BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

Мұхтар ШЕРІМ. ҚАҚИДЫМ ДА ҚАЛДЫМ!

–Неғып тұрсыз? –деп сұрады бірі.

Жұмыс іздеп, сүметіліп келе жатыр едім, аялдамада тұрған бақуатты келіншектің қалтасынан әмияны сусып түсті де, өзі автобусқа мініп кетті. Арам ой алдымнан сылаңдап шыға келіп, әмиянға жақындадым. Еңкейіп алайын деп тұрдым да, жұрттан ұялып, етігімнің тұмсығын сипалап, қайта тұрдым. Мен білсем, мына әмиянның ішінде 500 доллар! Жоқ, жүз мың теңге! Өмірімде біреудің ала жібін аттамаған байғұс басым, қара терге түстім. Бір кезде айдай сұлу қақаған аяз болса да жұқа бұттанып, ұялы телефонымен сөйлесе жүріп, тура мен көз тігіп тұрған әмиянды сол аяғымен баса тұрды. Саусақтарымды тістелеп, қасына жақындадым да:

–Қарындас, ары тұрыңызшы, қысылып кеттім,–дедім аялдамада тұрсам да, не айтарымды білмей. Ол менің бетімнен бит іздегендей, тесірейе қарады.Сосын тілін шығарып, ары барып тұрды. Мәссаған, әмиян оның етігінің өкшесіне жабысып қалыпты!

–Қарындас, ары тұрыңызшы, ыстықтап кеттім! –дедім мен.

–Жындыханадан шықтыңыз ба? –деп сұрады ол. Автобусы келді ғой деймін, көзін аларта бір қарап алып, жүгіре кетті. Әмиян жатыр жерде. Аяғыммен баса қойдым. Еңкейіп алайын десем, ар–ұятым жібермей тұр. Осы жұрт ақша тауып алса болды, полицияға хабарлап, алғысын алып жатады, мен де... Ее, олар камерадан қорқып, сөйтетін шығар? Еңкейе беріп едім, біреу арқамнан қақты. Жүрегім зу ете қалып қарасам, кластас досым ыржалақтап тұр.

–Несінші автобусты күтіп тұрсың?

–Ешқандай.

–Кеш болды ғой, неғып тұрсың қақиып?

–Жәй, әшейін.

–Бері жүрші, бір әңгіме бар.

–Жүре алмаймын.

–Өй неге?

–Сол...

Ол да менің бетімнен бірдеңе іздегендей болды да, автобусы келді ғой деймін, жүгіріп кетті. Күн аяз, қақидым да қалдым. Түннің бір уағы болды. Әлі тұрмын. Алайын десем, төбеде көше камерасы! Қуығым да қыштап барады. Қарным да ашты! Жұмыс іздеп шығып едім ғой? Бір күндік жұмыс! Бала–шағам аш отырған шығар? Түн ортасынан ауды. Аялдамада қақиып, әлі тұрмын. Әйелім хабарласты ұялы телефонымен.

–Қайдасың? –деп сұрады.

–Аялдамада «жұмыс істеп» тұрмын.

–Ол қандай жұмыс, түн ішінде?

–Білмеймін, жүз мың теңге беремін деген.

Түнгі саған төрт болды. Ешкім жоқ, әмиянды ала қояйын десем, ар–ұятым жібермей тұр! Оның үстіне төбемнен төнген камера! Камераға қарап, ыржалақтап күлдім. Басымды изеп қойдым. Қазір... Қазір аламын да қашамын! Бір кезде полиция инспекторлары келді.

–Неғып тұрсыз? –деп сұрады бірі.

–«Ақша» деген мина басып тұрмын, жарылып кетемін бе деп қорқамын, –деп әзілдеген болдым.. Олар қақиып қалған мені сықыр–сықыр еткізіп, аялдама орындығына отырғызды. Бірі әмиянды алып, ішін ашты. Мәссаған, ішінде тас та жоқ екен! Тілдей қағазға: «Барлық елдің қазақтары, бірігіңдер!» деп жазып қойыпты. Кеңес дәуірінде: «Барлық елдің пролетарлары, бірігіңдер!» деген ұран болатын. Есім ауып, құлап түстім. Арғы жағын сұрасаңдарда айтпаймын!

Мұхтар Шерім
677531

Мұхтар Шерім Жұмашұлы (Бүркеншік аттары: Жебе Садақұлы,Ратқұм МІРЕШ, МұхШЕР, Мен ғой... Жұмаштың жүгермегі.) .Республикаға танымал жазушы-сықақшы, Қазақстан жазушылар және журналистер одағының мүшесі.Шона Смаханұлы атындағы сын-сықақ байқауының бас жүлдегері.Бүгінде республикалық "АРА" газетінің арнаулы тілшісі. "Құдағи құшақтай береді", төрт томдық: "Кешіріңіз, сіз есек емессіз", "Талтайып тұрғым келеді", "Ымбаппа", Быт-шытыңызды шығарамын!" кітаптарының авторы.<…

Өмірбаян
Ұқсас сілтемелер: