BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 379.29 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 426.4 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.93
Астана:

Шымкенттің өз бренд өнімдері шығарылуы тиіс – Нарымбетов

Фото: Автор

Шымкент, BAQ.KZ тілшісі. Халқымызда «Ел болам десең бесігіңді түзе» деген сөз бар. Мемлекет басшысы Н. Назарбаевтың қазан жолдауы бесігімізді түзеуге бағытталған жолдау болды. Өйткені, Елбасы биылғы жолдауында білім-ғылым, денсаулық және жастар мәселесіне айрықша көңіл бөлді. Жастарымыз білімді де тәрбиелі әрі денсаулығы мықты болса ғана болашағымыз жарқын болады. Сонда ғана ісіміз алға басым, мемлекетіміз дамиды.

Нұр Отан» партиясы Шымкент қаласы филиалы төрағасының бірінші орынбасары Бахадыр Нарымбетов ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың қазан жолдауына қатысты ой-пікірін осылай бастады.

«Елбасы көп мәселені нақтыланып, жергілікті жердегі жағдаймен салыстыра отырып, айтып кетті. Бұл жолдауда қатты әсерленгенім – жолдауда педагог мәртебесі туралы айтылды. Мектепте жаңа әдістемемен сабақ беру, білім сапасын арттыру, мектептердің ғимараттарының қолайлы болуы, жаңа мектептер салу, үш ауысымда оқытатын мектептерді жою жөнінде нақты жасалуы тиіс шараларды шегелеп тұрып айтты. Сондай-ақ, білімге, ғылымға, медицинаға баса назар аударды. Жалпы ішкі өнімнің 10 пайызын ғылым, білім және медицинаға жұмсау дегеніміз өте жоғарғы көрсеткіш. Ғылым-білімі дамыған, сапалы медицинасы бар елдерде жалпы ішкі өнімнің кемі 7-8 пайызы осы салаларға бағытталады. Сондықтан да білім, ғылым және медицина – елдің болашағы. Кейінгі буын білімді әрі денсаулығы мықты, тәрбиелі болса, онда еліміз көш ілгері жүреді» деген Бахадыр Мәдәліұлының айтуынша, аталған салаларға қаржы бағыттауға мемлекеттік экономикалық әлеуеті молынан жетеді», -деді Бахадыр Нарымбетов.

«Қазан жолдауы – мемлекеттік саясаттың жүйелі түрде жүріп жатқанының тағы бір дәлелі. Жолдауда айтылған мәселенің барлығы бойынша бұған дейін бағдарламалар қабылданған. Бірақ, өмір бір орында тұрмайды. Кейбір тұстары бойынша қайта қарап, дұрыс жағына өзгеру бағыттарын көрсетті. Сондықтан бұл жолдау халықтың көңілінен шығатын жолдау болды.

Мысалы, ең төменгі жалақыны 28 мың теңгеден 42 мың теңгеге ұлғайту дегеніңіз көптеген бюджет қызметкерлерінің табысына оң әсер етеді. Жалпы жалақы мөлшері ең төменгі жалақы мөлшеріне байлансты қалыптасады. Жалақы көбейгеннен кейін соншама қаржы экономикаға құйылады. Бұл да экономикамызды дамуына серпін береді»

Мемлекет басшысының қазан жолдауында «Біз ауылдық жерлердің әлеуметтік ортасын жаңғыртуға кірісуіміз қажет. Бұған арнайы «Ауыл – Ел бесігі» жобасының іске қосылуы септігін тигізеді» деп айтылған.

Бахадыр Нарымбетовтен «Ауыл – Ел бесігі» жобасының мәнін қалай түсінетінін сұрағанымызда, мұны «әркім туған жеріне тағзым жасауы керек» деп білетінін айтты.

"Менің ойым – әркім туған жерге тағзым жасауы керек. Адамдар ауылда туып-өсіп, сосын қалаға өмір сүруге көшіп келеді. Бірақ, ауылда ел қалады. Қаланың жағдайынан ауылға бара қоймайды ғой. Сондықтан да егер де шамасы жетіп жатса, әрбір азамат туған жері – ауылына жәрдем беріп, бизнесмендер жолын төсеп, балабақшасын салып, мектебін жөндеуге көмектесіп жатса, құба-құп. Әрине, оның бәрі де бюджет есебінен де жасалады десек те кейде бюджеттің шамасы жетпей жатқанда, сол ауылдан шыққан азаматтар қол ұшын беруі керек. Елбасының қазан жолдауында «Ауыл – ел бесігі» жобасымен сол елге тағзым етуді меңзеп отыр деп ойлаймын. Алдын Рухани жаңғыруда да осы мәселе айтылды. Елбасы «Елді ұмытпаңыздар, туған жерді ұмытпаңыздар, өскен жер, біздің қаймағымыз - ауылда» дегенді үнемі айтып жүреді. Шын мәнінде, өзегіміз – ауылда ғой. Ауыл аман болса, қазақ елі аман болады. Елбасы жолдауында ауыл кәсіпкерлеріне шаруашылық жүргізудің жаңа дағдыларын үйрету үшін жаппай оқыту жүйесін қалыптастыру қажеттігіне айрықша тоқталды. Ауыл тұрмысына автоматтандыру және жаңа технологияларды енгізуге мән берді. «Біз міндетті түрде соған барамыз, басқа жол, басқа бағыт жоқ» деп отыр. Мұның салдарынан көптеген жұмыс орындары қысқаратынын да айтты. Ауылда қазірдің өзінде жұмыс орны көп емес. Автоматтандыру, механизациялау жаңа технологияларды енгізу - «жұмыс орындары тағы да азаяды» деген сөз. Сондықтан дәл осы бағытта алда болатын жұмысты жоспарлауды тапсырды. Жастардың ақпараттық технология, инженерия жағына мамандануына мемлекет тарапынан, үкімет тарапынан көңіл бөлу де маңызды мәселе. Мұны жүйелі түрде, бүкіл мемлекеттік органдар және бизнес атсалысып істемесе, жетістікке жету қиын. Елбасы осы жағынан айтты. Және де келер жылды «Жастар жылы» деп жастарға, болашаққа үлкен сенім артып отыр», - дейді Бахадыр Нарымбетов.

Айта кетсек, мемлекет басшысы қыркүйектің соңында Шымкент қаласына іссапарында қала активімен кездесіп, келешекте әлемде ірі-ірі 600 қала қалатынын, бәсеке сол қалалардың арасында жүретінін айтқан болатын. Мұнымен қатар Шымкент – жастар қаласы деп анықтама бергенді. Енді міне осы Шымкенттің әрі мегаполис әрі жастар қаласы атануынан кейін алдағы уақытта қалада жастарға жұмыс тауып беру, жастарды сыртқа жібермей, ұстап қалу мүмкіншілігі қандай? Осы сауалдың жауабын қалалық партия төрағасының бірінші орынбасарынан сұрағанымызда, мынадай жауап алдық.

«Жұмыс орындарының ашылуы – тікелей экономиканың дамуына байланысты. Экономика дамыса, жаңа жұмыс орындары ашылады. Себебі, жаңа өнеркәсіптер, жаңа жұмыс орындары, жаңа технологиямен бірге келеді. Жастарды жұмыспен қамту үшін бізде индустрия жағын дамыту керек. Жалпы жұмыс таңдау, жұмыс табу мәселесі әр жастың алдында бар. Жастар жұмыс табуына өзі де септесуі керек. Қандай мамандар қажет, қандай дағдыларға сұраныс барын біліп, соған бейімделуі шарт. Мысалы, мен алдын газ саласында жұмыс істедім. Сонда байқағаным - газ саласының инженерлері аз екен. Таптырмайды. Соған көзім жетті. Шымкенттегі үлкен газ компаниялары сондай мамандарды Ақтөбеден, Маңғыстаудан, Орал алдырады. Себебі өзімізде тапшы. «Бұған біздің жастар өзі кінәлі» деп айтуға болмайды. «Әйтеуір жоғары диплом алса болды» түсініктегі кездер өтті. деген. Бәрі жаппай сапалы білім алу емес, жоғары диплом алуға кірісіп кетті. Әрбір жас болашағын ойласа, ертең жұмыс істей аламын деген мамандығын таңдап, соны меңгергені жөн. Жастарымыз білімді, дені сау әрі тәрбиелі болса, жұмыс көп. Екіншіден, Шымкентте индустриалды аймақтар бар. Солар жақсы жұмыс істеп жатыр. Индустрияландыруды тоқтатпауымыз қажет», - деген Бахадыр Нарымбетов Шымкенттің қай-қай бағыттарды жұмыс істеуі ұтымды екенін де тарқатып берді.

«Біріншіден, индустрияландыруды аймаққа қарап, бейімдеу керек. Мысалы, Шымкенттің айналасындағы аудандардың барлығы – ауылшаруашылық өнімдерін шығарумен айналысады. Соны өңдеу жағына мән беруіміз керек. Адам тамақ ішуден ешқашан тыйылмайды. Шымкентте тамақ индустриясын дамытуға барлық жағдай бар. Мысалы, мейіз, өрік, жаңғақ дейміз. Базарға барсаңыз, сондағы кепкен жемістердің бәрі көршілес елдерден импортталатынын көресіз. Біздің өнім қайда сонда? Жүзім-өрікті кептіре алмайтын болғанымыз ба? Бізге осы тамақ өнеркәсібін дамытуға баса көңіл бөлген жөн. Сондай-ақ, Шымкентте индустрияландырудың көрсеткішіне айналатын бренд тауарлары болғаны қажет. Екіншіден, туризм жағын дамытуымыз шарт. Шымкент – туризмге өте ыңғайлы. Қаланың орналасуы өте қолайлы. Әуежай бар, темір жол бар, Батыс Еуропа-Батыс Қытай халықаралық көлік дәлізі бар. Жеті жолдың торабында орналасқанбыз. Осыны пайдаланып, туризмді дамытса, ол – үлкен индустрия.

Туризмді көбісі «Шымкентке келіп, не көреді. Мақұл екі күн айналады. Бір күн айналып, қайтады» деп түсінеді. Бұл қате пікір. Шымкент туризм орталығы болады. Яссауи кесенесін көрем, Ақмешітті көрем, Қазығұртқа барам, Шардараға барам, тауға шығам деп келгеннің барлығы да осы Шымкенттен бастайды. Шымкент – логистика жағынна қолайлы. Шымкентті туризм орталығы ретінде дамытып, қаладан жан жаққа туристік бағыттар ашуға болады. Түлкібастан бастап Түркістанды айналдырып, Шардараға апарып, Шымкентке алып қайтып, осы жақтан шығарып салсақ, қаланың экономикасына үлкен серпін береді. Бұдан бөлек, Елбасы айтқандай, ішкі туризмді дамытудың рөлі зор. Адам өз туған жерін танып біліп, сосын басқа өңірлерді аралап, бүкіл Қазақстанды тани түссе, туризм де алға жылжиды, қаржы да өзімізде қалады».


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер