BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

«Халықты ашуландырып аламыз». Депутат заңсыз салынған үйлер мәселесін шешуді талап етті

Бұл туралы бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінде «Нұр Отан» партиясы депутаттарының қатысуымен «Мемлекет басшысының «Қазақстанды үшінші жаңғырту: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Қазақстан халқына жолдауының аясында «Ұлт жоспары» 98-қадамды іске асыру 4 деңгейдегі бюджет пен коммуналдық меншікті жүзеге асыру дайындығы» тақырыбындағы отырыста депутат Уәлихан Қайназаров айтты, деп хабарлайды Baq.kz тілшісі.

Отырыста депутат еліміздегі заңсыз салынған үйлердің мәселесін шешу қажеттігін атап өтті.

«Елді мекендердегі үйлерді қалай заңдастырамыз? Сонымен қатар олардың арасында осыдан 10-15 жыл салынған үйлер де бар. Мәселе - сонда. Мен Шымкент қаласының төңірегінде (заңсыз салынған – автор) мыңдаған учаскені тауып бере аламын. Тіпті мен кезінде жұмыс істеген ауданның өзінде бұл мәселені қалай шешеміз деп басымыз қатты. Ауданға қарайтын Қарабұлақ ауылының өзінде 2500-3000 үй болды. Оның өзінде олар зәулім үйлер. Соларды біз заңдастыра алмадық. Демек, біз мәселені шешу үшін заңға өзгерістер енгізуіміз қажет. Заңды уақытша қабылдап, осындай мәселе туындамайтындай етіп, проблеманы шешу керек», - деді ол.

Отырыстан кейін халық қалаулысы журналистерге аталған мәселенің өте өзекті екенін түсіндірді.

«Депутаттардың көтеріп отырған мәселесі заңсыз салынған үйлер туралы болды. Мысалы, бір азаматтың жер учаскесі бар делік. Бірақ ол сол жерді алады да бірнеше бөлікке бөледі. Содан кейін ол сол жерді халыққа берді. Олар сол аумаққа үйлерін салып алды. Бірақ халық сол жерледегі үйлерін заңдастыра алмай отыр. Себебі, олардың қолында ешқандай құжат жоқ. Отырыста мұндай азаматтардың Алматы, Астанада көп екендігі, ал Шымкентте өте көп екендігі айтылды», - деді Уәлихан Қайназаров.

Осы орайда ол Шымкент қаласына қосылған елді-мекендердің тұрғындары өз үйлерін заңдастыра алмай сандалып жүргенін жасырмады.

«Шымкент қаласына 3 ауданның жері қосылды. Егер мен қателеспесем, шаһардағы халықтың саны 137 мыңға артты. Сол уақытта ешқандай мәселе туындамайды делінген. Бірақ 2017 жылдың күзінен бастап, қалаға қосылған елді-мекендердің тұрғындары өз мәселелерін айта бастады. Олардың 20 сотық жері болған. Олар қаладағы тиісті органға барып, мемлекеттік акт алғысы келген. Алайда ондағы қызметкерлер «10 сотық жеріңізді заңдастырамыз. Ал қалған 10 сотық жерді сатып аласыз, болмаса, жерді мемлекетке қайтарасыз» деген. Бірақ халық ол жерді қалай береді? Бұл да шешілмеген мәселелердің қатарында», - деді ол.

Сонымен қатар депутат шаһарға қосылған Сайрам ауылының мәселесін жеке атап өтті.

«Бұл мәселе Сайрам ауылын да айналып өткен жоқ. Ол жерде мал шаруашылығымен айналысатын кәсіпкерлер бар. Олар енді субсидия ала алмай отыр. Оларға да құжаттарыңызды жөндеңіздер деген талап қойылды. Бұл проблема шешілмесе, ушыға береді», - деді Уәлихан Қайназаров.

Осы жерде оның сөзін журналист бөлді. «Отырыста әділет министрлігінің өкілі заңсыз үйлерді бұзып тастаймыз деп айтып қалды. Осыған пікіріңіз қандай?» - деп сұрақ қойды.

«Егер заңмен қарасақ, ондай үйлер бұзылуы керек. Алайда жоғарыда мен атаған мысалдардағы үйлердің аумағы өте үлкен. Ол жақта халықтың тұрғанына 15 жыл болды. Бұл мәселені айыппұлмен, қорқытумен шеше алмаймыз. Халықты одан әрі ашуландырып аламыз. Салдарынан мәселе ушыға түседі. Менің ойымша, бұл үйлерді заңдастыру керек. Олай қорқытудың қажеті жоқ», - деп түйіндеді сөзін депутат.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер