BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

А.Өрібаев: Қара жерге тапсырсам да досымды, достығымды көмгем жоқ!

  АСТАНА. 6 қаңтар. BAQ.KZ – Жас ақын Аян Өрібаев 1990 жылы 21 қазанда ШҚО, Зайсан қаласында дүниеге келген. Өскемен қаласының С. Аманжолов атындағы ШҚМУ-ң филология факультетінің түлегі. Астана қаласындағы «Әлем әдебиеті» журналында қызмет атқарған. Қазіргі уақытта ШҚО Ақпараттық орталығының тілшісі.

ӘДЕМІ

Әдемі көңілім не күтті?
Күмәнім «менімді» сендіріп.
Әдемі шақтарым өтіпті,
Әдемі емеспін деп жүріп.

Әдемі риясыз сәнімді,
Өмірім тек кеше күлдірмей.
Әдемі балалық шағымды,
Әдемі ұрлады білдірмей.

Махаббат әдемі сезім ең,
Ол-дағы отына жандырып.
Әдемі арудың өзімен,
Әдемі қиялдар қалды ұмыт.

Әдемі-ау әні еді білетін,
Тойларда әнші еді мақтаулы.
Әдемі ән салып жүретін,
Әдемі әкем де аттанды.

Әдемі кішкентай отауда,
Әдемі қос ұлы – әлегі.
Әдемі анам бар, о тәубә,
Әдемі! Әдемі! Әдемі.

Әдемі мен үшін ар жолы,
Нұрлы иман жанымды еліктір.
Алланың әдемі ақ жолы,
Жүрекке сабырды серік қыл.

Әдемі адами беделі,
Шау тартсам шашымның түсі аппақ.
Әдемі қартайғым келеді,
Әдемі жарымды құшақтап.

 

 

ЖИЫРМА ЖАС – ЖИЫРМА ӨЛЕҢ

(Досым марқұм ақын Еражат Мұхаметқанұлының рухына)

Зырлатып машинаның дөңгелегін,
Сағынып туған елге мен келемін!

Е. Мұхаметқанұлы


Аза неге арылмайды осы елден?..
Аңырайды аңызақ жел көшемнен.
Ақынынан ел қаралы көз жазған,
Жақынымнан мен жаралы Досы өлген.

Жанын ұғып
Жақын тіккен қосымды
Жиі еске алам сол оралман досымды.
(Қара қытай қаптаған жоқ біз жақта
Қара қазақ түземесе көшіңді).

Толағайдай толғанысы зілмауыр.
Құйындаған құлын жырға тынды ауыл.
Қазыналы қарияның сөзімен,
Қара өлеңге көшіп келген бір дәуір.

Серілігі сетер еді дүлдүлім.
Сағындым ғой, бұлбұлын-ай бұлбұлын.
Жүрегімді жұлмалаған ән қалды,
«Мың күніме тең екен-ау бір күнім».

Туған жерге қайта келіп бүр жарған.
Жас өрімді жалмап кетті сұм жалған.
Домбыраңның қоңыр үнін сағындым,
Баба шерін балбыратқан тілмаржан.

Көкке ұмтылған тарлан жырдың таулығы,
Мөлдіреген пәк сезімнің зарлығы.
Саңқылдайды сахнасында ойымның,
«Жиырма жас – жиырма өлең» тағдыры.

Ой түбінде қап қойса да шермен боп,
Мен сенемін жұлдызы оның сөнген жоқ.
Қара жерге тапсырсам да досымды,
Достығымды көмгем жоқ!

Жиырма жас өлшемі ғой ғұмырдың,
Жиырма өлең ол мәңгілік – ұғындым.
Адал өтсем қарсы аларсың алдымнан,
Ал, әзірге дұғамдасың Тұғырлым. 


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер