BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

Елімізде үш жыл ішінде командалық ауыс-түйістер 19 есе қысқарған 

Фото: commons.wikimedia.org

Мемлекеттік қызмет саласында конкурстан тыс тағайындауларға шектеу қою командалық ауыс-түйістерді 19 есе қысқартты. Бұл жөнінде Қазақстанның орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыйбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының орынбасары Айгүл Шайымова мәлімдеді, деп хабарлайды Baq.kz тілшісі.

«Тәуелсіздік жылдарында мемлекеттік қызмет саласында қандай жетістіктерге қол жеткіздік, қазіргі ахуал қандай және алдағы уақытта қандай істерді атқару керекпіз, осының барлығын мемлекеттік қызмет жағдайы туралы ұлттық баяндамада көрсетуге тырыстық. Баяндама осы жылы тұңғыш рет Мемлекет басшысының қарауына ұсынылып, мақұлданды. Оның негізгі аспектілеріне тоқталатын болсам, ең алдымен, баяндамада мемлекеттік қызмет жүйесіндегі реформаларға талдау мен осы жылдар ішінде неге қол жеткізгеніміз көрсетілген. Мемлекеттік қызмет пен жалпы мемлекеттік аппараттың қалыптасуында реформалардың екінші кезеңі үлкен рөл ойнады. Оның барысында біздің агенттік құрылған болатын. Дәл осы уақытта «Мемлекеттік қызмет туралы» заң қабылданып, конкурстық іріктеу іске қосылды. 1999 жылға сәйкес келетін бірінші жылы конкурстық рәсімдер арқылы мемлекеттік қызметке 9 мыңға жуық кандидат қабылданды», - деді төраға орынбасары.

Оның айтуынша, дәл осы жылдары мемлекеттік қызмет органдарының жұмысын бағалау жүйесін енгізу нәтижесінде қызмет сапасының төмендігі, командалық ауыс-түйістер, кадрлардың тұрақсыздығы секілді шешуді қажет ететін бірқатар мәселе анықталған.

«Сондықтан біз аталған мәселелерді шешуге күш салып, нәтижесінде, мемлекеттік қызмет саласына жататын қызметтер санын үш есе арттырдық, олардың стандартталуы мен регламенттелуін қадағалап, мемлекеттік қызмет көрсетілуін Халыққа қызмет көрсету орталықтарына тапсырдық. Бұл мерзімдері кешіктіріліп көрсетілетін мемлекеттік қызмет санын 46 есе азайтты. Бұл сервистік мемлекет құрудағы маңызды қадамдардың бірі болды. Қазір «100 нақты қадам» Ұлт жоспары аясында мемлекеттік қызмет саласындағы реформалардың шешуші кезеңі іске асырылып жатыр. 2015 жылдан бастап біз кәсіби мемлекеттік аппарат құрудағы жаңалықтар жайында халықты тұрақты хабарландырып отырамыз. Тереңдетілген талдау нәтижесінде қол жеткізген кей мәліметтерге тоқталатын болсам, агенттікте құқық қорғау қызметіне іріктеудің екі кезеңін енгізу нәтижесінде олардың құрам сапасы жақсарды. Сонымен қатар, конкурстан тыс тағайындауларды шектеу командалық ауыс-түйістерді 19 есе қысқартты. Егер, 2015 жылы 6500 болса, 2017 жылы бұл 348-ге жетті. Сондай-ақ, ауқымды профилактикалық жұмыстардың арқасында этикалық құқық бұзушылықтар саны азайды», - дейді Шайымова.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
29 Желтоқсан 2018, 12:45
Алматы әуежайы 2,5 есе ұлғаяды
Пікірлер