BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

Мұхтар ШЕРІМ. Бүгінгі сатира.СОРЫП ТАСТАДЫҚ...

–Әй, не жеп отырсың?–деп сұрадым мен.
–Ет...
–О, атаңа нәлет...

Қарын аш, бала жас демекші, түнгі төртте ішім құрылдап, аш ішегім шұрылдап кеткен соң, ақырын төсегімнен тұрып, тоңазытқыш жаққа келсем, әйелім шоқиып отыр. Бірдеңе сорып. Біздің тоңазытқыш өмірі толып көрген емес еді, тек нан, тағы да нан, сосын нан тұратын. Кешелі бері тоңазытқыш-ымыздың іші қуырдаққа, қызыл, қара уылдырыққа, шұжықтарға толды да кетті. Көршіміз Құдай болмаса да, Құдайдың қоңсысы сияқты шіреніп жүретін. Тек кекетіп қана күлетін, қай жерден жымқыруды ғана білетін, қарсы келсең, бәйтерекке ілетін, ішкені алдында, ішпей қоя салғаны артында, нағыз сыбайлас жемқор, әрі миллионер болатын. Соның әйелі кеше келіп: «Тоңазытқышымыз толып кетті, сіздердікі бос қой, ертеңге дейін тұра тұрсыншы?» деп бәрін қойып кеткен еді. «Балаларыңыз жеп қойып, масқара болып жүрмеңіздер!» деп ескертіп те кетті. Сол екен, балаларымызға: «Көршінің қуырдағына тиіспеңдер, жәй әшейін иіскеңдер!» –деп ұрысып тастағанбыз. Міне, он баланың анасы, жәрдемақысына биыл 228 теңге ғана қосылған әйелімнің аузында бірдеңе бұлтың–бұлтың етеді.
–Әй, не жеп отырсың?–деп сұрадым мен.
–Ет...
–О, атаңа нәлет...
–Мен әшейін, қуырдақты сорып отырмын.
–Көршіден ұят қой, ұят!
–Балалар бағана сорып кеткен...
–Жындысың ба? Адам деп біздің тоңазытқышқа тастап кетті ғой?
–Қуырылған еттің майын сорып тастадық әшейін. Жеген жоқпыз...
–Немене пәле етіп тастағансыңдар?–деп тоңазытқышты ашып қалсам, қуырыл–ған еттер бүрісіп, майларынан жұрдай, былайша айтқанда, қазіргі қағынған қыздар сияқты «тырдай» болып тұр екен.
–Бұл не? –деп сұрадым мен.
–Сорып тастадық.
–Сені де сореп–сореп тастай салсам, басқа біреу қатындыққа алар ма еді?
Қашан оянғанын қайдам, кіші балам белімнен түртеді.
–Әй, саған не жоқ, жалмауыз?
–Әке, мен де сорайыншы?
–Бәләйінші, бәләйінші! –деп тоңазытқыштың есігін тарс жаптым да, құшақтай алдым.
–О, айналайын, тоңазытқышым менің! Бізден сен бақыттысың! Толып тұрсың, тойып тұрсың! Қазақстан штрафстан болып кетті! Айлығымыз ауыз сүртуге жарамайды. Жарамаса, қойныңдағы қатының да қарамайды. Жастарымызда не үй жоқ, үй жоқ болған соң, көтеріңкі көңіл–күй жоқ...
Осылай ыңыранып тұрғанымда, әйелім мені жұлқи тартып: –Отан үшін, тамақ үшін алға! –деп ұрандатты да, тоңазытқышты ашып, кенеттен шабуыл бастады. Сол екен, аш балаларым уралап, қуырдақты қылғытып, шұжықтарды асқазандарына сырғытып, тамақ біткенді «тұтқынға» алды. Енді қайттік? Ертең миллионер көршімізге қай бетімізді көрсетеміз? Осыны сұрасам, кіші балам: «Қампиған ішімізді, ақсиған тісімізді көрсетеміз!» деп қояды. О, қу тамақ!

Мұхтар Шерім
677561

Мұхтар Шерім Жұмашұлы (Бүркеншік аттары: Жебе Садақұлы,Ратқұм МІРЕШ, МұхШЕР, Мен ғой... Жұмаштың жүгермегі.) .Республикаға танымал жазушы-сықақшы, Қазақстан жазушылар және журналистер одағының мүшесі.Шона Смаханұлы атындағы сын-сықақ байқауының бас жүлдегері.Бүгінде республикалық "АРА" газетінің арнаулы тілшісі. "Құдағи құшақтай береді", төрт томдық: "Кешіріңіз, сіз есек емессіз", "Талтайып тұрғым келеді", "Ымбаппа", Быт-шытыңызды шығарамын!" кітаптарының авторы.<…

Өмірбаян
Ұқсас сілтемелер: