BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

Қызылжарлық депутат: «Ұстаз мәртебесін көтеру – кезек күттірмейтін мәселе»

Фото: Автор

Солтүстік Қазақстан, «Baq.kz» тілшісі. Елбасының жылсайынғы Жолдауы – Қазақстанның даму жолын айқындап беретін маңызды құжат. Биылғы 5-ші қазандағы «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдау әсіресе ұстаздар қауымы үшін елеулі жаңалық болды.

Петропавл қаласындағы Назарбаев Зияткерік мектебі директорының бейінді-эксперименттік жұмыс және тәжірибе тарату жөніндегі орынбасары, қалалық мәслихат депутаты Данияр Уәлиев ұстаз мәртебесін көтеру – шешуі кезек күттірмейтін мәселе екендігін айтады.

«Халық Елбасы Жолдауынан жыл сайын жақсы жаңалық күтеді. Биылғы құжатта Ұлт көшбасшысы Ұстаздар мәртебесі туралы заң қабылданатыны жайында айтты. Мен үшін бұл күтпеген жағдай болды. Президентіміз осы жолы да көпшіліктің, әсіресе, педагогтардың көкейінде жүрген мәселені дөп басты. Бүгінгі күні түрлі жиындар ұйымдастыру кезінде көрермен залын толтыру үшін мұғалімдер жиналатыны жасырын емес. Оның бәрі педагогтардың сабаққа дайындалуына кері әсер етеді. Мұғалім «алып кел, барып келге» жүгіретін қолбала емес. Ол – Егемен еліміздің ертеңін тәрбиелейтін тұлға. Сондықтан, педагогтар қоғамда тиісті орнын алуы тиіс. Нұрсұлтан Әбішұлы мұғалімдер жергілікті әкімдіктерден келген нұсауды орындаумен емес, балаларға білім берумен айналысуы тиіс екендігін басып айтты. Оны сапалы түрде жүзеге асыру үшін күн сайын тер төгіп, жұмыс істеу керек. Кез келген еңбек уақытты талап етеді. Сондықтан, мұғалім тек өз міндетін атқаруы керек. Егер біз, бүгін ұстаз мәртебесін көтерсек, ертеңгі күні білімді азаматтар көбейеді. Дана қазақ «Ел боламын десең, бесігіңді түзе» деп бекер айтпаған. Қазақстанның болашағы – білімді де білікті жастардың қолында. Ал жастарды тәрбиелеу – мұғалімдерге жүктелген жауапты міндет. Өзім ұстаз болғандықтан да, Президенттің Жолдауында мұғалім мәртебесі жайында айтқаны жаныма жақын тиді», - деді өз ойымен бөліскен Данияр Серікұлы.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер