BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

Балалардың үздік шығармасы үшін 6 млн. теңге беріледі

Астана. 22 сәуір. Baq.kz - Елімізде балаларға арналған үздік шығармаларға арасында Х халықаралық «Дарабоз» бәйгесі басталды. Бұл туралы egemen.kz тілшісі хабарлады.

Биыл оныншы рет ұйымдастырылып отырған байқаудың басты ерекшелігі – қаламгерлер шығармаларын бұрынғыдай лақап атпен емес, өз аты-жөндерімен және екі тілде (қазақ, орыс), үш түрлі жанр (поэзия, проза, ертегілер) бойынша ұсына алады. Ақын-жазушыларды балалар тақырыбына тартуға «Бауыржан» қайырымдылық қоры мен Қазақстан Жазушылар одағы тікелей ұйытқы болып, «ZHERSU» инвестициялық-өндірістік корпорациясы қаржылай демеу көрсетпек. Қазіргі таңда Қазақстан жазушылар одағында 760 адам болса, соның 16-сы балалар жазушысы. Ол Қазақстан жазушыларының 2 пайызы ғана бүлдіршіндер тақырыбына, яғни балалар әдебиетіне қалам тартады деген сөз. Ұлттық мемлекеттік кітап палатасының көрсеткіші бойынша елімізде 1 335 мемелекеттік және жеке-меншік баспалар бар. Бірақ солардың ішінде балалар әдебиетіне ден қойғаны некен-саяқ. Соңғы 10 жыл ішінде елімізде 8 523 әдеби кітап басылып шықты. Соның ішінде балаларға арналған әдеби кітаптар саны бар болғаны 220. Осы жайттарды ескере келіп, балалар әдебиетіне арналған «Дарабоз» халықаралық әдеби бәйге 2006 жылдан бастап «ZHERSU» инвестициялық өндірістік копорациясы мен Қазақстан жазушылар одағының қолдауымен он жыл бойы ұйымдастырылып келеді. Осы конкурстың жеңімпазы деп танылған шығармалар екі тілде «Кәусар бұлақ» және «Чистый родник» атты кітаптар сериясын жыл сайын жарыққа шығарып, мектеп кітапханаларына тегін таратылып жүр. Әр жеңімпаз көлемді ақшалай жүлдеге және баспалардың бірімен келісім шартқа отыру құқығына ие болмақ. Үздік шығармалардың жүлдегерлерін арнайы құрылған әділқазылар алқасы дауыс беру арқылы шешеді. Әділқазылар отырысы үстіміздегі жылдың 25-мамыр күні өткізіледі. «Дарабоз» жүлдесін салтанатты түрде табыс ету іс-шарасы 2015 жылдың 1 маусымында, Қазақстан Жазушылар одағында өткізу ұйғарылған. Сонымен, балалар әдебиетін алға сүйреуді мақсат тұтқан байқаудың жай-жапсары мен талаптары туралы балалар жазушысы Қазақстан Жазушылар одағының мүшелері, балалар жазушысы Шәкен Күмісбаев, «ZHERSU» ИӨК басқарма өкілінің орынбасары Соңғұл Шара, «Бауыржан» қайырымдылық қорының негізін қалаушы Жұлдыз Омарбекова, С.Бегалин атындағы Мемлекеттік балалар кітапханасының директоры София Раева, «Алматыкітап» баспасының президенті Гауһар Саймасаева мен ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Сұлтан Қалиұлы жан-жақты әңгімелеп, журналистердің сауалдарына жауап берді. Қысқасы, балалар арналған шығармашылық байқаудың бас жүлдегері – 1 миллион теңге иеленсе, бірінші орын алған 2 үздік қаламгерге – 700 мың теңгеден, екінші орын алған 2 адамға – 300 мың теңге, үшінші орын алған 3 адамға – 200 мың теңгеден беріледі. Жалпы, байқаудың жүлде қоры 6 миллион теңгені құрайды. Жүлдегерлерден қалған қаражат жеңімпаз шығармаларды жинақ етіп шығаруға жұмсалып, бұл кітаптар мектептердің кітапханаларына тегін таратылмақшы.

Айнаш Есали


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
30 Желтоқсан 2018, 18:34
500 МЫҢ ТЕҢГЕ АЙЛЫҚ ТІЛЕЙМІН!
Пікірлер