BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

Мұхтар ШЕРІМ. «ӘТРАВЛЕНИЕ»

–Құсқанда, асқазаным аузыма келеді...

–Сіз... сіз екі қабатсыз.

Бір күні ішім бүрісті де қалды. Уқаласам да, сипаласам да қоймады. Әйелім «жедел жәрдем» шақыртып, аурухана кереуетінде бүк түсіп жатырмын! Құдайым–ай, беретінімді беріп, бастық болғаныма бес ай ғана өтіп еді, шенеунік атанғаныма қуанып–ақ жүр едім, қарашы, қырсықты?

–Мына жеріңіз ауыра ма? –деп сұрады дәрігер ішімді сипалап.

–Иии, сол жер!

–Мына жеріңіз ше?

–Иии, сол жер...

–Құсасыз ба?

–Құсқанда, асқазаным аузыма келеді...

–Сіз... сіз екі қабатсыз.

Басым дың, жүрегім зың ете қалды. Біріншіден, жасым келіп қалды, екіншіден еркекпін. Үшіншіден бастықпын!

–Қойыңыз– е, не деп тұрсыз? –дедім міңгірлеп.

–Жүрегіңіз айнып, құсады екенсіз ғой?

Бүк түсіп жатырмын. Ішім бүріп барады. Бала көтерген әйелдердің іші бүйтіп бүріп ауырмайтын шығар? Ойбай, есімнен шығып кетіпті, кешіріңіздер, мен еркек екенмін ғой? Осы біздің дәрігерлердің біразы біліксіздер! Дұрыс диагноз қоя аламайды. Нәйеті, қанның тобын ажырата алмайтындар бар ғой?

–Не жеп едіңіз? –деп сұрады дәрігер.

–Ақша...

–Кеше таңертең?

–Таңертең он мың теңгеге тиындар қосылған салат.

–Түсте?

–Әйелім жүз он мың теңгені пісте майға қуырып берді, жедім.

–Кешке ше?

–Кешке ме? Кешке парадан, жемқорлықтан жиылған теңгеге доллар, евро, рубль қосып, өзбекше тағам «дімләма» пісіріп берді, жедім.

–Міне, бәрін араластырып жегеннен «әтіравление» болғансыз! Сізге клизма жасаймын, тоңқайыңыз!–деп бұйырды дәрігер.

Құдайым–ай, тек теңгені жей берсем еді ғой? Қамыр үстіне бюджеттің теңгесін турап, сорпасын ішеееп отырғанға не жетсін! Ауру–ақшадан, ақшадан!

Мұхтар Шерім
677544

Мұхтар Шерім Жұмашұлы (Бүркеншік аттары: Жебе Садақұлы,Ратқұм МІРЕШ, МұхШЕР, Мен ғой... Жұмаштың жүгермегі.) .Республикаға танымал жазушы-сықақшы, Қазақстан жазушылар және журналистер одағының мүшесі.Шона Смаханұлы атындағы сын-сықақ байқауының бас жүлдегері.Бүгінде республикалық "АРА" газетінің арнаулы тілшісі. "Құдағи құшақтай береді", төрт томдық: "Кешіріңіз, сіз есек емессіз", "Талтайып тұрғым келеді", "Ымбаппа", Быт-шытыңызды шығарамын!" кітаптарының авторы.<…

Өмірбаян
Ұқсас сілтемелер: