BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

«Пенде мен перде» кітабы оқырманға жол тартты

Астана. 25 мамыр. Baq.kz – Бүгін Қызылордада белгілі журналист Ержан Байтілестің «Пенде мен Перде» кітабының таныстырылымы өтті. Шараға қоғам қайраткерлері мен қаламгерлер, студент жастар қатысты. 

Бұл Ержан Байтілестің тұңғыш туындысы. 1981 жылы Қызылорда облысы, Шиелі ауданында дүниеге келген ол Алматыдағы әл-Фараби атындағы қазақ Ұлттық университетін журналистика факультетінде білім алды. «Қазақстан», «Ақ жол Қазақстан» мен «Алматы Ақшамы» газеттерінде тілші, аға тілші, бөлім меңгерушісі қызметтерін атқарған. Республикалық «Ана тілі» газетінде бас редактордың бірінші орынбасары болды. Ал 2011 жылдан бері «Егемен Қазақстан» газетінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі. Жинаққа журналистің бас басылымдарда әр жылдарда жазған сұхбаттары мен мақалалары, публицистикалық жазбалары енген. Кітап 7 бөлімнен тұрады. Әзірге мың данасы басылып шыққан туынды еліміздің ірі кітапханаларына таратылмақ. Сонымен қатар, сатылымға да шығарылады. Автор егер кітап шығарсам, аты «Ақ пен Қара» болады деген арманы болғанын айтады. Алайда бұл тақырыпта басқа қаламгерлердің туындылары жарыққа шығып қойғандықтан, жинаққа «Пенде мен Перде» атауын қойған.

- Жинақтың «Пенде мен Перде» аталуының себебі адам баласы пендешілігін жасырып, жақсы көрінуге ұмтылады. Қалай болғанда да кез-келген жан жаман қасиеттерін жасыру мақсатында басқаша танылып, яғни бет перде киіп жүреді. Сондықтан, бүгінгі күнге дейін көріп, түйгенім, жақсылар мен жайсандар туралы аз-кем жазғаным, нағыз қайраткер тұлғалармен сұхбаттарым жинақталған, - дейді автор.

Салтанатты шараға келген қаламгерлер Ержан Байтілестің газетпен ғана шектелмей, жазушылық қырынан көрініп жатқанына қуанышты екендіктерін жеткізді. Олар оның өз ісінің білікті, білімді маманы ғана емес, адамдығы мен парасаты биік азамат екенін де көпке үлгі етті.

- Егер Ержан Байтілес осы бастамасын әрі қарай жалғастыратын болса, онда қазақ әдебиетіне олжа салатын жазушы дүниеге келді, - деп танымал ақын, журналистер одағының мүшесі ШаҺизада Әбдікәрімов бағасын берді.

Автордың айтуынша жинаққа енген әр мақаланың өзіндік тарихы бар. Әсіресе, ол аққан жұлдыздай жарқ етіп, сөнген Бекзат Саттарханов туралы мақаланың қалай жазылғандығын ерекше ықыласпен әңгімелеп берді. Шара соңында болашақ журналистер сауалдарын қойып, пікір алмасты. 


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
14 Қаңтар 2019, 12:17
Мен ғой.
Пікірлер