BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

Нығматулин Ертіс өңірінің еңбек ұжымдарымен Елбасы Жолдауын талқылады

Фото: Автор

Павлодар. BAQ.KZ тілшісі. ҚР Мәжілісінің төрағасы Нұрлан Нығматулин Елбасы Жолдауының негізгі бағыттарын Павлодар облысының еңбек ұжымдары және жастарымен талқылады.

Жұмыс сапары барысында Нұрлан Нығматулин қазақстандық электролиз»зауытында болып, кәсіпорынның жұмысымен танысты. Өнеркәсіп саласының майталмандарымен жүздесіп, Жолдаудың негізгі тетіктерімен танысты.

Айта кетейік, өндірістік қуаттылығы жылына 250 мың тонна өнімді құрайды. Бірегей кәсіпорын ішкі нарықтан бөлек, өнімдерін әлемнің 20-дан астам еліне тасымалдайды. Олардың қатарында Ресей, Беларусь, Өзбекстан және Еуропа елдері бар.

«Алғашқы металлургиялық алып тәуелсіздык жылдары бой көтерді. Зауыттың іргетасын қалау рәсіміне ел Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысқаны есімізде. 2010 жылы кәсіпорынның екінші кезегінің іске қосылуына да Мемлекет басшысы қатысты. Бүгінде бұл зауыт - Қазақстанда алюминий өндіретін жалғыз кәсіпорын. Электролиз өндірісі Қазақстанның жаңа тарихында жүзеге асырылған ірі индустриялық жобалардың алғашқыларының бірі. 10 жыл ішінде алғашқы алюминийдің екі миллионнан астам тоннасы өндірілді. Бүгінде тәулігіне 2,5 тонна қанатты металл шығарылады. Алдағы 3-5 жыл ішінде өндіріс орны қуаттылығын 265 мың тоннаға арттыруды жоспарлауда. Металлургтер Жолдауда айтылған мақсат-міндеттерді орындауға атсалысатынына сенімдіміз», - дейді Мәжіліс төрағасы.

Мәжіліс төрағасы Елбасы Жолдауының негізгі бағыттарына назар аударып, әлеуметтік бастамаларға ерекше мән берді.

Палата спикері Елбасының ағымдағы Жолдауы маңыздылығы жағынан 2030 және 2050 Стратегияларымен қатар тұратын құжат деуге болатынын айтты.

Елбасының Қазақстан халқына Жолдауына арналған жиын жастар бастамаларын дамыту орталығында жалғасын тапты.

Айта кетейік, орталық бес жылдағы жұмысы барысында көптеген шығармашылық идеялар мен жаңа жобаларды жүзеге асырды. Сонымен қатар, орталықтан жұмыспен қамту, құқықтық және психологиялық қолдау көрсету, сондай-ақ мемлекеттік тұрғын үй бағдарламалары мен жастар кәсіпкерлігі туралы ақпараттар алуға болады.

Жастардың сұрақтарына жауап берген Мәжіліс төрағасы Елбасының Жолдауындағы барлық басым бағыттар Парламенттің заңнамалық жұмысының басты бағыты болатынын айтты.

«Әлеуметтік саланың барлық бағыттарын қолдаудың маңызды міндеттері, сонымен бірге, отбасы, тұрғын үй, шағын бизнес, еңбекақы, жастар, ауылшаруашылығы, құқық қорғау жүйесін жаңғыртудың жолдары көрсетілді. Ең бастысы - олардың барлығы орындалатын, нақты және қажетті мақсаттар. Осыған сәйкес Үкімет бірқатар жаңа әлеуметтік- экономикалық тапсырмаларды жүзеге асыратын болады. Мысалы, келер жылдан бастап ең төменгі еңбекақы 1,5 есеге дейін өседі. Бұл еліміздегі бір миллионнан астам жұмыскер үшін үлкен қуаныш. Ал, 300 мыңға жуық бюджеттік қызметкерлер жалақысы 35 пайызға көбейтілмек», - дейді Н. Нығматулин.

Жастар сұрақтарын қысылмай қойып, мазалаған мәселелеріне қатысты тұшымды жауаптарын алды.

Фотолар: автор


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер