BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

Сенімімізге серпін берген Жолдау – Нұрмахан Жолдасов

Фото: Автор

Түркістан облысының жұртшылығы Елбасының Қазақстан халқына жолдауынан ерекше күш-қуат алып, жаңа белестерге ұмтылады. Қазан жолдауы да болашағымызды баянды ете түсетін, тың серпіліс әкелетін, заманауи жаңалықтарға толы болды. Бұл туралы аймақтағы Baq.kz тілшісіне «Нұр Отан» партиясы Түркістан облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Нұрмахан Жолдасов айтып берді.

«Ынтымағы мен бірлігі жарасқан қазақстандықтар Тұңғыш Президентіміз Елбасы Н. Ә. Назарбаевтың әрбір Жолдауынан тың серпілістер мен заманауи жаңалықтар күтетіні, содан рухани қуат, күш-жігер алып жаңа белестерге құлаш ұратыны бесенеден белгілі. Бұл – тарихи дәлелденген, мойындалған аксиома. Оған біздің өңірлік және жаһандық проблемаларды шешу ісіне зор жауапкершілікпен қарайтын жауапты, қалаулы халықаралық серіктес ретінде танылғанымызды айтсақ болады. Еліміз ТМД және Орталық Азия елдері арасынан «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесін өткізу үшін әлемдік қауымдастық таңдап алған бірінші мемлекет болды. Біз Еуразия өңірінің қаржылық, іскерлік және мәдени орталығы ретінде қалыптасып келе жатқан Астананы салдық. Халқымыздың саны 18 миллионнан асып, өмір сүру ұзақтығы 72,5 жасқа жетті. Соңғы 20 жыл ішінде елімізге 300 млрд АҚШ көлемінде тікелей инвестиция тартылды. Нәтижесінде Қазақстан Дүниежүзілік Банктің бизнес жүргізу жеңілдігі рейтингісінде 190 елдің ішінде 36-орынға көтерілді.Осы жылдар ішінде қолға алынған «Нұрлы жол», «100 нақты қадам»-Ұлт жоспары», «Бизнестің жол картасы-2020», «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» сынды бағдарламаларымыз өз нәтижесін еселеп беруде» деген Нұрмахан Жолдасов қазан жолдауының бұқараға берерін төмендегідей санамалап шықты.

Сонымен...

«Халықтың күнкөріс жағдайы оның табысына байланысты екені белгілі. Осы жолғы Жолдаудағы Елбасының Үкіметке 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап ең төменгі жалақыны 1,5 есе, яғни 28000-нан 42000 мыңға дейін өсіруді тапсырғаны бәрімізді қуанышқа бөледі.

Екіншіден экономикада бәсекелестікті дамыту және тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығымен табиғи монополиялардың қызметі үшін белгіленген тарифтер саласында тәртіп орнату мақсатымен батыл шаралар қабылдау керек,- дегені көңілімізге берік сенім ұялатты. Осы мәселені түбегейлі шешу үшін Үкіметке 3 ай мерзім берілді. Өйткені монополистердің инвестициялық міндеттемелеріне тиімді мониторинг пен бақылау жүргізілмей отыр. Яғни монополияға қарсы ведомствоның жұмысын реформалау керек дегені де қызу қолдайтын тапсырма.

Тәртіпке бағынған құл болмайды,- деп Бауыржан атамыз айтпақшы, қатаң тәртіпті ұстанбай – жібі түзу ел бола алмаймыз. Елбасының осыған байланысты «2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап салық заңнамасының бұзылуы жөніндегі қылмыстық жауапкершіліктің қолдану шегін, айыппұлды өсіре отырып 50000 айлық есептік көрсеткішке дейін арттыруды тапсыруы көптеген саладағы заң бұзушылыққа тосқауыл қоятыны айтпаса да түсінікті.

Сонымен бірге көбінесе «Еңбегі еш, тұзы сор» болып жүретін шаруаның басты проблемасы алажаздай терін төккен дайын өнімін дер кезінде өткізе алмауы және өңдей алмауы. Ішкі нарықты отандық өніммен толтыру үшін, экспорттық әлеуетімізді жүзеге асыру үшін бұл күрделі мәселенің бірі. Сол себепті Үкіметке өңдеу өнеркәсібі мен шикізаттық емес экспортты қолдау мақсатымен алдағы 3 жылда қосымша 500 млрд теңге бөлуді, Ұлттық банкке кемінде 600 млрд теңге бөлуге пәрмен бергені аталған саланың мамандарын қуантқаны сөзсіз.

Елбасының «Америка халқының 2-ақ пайызы, Қазақстан халқының 40 пайызы ауылды жерлерде тұрады. Бірақ сол американың ауылда тұратын 2-ақ пайыз фермері күллі елді азық-түлікпен қамтамасыз етіп отыр» дегені таңғалдыра отырып үлкен ойларға жетелейді.

Демек, Агроөнеркәсіп кешенінің әлеуетін толық іске асыру керек. Осы мақсатқа яғни еңбек өнімділігін және қайта өңделген ауыл шаруашылығы өнімінің экспортын 2022 жылға қарай 2,5 есеге көбейту аталмыш проблеманы шешуге бағытталған үлкен, нақты қадам десек болады. Ол үшін аталған саладағы үздік шетелдік мамандарды, «ақылды адамдарды», заманауи технологияларды тартуымыз қажет. Осы мақсатқа Үкіметке алдағы 3 жылда жыл сайын 100 млрд теңге бөлуді қарастырыңдар дегені үкілі үмітімізді еселей түсті.

«Елу жылда ел жаңа, жүз жылда қазан» дейді дана халқымыз. Заман көшіне ере алмасаң жолда қаларың сөзсіз.

Сондықтан ең алдымен «болашақтың экономикасының» баламалы энергетика, жаңа материалдар, биомедицина, үлкен деректер, заттар интернеті, жасанды интеллект, блокчейн сынды дамыған елдердің алға ұстанған, сол арқылы Алтынсарин атамыз айтпақшы: «тастан сарай салдырып, айшылық алыс жерлерден көзді ашып-жұмғанша жылдам хабар алдыратын» дәрежесіне жетуіміз керек.

Себебі, еліміздің жаһандық әлемдегі орны мен рөлі осыларға байланысты болады,-дегенін нағыз заманауи көрегендік демеске әддіміз жоқ.Үкіметке Назарбаев университетімен бірлесіп нақты жобаларды анықтай отырып, әрбір бағыт бойынша арнайы бағдарламалар әзірлеуді тапсыруын үлкен істің басталғаны деп білеміз.

«Байлық-шайлық тиын-тебеннен құралады» демекші, нақты экономиканы өркендету үшін қаржы секторын күшейту маңызды қадам болмақ.Ол үшін әрине ұзақ мерзімді макроэкономикалық тұрақтылықты қамтамасыз ету қажет.

Елбасы көптен айтып келе жатқан өңдеу секторы мен шағын орта бизнесті несиелендіруді ұлғайту мәселесін тағыда тереңінен қозғап отыр. Ол үшін Ұлттық банк Үкіметпен бірлесіп, қаржы секторын және нақты секторларды сауықтыру мен инфляцияға қарсы кешенді саясат жүргізуді жүйелі түрде шеу керек,-деп қолмен қойғандай бағыт береді. Бұл шаралар жүзеге асқан жағдайда жаңа жұмыс орындарының ашылуынан қазақстандықтардың табысы артатын болады,-деп тұжырады. Қарапайым халыққа мұнан артық не керек?

Елбасының кезекті Жолдауынан үлкен әсер, шабыт ала отырып көкейіме түйген қысқаша пікірім осылай болып отыр. Қазақстандықтардың болашағына , бақуатты өміріне бағытталған аталған Жолдаудағы мәселелердің бәрі жүзеге асатынына сенімім кәміл».


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер