BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

Ертіс өңірінің сегіз ірі кәсіпорны жалақы өсіруге дайын

Фото: автор

Павлодар, BAQ.KZ тілшісі. Ертіс өңірінің сегіз ірі кәсіпорнының басшылығы Елбасының халыққа Жолдауында айтылған жұмысшылардың жалақысын көтеру бастамасын қолдап, қолдан келгенше орындауға бар.

Бүгінгі күнге дейін Жолдауға қолдау көрсеткен бизнес нысандарының қатарында энергия таратушы, мұнай-химиялық, металлургиялық, тау-кен, сондай-ақ, жеңіл өнеркәсіп бағыттарында еңбек ететін кәсіпорындар бар.

Павлодар облысындағы алып кәсіпорындардың бірі – Қазақстан алюминий зауытында 6 мыңнан астам адам қызмет етеді. Бірегей өндіріс ошағының металлургтері Жолдауда айтылған міндеттерді орындауға атсалысатындарын жеткізді. Жуық арада металлургтердің жалақасы біршама артпақ.

Зауыт қызметкерлерінің қатарындағы Аслан Ерболсынұлы Жолдауды зор қуанышпен қабылданатын айтады. Себебі, жалақы артса, отбасын асырауға да, пәтерге қаржы жинақтауға да қолдау. Екі баланың әкесі еңбек жолын аппаратшы гидрометаллург болудан бастап, бүгінде зауыттың негізгі цехтерінің бірі – күйежентектелу цехіндегі бөлімге басшылық етеді.

«Зауытқа сегіз жыл бұрын келдім. Қатаң тәртіп, тұрақтылық бар. Жалақымызды уақытында аламыз. Қазіргі уақытта қарамағымда 200-ге жуық қызметші бар. Жолдауды естіп, қуанып қалдық. Енді еңбекақымыз өседі. Өзім зауыттың тұрғын үй кезегінде тұрмын. Жуық арада пәтерлі болуға ниеттімін», - дейді металлург.

Облыстық еңбек басқармасы мамандарының мәліметінше, өңірде 130 мыңнан астам еңбеккердің айлығы ұлғаяды. Олардың қатарында минималды жалақы алатын азаматтар басым. Ведомство мамандарының айтуынша, жалақының өсуі бірінші кезекте шағын және орта бизнесте жұмыс істейтін шеберлер, техника-мамандар, кондитерлер, өндірістік қоймалардың меңгерушілері сияқты қызметкерлерге қатысты болмақ.

«Жалпыұлттық жоспарды орындау мақсатында жергілікті кәсіпорындарға ашық хаттар жолдадық. Қолдау көрсеткендер аз емес, әлі де ұсыныстар түсіп жатыр. Мәселен, кондитерлік өнім шығаратын «Крендель» жұмысшыларының жалақысын 20%-ға арттырмақ. Ал ең төменгі жалақы алатын «Каустик» химиялық өндіріс ошағының мамандарының айлығы 57 мың теңгеге ұлғаяды. Бұл бастаманы Павлодар мұнай-химия зауыты да қолдады. Енді ең төменге жалақы 92 мың теңгеге жуықтайды», - дейді облыстық еңбек басқармасының басшысы Марат Қабжимитов.

Салалық ведомство мамандары Жолдаудағы тапсырманы орындауға ниет еткен кәсіпорындарды қатары арта түсетініне сенімді.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер