатты философты қандай сауал толғандырып, қандай жауаптың жүйесі мен жебесі ұстатпай жүргенін, қоғамдық формацияның күрт өзгеруіне орай адамдар психологиясының түрлі кейіпке енуін көріп, жаһандық жаңғыру дегенді қалай қабылдап, қалай қорытқанын Жомарттың жанында жүзбе-жүз тілдесіп жүрген Қайсардың біле түсіп, куәгер болғаны күмәнсіз. Жандүниесі бөлек, дәуір болмысын сезінуі мен сіңіруі дара, елдің қамын електен өткізуі ерек, тіпті әлеумет айналасына эстетикалық тұрғыдан қарайтын сабырлы қалпынан айнымайтын Жомарттың жан түкпіріне айтқан сөздері мен ойлары арқылы жетпек болады Қайсар. Осы қайсар құштарлықтың арқасында философтың жан әлемін барлап, астарлы ақиқатын аша түседі, ойын түйсіне, түйіндерін тап басып санасына сіңіре оқиды. Кейіпкерінің «Шарболат сенім», «101 толғам 1001 түйін» атты философиялық-публицистикалық туындыларын осылай тәуелсіз ой-сана, рухани-эстетикалық пайы­м тұрғысында толғайды. Кітаптардың «айрықша бір ерекшелігі, қазіргі әлеуметтік ахуал, мәдени-рухани үрдіс, адами болмыс сыры, тәуелсіз қазақ елінің бүгіні, демократия жағдайына байланысты ой тезіне салынып өрімделуінде» деп тұжырым жасайды.
Өміршең де өршіл ақын Кеңшілік Мырзабеков жайындағы «Кеңдік пен кемелдік» әдеби әңгімесі өте қызғылықты оқылатынын баса айтқанымыз лазым. Ақын мінезіндегі өзгеге ұқсамайтын қайсарлық, өткірлік, бетке айтар батылдық оның поэзиясының айбыны мен айдынын аша түсетінін, қазақы пейілмен, ұлттық аңсар, үмітпен өрілетініне көз жеткізеді… «Әуездік пен әуенділік үндестігін тап басу, уақыт билігін бағамдау, шындық пен ақиқатқа жүгіну, ұлттық тілдің сиқырына тояттану, тілдің тереңіне үңілу, образды ойлау шынайылығына бойлау, ақындық құбылыстың өзіндік мінезбен суарылған тектілігін мойындау, т.б. талант қырларын түйсіне де түсіне білу шарт. Сонда ғана ақынның кеңдігі мен кемелдігінің көкжиегі сағымнан гөрі, сағындырған сабатты көгалдай ынтықтыра тартары анық», деп Кеңшілік поэзиясының лейтмотив кредосының картасын жаяды. Әрі қарай өз ұйғарымын өзі діттеп… «Талант тәңір сыйы десек, бастапқы қадам мен бастыққан тұсындағы інжу-маржан үзіктерінен өршелене өсу үдерісін аңғарамыз. Қай өлеңін алмаңыз заман, қоғам, адам, әлеует астарларының тіні ажырамастай түзілген. Демек, дәуір уақытпен қанаттасқан ұлт ақыны елдік мұраттарды еншілей білуімен дараланады. Тіпті, кітаптарының атауларынан-ақ тақырып кеңдігі, кемелдік көкжиегі айқындалған. Айталық «Іңкәр дүние», «Дүбірлі дәурен», «Көктем көкжиегі», «Сәруар», «Замандас сыры», «Ауыл мен астана», «Қасиетті қас-қағым», «Балалық шақ балладалары», «Дәуір дастан», деп нақтылай түйеді. Поэзиясынан кейін прозасына да үлкен сүйіспеншілікпен тәнті болғанын рақаттана айтады, прозасының өзі мық шегедей мінезділігін паш етеді, көркем дүниедей оқылатынын ойға оралтады. Жазғандары мейлі суреттеме ме, көсемсөз бе, очерк пе, қаз-қалпында ма – құнарлы тілдің құндағынан шыққандай сырлы да шуақты еді деп ағынан жарылады.
«Көлбеңдеген көлеңкелер кімдікі?» деген әдеби портреттің кейіпкері талантты қаламгер Тұрысбек Сәукетай. Мұндағы әңгіменің өрімін Қайсар өзінше бір сауал қоя отырып, оған жауап іздей үңіліп, ойланып таңданып тарата ашуға ұмтылады. Көкейге күлтелі ой тастап, өзегіне өзінше сана сәулесін түсіруге түсініп-түйсінуге ишара жасайды. Сонысы мынадай түйін.. Көлеңкелер патшалығы оқырмандарын тапқан орайлы дүние. Ойлы перне, сырлы сағақ. Дір еткізер сезімге бай. Қорқынышы мен үрейі қоламтасында мүлде өшіп болмағаны тағы сезіледі. Оқып отырып кейіпкер тағдырымен тамырласып кетесің, өрмекшідей өріп жүрген көлеңкелерді байқап, мына өмірге келгеніңе өкінесің. Немесе кітапты оқи, тоқи отырып көлеңкелер кемесімен жүзіп жүргендей ойға кенелесің. Көлеңкелер патшалығындағы көмескі іздерден сыр түйіп, сыралғы бола бастағаныңды аңғармай да қаласың. Себебі, мына өміріңнің жүзін жапқан көлеңкелерді бір деммен үрлеп, аршыған жұмыртқадай аппақ ете қою мүмкін болмаса да күнгейге жоныңды жылытып, әлсіреген әліңді жинап, көмескіленген пердені ысырып тастауға талпынатының заңды шығар. Сөйтіп, кейіпкеріңмен жақтасып, көлеңкелермен шайқасып, өнетін де, өнбейтін де іске шатылып кете барасың. Бәрібір көлеңкесіз өмір сүруге болмайды екен… Көлеңкесіз дүние ғапыл екен», – деп шығарманың астарын, психологиялық-философиялық архитектоникасын ашып көрсете білуі Қайсар қаламының терең бойлағыштығын, жазушының жазу әлемін танығыштығын байқатып қана қоймайды, логикалық байыбына бас игізеді.
Тұрлаулы жылдар мен тағдырлы адамдар жайлы сыр шертер сегіз томдық Қайсар қаламын бар қырынан танытады. Оның тынбай жазатыны, сол жазуға түбегейлі берілгендігі, қалам терінен қанағат табар еңбекқорлығы тәнті етеді. Шығармаларымен қатар адамдармен жазысқан хаттары, күнделіктеріне дейін тап-тұйнақтай етіп жүйе-жүйесімен жинақтап беруі өз еңбегіне деген құрметтің бірегей үлгісіндей көрінеді.
Ересен еңбек те лайықты бағаланыпты. Қазақстан Журналистер одағы М.Дулатов атындағы сыйлықтың лауреаты, Президент сыйлығының лауреаты, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері, Торғай қаласының және Жангелдин ауданының құрметті азаматы, халықаралық «Құрмет белгісі» орденінің иегері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері. Міне, осының бәрі оның өмір жолы.

Бұл жол сонау арманға толы ақбұлақ күндері ұмытылмас алпысыншы жылдардан басталған. – Иә, бұдан елу үш жыл бұрын, дәлірек айтсақ «Қазақстан пионері» («Ұлан») газетінің 1962 жылдың З қаңтар күнгі нөмірінде «Қысқа хабарлар» деген тақырыппен жарияланған сегіз жолдық мақаласынан бастау алған екен. Алдымыздағы айқара ашулы пионер газетінің әсем бояулы беті алыстағы Торғайдан жеткен жас талаптың жүрек лүпілін осылай беріпті. Міне, Қайсар достың қайсарлығы да, сәтті самғауы да осыдан көрініп-ақ тұр.
Тағдыр оған символикалық сый жасапты: Сегіз жолдан сегіз томға дейін! Тіл ұшына үйіріле кетер уәжді сөз. Ойдан шығарылған емес. Өмірдің өзі туғызған лепті сөз, ізетті ой.
Қайсар қаламының қара тері мен қарымын осыған қарап-ақ байыптауға да,бағалауға да болады.
Сегіз томды жиып қойып қарап отырған Қайсар жоқ.
Жазып жатыр.
Қаламың қолыңнан түспегей…

 

 

Жақау Дәуренбеков,
халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты.

АЛМАТЫ.
 


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер