BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

«Нұр Отан» партиясы ТҮКШ реформалауға қатысты мәселелерді талқылады

Астана, BAQ.KZ. «Нұр Отан» партиясы Парламент Мәжілісіндегі фракциясы арқылы нормативтік-құқықтық актілерге тиісті өзгертулер мен толықтырулар енгізуді жоспарлап отыр. Соның нәтижесінде Мемлекет басшысының тапсырмаларын тиімді орындауға жағдай жасалмақ.

Осыған орай бүгін партияның Орталық аппаратында Құқықтық кеңестің кезекті кеңейтілген отырысы өтті. Онда қатысушылар еліміздегі тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын реформалауға қатысты өзекті мәселелерді талқылады.

«Нұр Отан» партиясының Стратегиялық зерттеулер институтының деректеріне сүйенсек, қазақстандықтардың 36 пайыздан астамы пәтер иелері кооперативінің қызметіне көңілдері толмайды. Бұл ретте халық қызмет көрсетуші компания әрекеттерінің ашық еместігін және түскен қаржының қайда жұмсалғанын бақылайтын тетіктің жоқтығына наразылықтарын білдірген.

Осы мәселелердің барлығы Құқықтық кеңес отырысында кеңінен талқыланды. Жиынды ашқан «Нұр Отан» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары тұрғын үй құрылысы қарқынды жүргізілгенімен, ТҮКШ саласында шешімін таппаған мәселелер сол күйінде қалып отырғанын айтты.

«Елбасы Жолдауда тұрғын үй-коммуналды шаруашылығына және тарифтерді шектеу мәселесіне айрықша көңіл бөліп, осы саланы жақсарту үшін Үкіметке нақты тапсырмалар берді. Аталған бағыттағы жұмыстардың, жалпы Жолдауда айтылған басымдықтардың жүзеге асырылуын «Нұр Отан» партиясы өз бақылауында ұстайды. Егер Елбасының тапсырмалары дұрыс орындалмай жатса, оларды дер кезінде анықтап, мәселелерді ашып айтып, тиісті орындардың алдына қоятын боламыз. Соның ішінде бүгін көтеріліп отырған мәселе де бар екені сөзсіз», – деді Мәулен Әшімбаев.

Сонымен қатар жиында Елбасы тапсырмаларын сапалы орындап, халықтың көптен күткен мәселесін оңтайлы шешу үшін тұрғын-үй коммуналдық қатынастарын жаңғыртатын жүйелі негіз қалыптастыру керектігі айтылды. Одан бөлек, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын реформалаудағы басты міндет көп пәтерлі тұрғын үйлерді басқару қызметінің жоғары сапасына қол жеткізу екендігі де сөз болды. Осыған орай қатысушылар енгізіліп отырған заң жобасы тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығының барлық саласын реформалау және жаңғыртудың заңнамалық негізі ретінде қарастырылуы керектігіне баса мән берді.

«Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын реттейтін заң жобасы Мәжілістің қарауында. Бұл ретте біздің басты міндеттеріміздің бірі – аталған заң жобасын тиянақты сараптап, оның халық күткен мәселелерді шешуге және еліміздің тұрғын үй қорын тиімді басқаруға әсер етуін қамтамасыз ету. Сондай-ақ осы салада тиімді мониторинг жүргізіп, монополистер мен пәтер иелері кооперативінің жұмысын анықтау да біздің басты міндетіміз. Партия осы бағытта қоғамдық бірлестіктермен және үкіметтік емес ұйымдармен күш біріктіріп, жүйелі бақылау жүргізуге дайын. Сондықтан бүгінгі басқосуымызды сол ауқымды жұмыстың бастамасы деп те қабылдаймыз», – деді Мәулен Әшімбаев.

Бұл аталған түзетулер тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы жүйесін реформалау үшін бірнеше мәселені қатар шешуге бағытталған.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер