BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

Қазан Жолдауы: Қатерлі ісікті емдеу қызметі жетілдірілуде

Фото: автор

Павлодар, BAQ.KZ тілшісі. Ертіс өңірінде қатерлі обыр ауруына шалдыққандардың саны 11 мыңнан асады. Диспансерлік есепте тұрғандардың қатары жыл сайын 2500 сырқатпен толығып отырады. Ал пациенттерді қабылдайтын онкологиялық диспансер 155 орынға шақталған, оған қоса типтік емес ғимаратта орналасқан. Бұл мәселе Жолдауында айтылған мақсат-міндеттерді орындау аясында онкологиялық қызмет барынша жетілдірілмек.

Павлодар облысы онкологиялық патологияларды ерте кезеңде анықтау бойынша елімізде көш басында. Скринингтік тексерістердің нәтижесінде ауруды ерте анықтап, жеңіп шығуға зор мүмкіндіктер бар.

Облыстық онкологиялық диспансердің онколог-дәрігері Ернұр Негмановтың айтуынша, дертті емдеудің озық тәсілдері қолданылады. Ал мамандар әлемдегі жетекші емханалардың дәрігерлерінен тәжірибе ала алады.

«Адамдар обырдың не екенін білмейді. Қорқып, үрейленетіні де сондықтан. Қатерлі ісікті ерте анықтап, емдеп шығуға болады. Біздің диспансерде жылына 1300-дан астам операция жасалады. Олардың 20%-дан астамы аз инвазивті тәсіл арқылы жасалады. Күрделі обыр түрлерін емдеудің заманауи тәсілдерін де меңгердік», - дейді дәрігер.

Ертіс өңірінде онкологиялық қызметті жақсарту мақсатында емханалар мен аудандардағы орталықтандырылған ауруханаларда онколог-мамандар бірліктері ашылды. Кез келген тұрғын кәсіби маманның қабылдауына жазылып, тексеріле алады. Қазіргі уақытта науқастардың басым бөлігі – 50 жастан асқандар. Соңғы екі жыл ішінде ауруға шалдығу деңгейі 9%-ға төмендеді.

Сала мамандарының айтуынша, өңірде сүт безі, асқазан және терінің қатерлі ісігі жиі кездеседі. Өкінішке қарай, бас миының ісігі сияқты күрделі түрлері де бар.

«Обырдың күрделі түрлеріне шалдыққан азаматтарға жоғары мамандандырылған қызмет көрсету керек. Елбасы өз Жолдауында Астанада ұлттық онкологиялық орталық ашылатынын туралы айтқан болатын. Енді біз сырқаттарды елордалық әріптестерге тапсыра аламыз. Осылайша, сырқаттардың ғұмырын 5 жылдан астам уақытқа ұзартып, аурудан айықтыра аламыз», - дейді облыстық онкологиялық диспансер бас дәрігерінің орынбасары Тельман Әлғожин.

Фото: автор

Тельман Әлғожиннің айтуынша, қазіргі уақытта диспансер 70 жыл бұрын салынған ғимаратта орналасқан. Стандарттарға сай емес нысан ыңғайсыз. Мәселені шешу мақсатында Павлодарда алып кешен салынып жатыр. Бүгінде құрылыс жұмыстарының басым бөлігі аяқталды. Кешен құрамында 200 орындық емхана, 100 адам қабылдауға шақталған стационар, операциялық, радиологиялық блоктар бар. Мамандардың мәліметінше, нысанның жалпы аумағы ескі диспансерден төрт есе үлкен.

Алдағы уақытта жаңа онкологиялық диспансерге сәулелі аппарат әкелінбек. Бұл заманауи құрал науқастардың 70%-ын емдеуде қолданылады. Құрылыстың жалпы құны – 7 млрд теңгеден астам.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер