BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

Павлодарда жедел жәрдем қызметіне тұрғындардан күніне 800 шақырту түседі

Фото: Автор

Павлодар облысында елімізде алғашқылардың бірі болып жедел медициналық кластері құрылды. «Денсаулық» бағдарламасы шеңберінде өңірдегі қалалық және аудандық қызметтер, сонымен қатар, санитарлық авиация мекемелері орталықтандырылды. Нәтижесінде халыққа медициналық көмек көрсету сапасы халықаралық стандарттарға теңестірілді. Саладағы жағымды жаңалықтар туралы Baq.kz агенттігінің тілшісі біліп көрді.

Қызметтегі жаңашылдықтарға, тіпті, Ресей, Қырғызстан, Латвия және Украина елдерінің мамандары тәнті.

Республикалық санитарлық авиация орталығының мәліметінше, елімізде 1400-ден астам дәрігерлік бригада күнбе-күн жұмысқа шығады. Бір тәулікте 21 мыңнан астам шақыру түсіп, сырқаттарға сапалы медициналық қызмет көрсетіледі. Ал санавиациялық ұшақтар күніне 5-6 ауыр науқасты ауруханаға жеткізеді. Ал павлодарлық дәрігерлер күніне 800 шақыру алады.

Павлодар облыстық жедел медициналық станциясының бас дәрігері Қанадан Ахметжановтың айтуынша, отандық медицина саласындағы реформалар жедел медициналық қызметтің әлеуметтік маңыздылығы арта түсті.

Павлодар облысында госпиталдық кезеңде медициналық қызметті жетілдіру ісі жұмыс үрдісінің жаңа әдістерін енгізу негізінде жүргізілді. Мәселен, кластер құру бағытында облыста 12 инновациялық жоба жүзеге асырылды.

«Нәтижесінде басқару жүйесі толық атвоматтандырылып, әр көлікте навигациялық жүйе енгізілді. Әр пациентке электрондық медициналық карта ашылды. Сонымен қатар, телемедицина мүмкіндіктері толық қолданылады. Осыдан төрт жыл бұрын жедел медициналық қызметтің жұмыс орны, яғни фельдшер мен дәрігер ноутбуктермен қамтылды. Шақыртудың электронды картасы толтырылып, мәліметтер онлайн режимде станцияның жедел бөліміне жолданады» - дейді бас дәрігер.

Айта кетейік, облыста науқастың бір шақыруын қабылдау және оған дәрігерлер бригадасын жіберуге небары 30 секунд уақыт жұмсалады. Ал оқиға жеріне шұғыл жету уақыты бұрынғыдай 15 минут емес, 9 минутқа азайды. Республикалық көрсеткіш 20 минутты құрайды.

«Жедел жәрдем қызметінің қаржылық шығындарын азайту мақсатында көліктердің барлығы газ құралдарымен жабдықталды. Нәтижесінде бензин шығыны 20%-ға үнемделді. Медициналық қызметкерлерді оқыту үрдісі оң жолға қойылды. Бүгінгі күні үш мыңнан астам маман мен 456 парамедик біліктіліктерін арттырды. Ал биылғы жылдан бастап оқыту халықаралық стандарттарға сай жүргізіле бастады», - дейді Қанадан Қанашұлы.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, биыл жергілікті бюджеттен 295 млн. теңге бөлініп, 59 санитарлық көлік сатып алынған. Жыл соңына дейін тағы 19 желілі машина мен 10 реанимобиль қатарға қосылады.

Фото: Автор


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер