Нұридін Балқияұлы: Жолдау — жаңалық емес, өмір талабы - Жолдау|26 Қаңтар 2018, 19:07
BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

Нұридін Балқияұлы: Жолдау — жаңалық емес, өмір талабы

Мұхамеджан Тынышбаев атындағы Қазақ Көлік және Коммуникациялар академиясының профессоры Нұридін Балқияұлы Елбасының Қазақстан халқына Жолдауына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Baq.kz ақпарат агенттігі.

Елбасы «Болашаққа бағдар – рухани жаңғыру» атты мақаласында жаңа технологияның ағыны алып келетін өзгерістердің бәріне дайын болу керектігін, таяудағы он жылда біздің өмір салтымыз: жұмыс, тұрмыс, демалыс, баспана, адами қатынас тәсілдері түбегейлі өзгереді дегеніндей, 2018 жылы 10 қаңтардағы Қазақстан халқына Жолдауында «Төртінші өнеркәсіптік революция әлеміне бейімделу мен жетістікке жету жолын табу» үшін не істеу қажеттігін айқындаған.

Ол үшін, елімізге индустрияландыру жаңа технологияларды енгізудің көшбасшысына айналуы тиіс, ресурстық әлеуетті одан әрі дамыту, «Ақылды технологиялар» - агроөнеркәсіп кешенін қарқынды дамыту, көлік-логистика инфрақұрылымының тиімділігін арттыру, құрылысқа және коммуналдық секторға заманауи технологияларды енгізу, қаржы секторын «қайта жаңғырту», адами капитал – жаңғыру негізі, тиімді мемлекеттік басқару, жемқорлықпен күрес және заңның үстемдігі, «ақылды қалалар – ақылды ұлт үшін» атты міндеттерді шешуге жұмыла кірісудің керектігін атап көрсеткен. Сөз жоқ бұлар – озық дәстүрлерді табысты жаңғырудың маңызды алғышарттары.

Өндірісті индустрияландыру, жаңа технологияларды енгізу міндеті бірінші орынға қойылғаны Үдемелі индустриялық даму мемлекеттік бағдарламасын (2010-2014жж.) іске асырудың жалғасы болмақ. Инновациялық даму мен ғылыми-техникалық әлеует өзара тығыз байланысты. Қазақстан халқына Жолдауында көрсетілгендей «нақты сектордың жаңа технологияларға деген сұранысты ынталандыруы және венчурлық қаржыландырудың жеке нарығынның қызметі инновациялық жетістіктерінің негізгі факторлары» болатындықтан, «тиісті заңнама» қабылдануымен қатар, ең бастысы оның орындалуы өзекті мәселе. Өйткені, дереккөздері көрсеткендей, «ғылыми жаңалықтардың өндіріске енгізілуі төмен, технологиялық жаңалықтарды жүзеге асыру жетістіктері әлсіз, шағын инновациялық кәсіпкерлік өз дәрежесінде дамымай отыр.

Қазіргі күнде тіркелген 31 077 кәсіпорынның 1 743-інің ғана инновациялық белсенділігі - 5%; ғылыми зерттеу институттарының материалдық-техникалық жабдықталуы әлсіз. 2016 жылы елімізде ғылыми зерттеулерге бөлінетін қаржы 0,17% құраған (дамыған елдерде бұл көрсеткіш – 3-4% аралығында). Оның үстіне ғылымға бөлінетін қаржының қайтарылымы қадағаланбайды, қаржыны бөлуде белгілі бір жүйелілік, жоспарлылық жетіспейді. Мұндай жауапсыздық қолданыстағы мониторинг жасау жүйесінің тиімсіздігін көрсетеді. Көңілге демеу беретіні, еліміздің технопарктерінде табыспен жүзеге асырылған жекелеген жобалардың барлығы. Өкінішке қарай, олар шетелге шығарылмақ түгілі, отандық нарықты да толтыра алмай отыр.

Елімізде ғылыми зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстармен айналысатын мамандардың саны мен сапасы да сын көтермейтін өзекті мәселелердің бірі. Бүгінде елімізде 383 ғылыми ұйым және оларда 1 742 маман-зерттеуші қызмет етеді. Салыстырсақ ғылыми ұйымдарда Германияда 4 миллионға жуық, Жапонияда 5 млн адам еңбек етеді. АҚШ-та 2016 жылы 304 мыңнан астам өнертабысқа патент алынған, яғни күніне 800 өнертабыс тіркелген. Ал, Қазақстанда 2016 жылы 1 221 табысқа тиісті құжат тіркелген.

Дамыған елдерде өнертапқыштарға, шағын фирмаларға техникалық жаңалықтарды қаржыландыруға көмек көрсетіледі. Бұл мәселелерді тыңғылықты шешу – гранттық қаржыландырумен шұғылданатын Индустрия және Даму, Білім және Ғылым министрліктері, технологиялық даму жөніндегі ұлттық агенттік, сондай-ақ жергілікті әкімшіліктер мен жоғары оқу орындарының ғылымды басқару, ұйымдастырудағы белсенділігіне тікелей байланысты.

Қазақстандық экономиканың инновациялық дамуы үшін ғылыми-зерттеу институттарының материалдық-техникалық базасын заманауи технологиялармен қамтамасыз етуі, нарықта сұранысқа ие өнімдерге бағытталған өнертапқыштар мен пайдалануға шағын фирмаларға техникалық жаңалықтарды ашуға қажетті қаржы уақтылы бөлініп, іске асырылуы керек. Ғылыми идеяны коммерцияландыруда Жолдауда көрсеткендей мемлекеттік – жеке серіктестік мүмкіндіктерін пайдаланған абзал. Индустрияландыру жаңа технологияларды енгізуде анықталған белгіленген бағдарламаның және оны іске асыруда ашықтық, әкімшілік кедергілерді азайту, сыбайлас жемқорлықпен күресті күшейту, белгілі кәсіпкерлердің оң іс-тәжірибесін жоғары және кәсіби оқу орындарында білім беруде пайдалану, ғылыми-зерттеу ұйымдары мен кәсіпорындар қызметінің ашықтығы, ғалымдарға лайықты жалақы төлеу, жас ғалымдарды қаржылық, моральдық ынталандыру, инновациялық кәсіпорындарды қолдау (салық, субсидия т.б. жеңілдіктер жасау) жүйесін қалыптастыру ғана оң нәтижелерге қол жеткізеді.

Еліміздің көлік-логистика инфрақұрылымының тиімділігін арттыру міндетін іске асыру аса маңызды. Деректерде көрсетілгендей, Қазақстанның логистика саласы басқа елдермен салыстырғанда өзгеше ерекшеленеді.

Ресми деректерге сүйенсек, 2017 жылы қаңтар-желтоқсанда Республика көлігімен 3 916,2 млн тонна жүк тасымалданған, бұл өткен жылмен салыстырғанда 5,2% жоғары, осы кезеңдегі жүк айналымы 555,4 млд т/м құраған, бұл өткен жылға қарағанда 7,9%-ға артқан. Жүк айналымында теміржол көлігінің үлесі 47,19%, автомобиль көлігі – 29,14%, құбыр көлігі – 23,37%, көліктің басқа түрлері (әуе, ішкі су, теңіз) – 0,30% құрады.

Бұл оң көрсеткіштер тәуелсіздік жылдарында еліміздің төрт құбыласын байланыстыра түгендеген жаңа теміржол тораптарының 2682 километрге созылып, «Батыс Қытай – Батыс Еуропа автомобиль жолының» іске қосылуының нәтижесі деуге болады.

Логистика – экономиканың күретамыры. Елімізге жан-жақтан ағылатын тауардың түр-түрі межелі жеріне логистика арқылы жеткізіліп отырады. Логистика – тауарды аз шығындармен жеткізіп, мол пайда табу көзі.

Жолдауда көрсетілгендей «Үлкен деректерді» (Big data) пайдалану сапасы талдауды қамтамасыз етуге, өсімнің резервін анықтауға және артық шығынды азайтуға жағдай туғызады. Қазақстанның геостратегиялық әлеуетіне және экономикада көліктік инфрақұрылым жүйесін құрушы ұлттық көлік-логистикалық операторы «Қазақстан теміржолы» ҰК» АҚ.

Жолдауда жалпы ішкі өңірлік қатынастарды жақсарту үшін автожолдардың жергілікті желісін жөндеу мен қайта салуға жыл сайын бөлінетін бюджет қаражатының жалпы көлемін орташа мерзімдегі кезеңде 150 миллиард теңгеге жеткізу қажеттігі баса айтылған.

Әрине, көрсетілгендей күрделі қаржының қайтарылымы болуға тиіс. Өкініштісі, көлік-логистика инфрақұрылымына салынған инвестициялардың ашықтығының болмауы, әсіресе жаңадан салынған автомобиль жолдарына кеткен қаржының қайтарымы туралы мәліметтердің жоқтығы.

Қаржы секторын «қайта жаңғыртудың» қажеттілігі өте өзекті. Мемлекеттік «Самұрық-Қазына» компаниясында қаржы бөлу арқылы «Казкоммерцбанктің» қиын жағдайдан құтқарылуы, ұлттық қорымызға қазба байлықтардың еншісінен түскен 22 млрд доллар таза ақшасы АҚШ-та бұғатталуы, Амстердам сотының голландиялық KMG Kashagan B.V. кәсіпкерлігіндегі Еуропа елдеріндегі компанияларға тиесілі Қазақстанның үлесі 5,2 млрд доллар қаржының тұтқындалуы, сондай-ақ Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан алынып, Әзербайжанда қалып қойған 250 млн доллар қаржының тағдыры халықты алаңдатар мәселелер.

Жолдауда дұрыс көрсетілгендей, «банк иелері экономикалық жауапкершілігіне сәйкес, өз шығындарын өздері жабуы тиіс. Акционерлердің аффилирленген компаниялар мен жеке адамдардың пайдасы үшін банктерден қаржы шығаруы ауыр қылмыс саналып» жазалануы керек.

Ұлттық банктің хабарламасы бойынша 2017 жылдың бірінші жарты жылдығында «Қазақстанның сыртқы қарызы 167,9 млрд АҚШ долларын құраған, оның ішінде 13,2 млрд доллар (7,9%) мемлекеттік секторға, 6,2 млрд доллар (3,7%) – банктердің сыртқы қарызы, 42,4 млрд доллар (25.2%) тікелей инвестицияға байланысты емес секторға тиесілі, 106,1 млрд доллар (63,2%) фирмалар аралық қарыздар.

Әрине, мұндай келеңсіз жағдайлардың алдын алу үшін «Ұлттық банк қаржы институттарының қызметін қатаң қадағалап, үкіметпен бірге экономика салаларындағы нақты тиімділікті есепке алатын ставкалармен бизнеске ұзақ мерзімді несиелендіруді қамтамасыз ету мәселесін бірлесіп шешкені» абзал.

Жолдауда айтылған «Білім беруді жаңа сапаға көтеру, мектепке дейінгі білім беруден бастап, орта білім беру саласында жаңартылған мазмұнға көшу, жастарды жаңа технологиялық өзгерістерге сәйкес дайындау, бұл мақсаттарға жетуде білім беру мекемелерінің арасындағы бәсекелестікті арттырып, жекелік капиталды тарту арқылы жас ұрпақты ғылыми-зерттеу саласына және өндірістік-технологиялық ортаға ұйымды түрде кірістіру» заманауи талаптарға сәйкес келеді.

Әрине, мұндай асыл мақсаттар қазақ тілін жаңа әдістемелер негізінде орыстілді мектептерде оқыту және латын әліппесіне өткізу, ағылшын тілін саналы түрде меңгеруге негіз болып табылады.

Мұндағы көңіл аударатын мәселе: «сынға ұшыраған аударма» мәселесін ретке келтіру, (ол тіл мамандары мен тіл ғалымдарының ісі десек те) қазақ тілін заманауи талаптарға сәйкес стандарттау, тіл орнықтылығын белгілеу, мұнда тілдік белгілердің сыртқы пішінін дыбыспен және әріппен беріліп, тілдік белгінің мағынасын ашатын жетілген ережелерді қабылдап қана қолдануы қажет.

Егер «біздің барлық түлегіміз елімізде және жаһандық әлемде қажетті үш – қазақ, орыс, ағылшын тілдерін меңгеру керек» десек, қазақ тілін басқалардың үйренуінің қажеттілігін тудыру маңызды. Ал ел, адамдардың рухани сұранысы қазақ тіліндегі сапалы контент арқылы ғана жүзеге асырылады. Ол үшін біріншіден, қазақ тілі өмірлік тәжірибеде ресми-кеңселік тілге нақты ие болуы керек.

Ғылымды дамытуға қаржы көлемін ұлғайтып, Жоғары оқу орындары шетелдердің жетекші университеттерімен, ғылыми орталықтарымен, ірі кәсіпорындарымен және трансұлттық корпорациялармен бірлескен жобаларды белсенді түрде жүзеге асыру аса маңызды. Дей тұрғанмен, ғылыми жаңалықтарды жариялау мен оны іске асыру әр ел үшін құпия болып қала береді.

Сондықтан өз елімізде ғылымға ерекше көңіл бөлінгені, жастар арасында ғылымға деген құлшынысты арттыру, білікті танымал ғалымдарға жасына қарамай қолдау көрсету, отандық ғылыми мекемелерді және ЖОО-ны заманауи құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету, олардың арасында тығыз байланыс орнату, ғылыми жобаларға халықаралық сараптамалардың жасалуы күн тәртібіндегі шешімі табылуы керек өзекті мәселелер.

Ғалымдар еңбегін бағалап, оларға дамыған елдердегідей орташа тапқа сәйкес жалақы деңгейін көтеру адами факторды оң пайдалану болып табылады.

Жолдауда «Халықтың өмір сүру ұзақтығының өсуі медициналық технологиялардың дамуымен қатар саламатты өмір салтын енгізуге бағытталған жоспарлы іс-шараларды іске асыруды күшейту керектігі» атап көрсетілген.

Ғылыми деректер бойынша, біздің аймаққа байланысты адамдардың денсаулығына негізгі үш фактор әсер етеді.

Бірінші – адамның өздерінің ақылға сыймайтын, жөнсіз іс-әрекеттерімен (40 жылдан астам елімізде ядролық сынақ өткізудің зардаптарын қоса) мыңдаған жылдарда қалыптасқан табиғат теңдігін жою.

Екіншіден, тұрғындардың 80%-ының денсаулығы әлеуметтік (еңбекақы, тұрғын үй, тамақтану, жұмыссыздық және т.б.) факторларға байланысты.

Үшінші тұрғындар денсаулығының 10-15%-ы денсаулықты қорғау саласының қызметіне тәуелді.

Сондықтан, елімізде халықтың, мемлекеттің және жұмыс берушінің ортақ жауапкершілігіне негізделген міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне көшіп, басқа да жолдауда көрсетілген іс-шараларды, «халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы заманауи талаптарға сәйкес, қабылданатын жаңа Кодекс» негізінде, сондай-ақ әлеуметтік саясат арқылы азаматтарды толыққанды экономикалық өмірге тарту арқылы жүзеге асырылуына» үміт етеміз. Жолдаудағы жемқорлықпен күрес және заңның үстемдігі мен тиімді мемлекеттік басқару мәселелері бір-бірімен астарлы.

Жолдауда көрсетілгендей «Соңғы 3 жылда ғана жоғары лауазымды шенеуніктер мен мемлекеттік компаниялардың басшыларын қоса алғанда, жемқорлық үшін 2,5 мыңнан астам адам сотталған. Ақпарат көздеріндегі деректер бойынша, 2017 жылдың тек 10 айында 1000 іс сотқа тапсырылған. Сот шешімімен 11 млрд теңге мемлекетке қайтарылған.

Ең сорақысы, «коррупция» ауруына шалдыққандар үкімет басшылары, министрлер, ұлттық компаниялар басшылары және мемлекеттік басқарудың барлық саласында кездеседі. Мұның бәрі аға ұрпақ өкілдеріне жататын, біздер үшін, сондай-ақ есті адамның өзі үшін ғана емес, өскелең ұрпақ үшін де үлкен қасірет.

Ел Президенті осыдан біраз жыл бұрын «құқық қорғау жүйесін оңтайландырып, әрбір мемлекеттік органның нақты құзыретін түзу, заңдарымызды ізгілендіріп, олардың сапасын арттыру, құқық қорғау жүйесінің қызметінде ішківедомствалық мүддеден азаматтардың құқы мен мемлекеттің мүддесін қорғауға қарай ауыстыру, парламенттік және қоғамдық қатал бақылауды қамтамасыз ету» жұмыстарын шұғыл іске асыруға тапсырма берген болатын. Ұлттық экономиканың бәсекеге қабілеттілігін арттыру үшін «Бизнестің жол картасы – 2020» атты бағдарлама да қабылданып қолға алынды.

Мемлекеттік басқарудың тиімділігін арттыру барысында үкімет бизнесті көлеңкеден шығарып, оны қолдауға бағытталған жүйелі шараларды дайындау, мемлекеттік органдарға бағынышты ұйымдардың санын қысқарту есебінен жекешелендіру жоспарын кеңейте отырып, оны іске асыруды жеделдету әкімшілік шығындарды азайту үшін бір орынға қарайтын қажетті ұйымдарды мүмкіндігінше біріктіру, өңірлердегі мемлекеттік қызметтің тиімділік әлеуетін олардың экономикалық дербестігі мен жауапкершілігін арттыру арқылы мейлінше толық ашатын шешімдерін іске асыру экономикалық жаңғырудың ең басты негізі десек артық емес.

Өйткені, саяси әлеуметтік институттардың халық игілігіне қарай нәтижелі қызмет етуі, Президент алдындағы жауапкершілігін арттыру күрделі мәселеге айналғандай. Біраз жыл бұрын баспасөзде жарық көрген «Нұр Отан» партиясы саяси кеңесі хатшысының «Элитаның Президент алдындағы жауапкершілігін арттыру керек. Мен бір сараптама жасадым. Соңғы 4-5 жылда Президенттің протоколды тапсырмаларын қарадым. Көрсетілген мерзімдегі әр түрлі салада, әр түрлі бағыттарға қатысты 750-ге жуық тапсырманың 300-ден аса көлемі орындалмаған», деуі көңілге қаяу түсіреді.

Сондықтан да мемлекеттік басқаруда терең талдау мен зерттеу негізінде қабылданған шешімдер мен нақты тапсырмалардың шынайы белгіленген мерзімде орындалуы Ахмет Байтұрсыновтың «мойындағы борышты білу – білім ісі, оны төлеу – адамшылық іс» дегеніне саяды. Түйіндеп айтсақ, тұлға мен мемлекет жарастығын қамтамасыз ету биліктің негізгі қызметі ғана емес басты парызы да.

Қадірлі ағайын, қол жеткізген тәуелсіздіктің басты құндылық екенін түсінетін мезгіл жетті, осыған мемлекетшілдік пен дәстүрлі ұлттық құндылықтарымызды қосып, азат елдің жарқын келбетін жасауды жүйелей отырып, Елбасымыз айтқандай: «Тәуелсіздікті ай сайын, апта сайын, сағат сайын, сәт сайын қорғап күшейте беру керек» емес пе?!

Елім, жерім, ұлтым деген әрбір азамат өзге елдермен, шет мемлекеттермен жарысқа түспек қазіргі кезеңде, дегдарлық қасиетті оятып, қуаттау, қанағаттандыру секілді іс-әрекеттермен өз басына, жақындарына қоршаған ортасына, Отанына адал қызмет жасауы абзал.

Сөз жоқ, жемқорлықтың алдын алуға бағытталған күрес, азаматтардың конституциялық құқықтарына кепілдікті нығайту, құқық үстемдігін қамтамасыз ету, құқық қорғау қызметін ізгілендіру, сот пен құқық қорғау жүйелерін институционалды тұрғыдан өзгерту жұмыстарының жүзеге асырылуының жалғасуы көңілге демеу.

Ұлт жаңашары Мұстафа Шоқайдың «...ұлтты құтқару күресі сыртқы жауды жеңіп, туған жерін азат етумен ғана шектелмейді. Ұлтты көтеру көбіне-көп ішкі реформаларға байланысты болатында, реформаның қарқыны да ұлттың бойындағы дерт-дербездің қандайлылығына тәуелді еді. Мемлекетті қасіретке душар еткен дерт-дербезден құтқаруға бекем байлаған адам кез келген кедергіні жеңуі алға қойған мақсатқа қарай батыл қадамдар жасауға тиіс. Ұлт үшін азаттық пен тәуелсіздіктен артық тағы қандай қасиетті нәрсе болмақ?» дегені бүгінгі күнге сәйкес келеді.

Тарих көрсеткендей, саяси элита ұлт мүддесін ойлай, қорғай білген қоғамның даму жолы айқын әрі сапалы болмақ. Егер де билік ұлт мүддесімен сәйкес келсе, онда саяси жүйенің қызметі де оң нәтиже береді.

Америкалық әлеуметтанушы Эльвин Таффлер «билік – үш негізгі қайнар көзге негізделеді, яғни күшке, байлыққа және білімге. Алғашқысы – ең әлсізі – билік, екіншісі – байлық – орта деңгейде, ал білімге негізделген билік қана баянды және алдыңғы екеуіне жүргізетін пәрмені де күшті» дегенін, сондай-ақ ұлы бабамыз Әбунасыр әл-Фарабидің «адамға ең бірінші білім емес, тәрбие берілуі керек: тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы, ол келешекте оның өміріне апат әкеледі» деген өсиетін есте сақтай білейік.

Қорыта айтқанда, қадірлі ағайын, бәріміз елімізде «тәрбиелеу және өскелең ұрпақ бойына «Мәңгілік ел» идеясы негізінде ортақ құндылықтар саналатын азаматтық теңдік, еңбексүйгіштік, адалдық, ғұламалық және білімпаздық культін «зайырлы ел – толерантты ел» идеологиясын қалыптастырып, Жолдауда көрсетілген игі шараларды іске асыруға бір кісідей ат салысайық.

Мұхамеджан Тынышбаев атындағы Қазақ Көлік және
Коммуникациялар академиясының профессоры Нұридін Балқияұлы


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер