BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

Қос кітап керемет жаңалық болып тұр

 – Қырғыз елінің жас ақыны Қалиша Жақыпованың аудармасымен «Топырақ демі» атты таңдамалы өлеңдер жинағыңыз жарық көрген екен. Осыған орай 18 маусым күні Бішкек қаласындағы Т.Әбдімомынов атындағы қырғыз ұлттық академиялық драма театрында өтетін тұсаукесер рәсіміне жол жүргелі отырсыз. Бұл кеште Қалишаның «Эйфория» атты тұңғыш кітабының да та­ныс­тырылымы болатын көрінеді. Арала­рыңыздағы шығармашылық байланыс қашан орнады?


– Қырғыздың талантты ақын қызы Қалиша Жақыповамен 2012 жылы әлеуметтік желі арқылы танысқанбыз. Сол жылы менің өлеңдеріме қызығушылық танытып, қырғыз тіліне аударсам деген ниет білдірді. Бұл ұсынысқа аса қарсы болған жоқпын. Содан бері әлеуметтік желі арқылы сөйлесіп, пікірлесіп, қал-жағдайы­мызды сұрасып тұрамыз. Қалиша былтырғы жылы «Әдебиет порталы» арқылы онлайн тіркеліп өткізілген XVII Халықаралық «Шабыт» шығармашыл жастар фестивалі­нің «Үздік әдеби шығарма» номинациясы бойынша «Поэзия» аталымына қатысып, лауреат атанған болатын. Әдемі лирикалық өлеңдері арқылы да қазақтың жас қалам­гер­леріне есімі танымал болып қалған ақын.


– Қалиша өлеңдеріңізді таңдауына не себеп болғанын айтқан болар?


– Бұл сұраққа көп ойланбай, Қалиша­ның әлеуметтік желі арқылы маған жазған хатын сіздерге аударып бере салғаным оңай болып тұр. Ол «Бауыржан аға, сіздің өлеңдеріңіздің желдей еркіндігі, басқаға ұқсамайтын өзгешелік пен мінез, жаңа көзқарастар, ішкі мазмұнындағы дәстүрлі поэзиядан ерек оқыс ойлары қатты ұнады. Аударма барысында осыған көзім жетті, сіз мықты ақынсыз!» деген болатын.


– Тамаша! Қалишаның да керемет аңғарымпаз екендігі байқалады. «Топырақ демі» қанша таралыммен оқырманға жол тартты?


– Бұл кітапқа бүгінгі күнге дейін жарық көрген, кітаптарыма енген өлеңдермен қоса жаңа өлеңдер де кірді. Қырғызстанда 500 данамен жарық көрді. Сұраныс туындап жатса, тағы бірнеше рет басып шығаруға келістік.


– Өзіңіз алдын ала аудармалармен та­нысқан боларсыз. Көңіліңізден шықты ма?


– Иә, Қалиша досым екеуміз үнемі байланыста болдық. Еркін аударма емес. Тура аударма. Еркін аударма стильдік ерекшеліктерді жоғалтады. Сондықтан тура аударма жасалды. Мен қырғыз қаламгерлері мен әдебиетсүйер қауымға біршама таныспын. Себебі бұдан бұрын басқа бір ақын лирикалық топтамамды аударған. Сонымен қатар қырғыздың бірнеше ірі БАҚ-тарында сұхбаттарым жарияланған. Жалпы, топтама өлеңдерім орыс, түрік, моңғол тілдеріне аударылған. Қазір корей тіліне аудару жұмыстары жүргізіліп жатыр.


– Бір өлеңіңізден мысал келтіріңізші. Салыстырып көрейік...


– Үстелде сурет жатыр күлімдеген,
Күлімдеген, еш жерге ілінбеген...
Бір сөз бар сағынатын жүрегіңіз,
Бір мұң бар жаныңызды тілімдеген.
Сағынып бұрынғыдай келмегені,
бәлкім, ол... өзіне-өзі сенбегені?
Сіз неге түн ішінде жыладыңыз?!
Гүл неге өліп қалды бөлмедегі?!
Сіз неге жыладыңыз түн ішінде?
Ымм... мүмкін, өліп қалған гүл үшін бе?!
Сағынып күту керек махаббатты,
Гүлді де күту керек тірісінде...
***
Үстөлдө сүрөт жатат күлүңдөгөн,
Күлүңдөгөн, эч кайда илинбеген.
Бир сөз бар сагынуучу жүрөгүңүз,
Бир муң бар ичиңизде билинбеген.
Сагынып мурункудай келбегени,
балким ал... өзүнө-өзү ишенбегени?
Сиз неге түн ичинде ыйладыңыз?!
Гүл неге өлүп калды бөлмөдөгү?!
Сиз неге ыйладыңыз түн ичинде?
Ммм.. мүмкүн, өлүп калган гүл үчүнбү?
Сагынып күтүү керек махабатты,
Гүлдү да багыш керек тирүүсүндө...


– Дұрыс екен. Замандастарыңыздың арасында өлеңдері басқа тілге аударылған, оның ішінде қырғыз ағайындардың назарына іліккен кімдер бар?


– Екі кітаптың қатар жарық көруі, көп­шілікке бірге таныстырылуы да керемет жаңалық болып тұр. Қос жинақтың бета­шарына Астанадан Бішкекке Ақберен Елгезек, Ұларбек Дәлейұлы, Ерлан Жүніс төртеуміз арнайы аттанамыз. Алматыдан Тоқтарәлі Таңжарық ілеседі. Осы ақын­дардың бірнеше өлеңдері қырғыз тіліне аударылып жатыр. Замандастарымның ішінен «Еуропа ақындарының конкурсы» аясында поляк тілінде Польша елінен Тоқ­тарәлі Таңжарықтың кітабы шыққанын білесіздер.
– Өзіңіз қазіргi сәтте немен айна­лысып жүрсіз? Қалишаны қазақша сөйлету ойыңыз­да жоқ па?
– Өлең жазып жүрмін. «Адам жоспар құрса, Құдайдың күлкісі келеді» дейді ғой. Ой көп... Бұйырғаны болады. Қырғыздың мықты ақындарын қазақшаға аударып, бір антология шығарсам деген ниетім бар. Сол кезде Қалишаны да ұмытпаймын ғой. Қалишадан аударған өлеңдерім қазірдің өзінде бар.


– Әңгімеңізге рақмет!


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер