Жәмилә Қалдаяқова: Шәмші ешқашан отбасының шырқын бұзған адам емес - Жазушылар|06 Маусым 2012, 17:01
BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

Жәмилә Қалдаяқова: Шәмші ешқашан отбасының шырқын бұзған адам емес

 Астана. 10 желтоқсан. BAQ.kz – Шәмші ешқашан отбасының шырқын бұзған емес. Бұл туралы skifnews.kz сайтына сұхбатында композитор, қазақ вальсінің "королі" Шәмші Қалдаяқовтың әйелі Жәмилә Қалдаяқова айтты.

 Қалақтай ғана сары жігіт еді

...– Мен қалада өcтім, орыс мектебінде білім алдым. Шәмші болса Шәуілдірде туып-өскенін білесіздер. Қаймағы бұзылмаған қазақы тәрбиенің қайнаған ортасынан шықты. Бірақ Алматыға келгеннен кейін қала тіршілігіне тез үйреніп кетті. Өте білімді, ішкі мәдениеті жоғары, адамгершілікті жігіт еді. Менің де қолаң шашым беліме түскен, сымға тартқандай бойжеткенмін ғой ол кезде. Шәмші консерваторияда оқиды, мен осы оқу орнының тігін ательесінде жұмыс істеймін.

Бір таңғалатыным, Шәмші ауылдың баласы болса да, орысшаға керемет жүйрік екен. Қазақша, орысша ән айтқанда, би билегенде оның алдына түсетін жігіт табылмайтын. Аккордеон, фортепьяно, домбыра тартады, оны біздер аузымыз ашылып тыңдаймыз. Бір қарағанда кіп-кішкентай ғана сары бала, құлағынан күн көрінетін жұқалтаң. Бірақ тұла бойы тұнып тұрған өнер, сол үшін жұрттың бәрі сыйлайтын. Шәмшінің өнерін көре алмай, күндегендер де өте көп болды.

Үш-төрт жыл қол ұстасып қатар жүргеннен кейін ақыры екеуміз шаңырақ көтердік. Ол кезде мен жиырма жетіге келіп қалғанмын. Шәмші «Жәмиләні әдейі қартайтып алдым» деп әзілдеп жүретін.

Үйленгеннен кейін маған кішкентай сегіз пілдің мүсінін сыйға тартты. Ұзақ жылдар бойы көзімнің қарашығындай сақтап жүрдім. Кейін ұлдарымыз Қасым мен Мұхтар дүниеге келді. Екеуі әлгі кішкентай пілдермен ойнағанды жақсы көретін.

Жәмилә Қалдаяқова – композитор, қазақ вальсінің "королі" Шәмші Қалдаяқовтың әйелі.

«Кел, билейік, кетпе менің қасымнан»

...– Бірде асүйде кешкі астың қамын жасап жатсам, сырттан Шәмші жүгіріп кірді. «Жәмила, таста бәрін. Туды, туды!» деп мәз болып қуанып жүр. «Кім туылды?» Қолымнан жетелеп төргі бөлмеге алып келді. «Отыр, Жәмиләш. Жақсылап тыңда, жаңа ән дүниеге келді» деп аккордеонын алып тарта бастады. Әннің ырғағына бүкіл денесімен теңселіп отырып аяғына дейін тартып шықты да, менен «Қалай?» деп сұрайды. Қолымды алжапқышыма сүртіп тұрмын:

— Жақсы сияқты. Орыстың әндеріне аздап ұқсайтын сияқты.

— Әні «орысшалау» болғанымен, сөзін қазақша жаздырамын ғой. Мен қазақ әніне жаңалық әкелдім.

Келесі күні таңертеңгісін асығып бір жаққа кеткен. Консерваторияға барып, пианиноға салыпты. Сөзін Тұманбай ағамызға жазғызды. Қайырмасы:

«Кел, билейік, кетпе менің қасымнан,

Қызғалдағым таң нұрымен ашылған.

Сезім шіркін ақ жаңбырға ұқсайды,

Алматыда жаңа жауып, жаңа жауып басылған,— деп келетін бұл ән «Бақыт құшағында» еді. «Бұл әнді саған арнаймын. Екеуміз үшін бақыттың құшағы әрдайым ашық болсыншы», деді.

Ондай қарапайым адам сирек кездеседі

...– Көп әндерінің алғашқы тыңдаушысы мен болдым. «Сен сұлуды» шығарғанда да «Мені ең бірінші тыңдарманым да, сыншым да өзіңсің, осы әнді сенің құрметіңе шығардым» деп балаша мәз болғаны әлі күнге есімде. Кейде екеуміз көшеде келе жатқанда ыңылдап, бір әуеннің қызығына түсіп кетеді. Сосын үйге жетіп, сол ойындағы әнді мандолиномен, фортепьяномен орындағанша асығады.

Бір қызық мінезі, өзінің әндерін өзі айта бермеуші еді. Көпшіліктің ортасында отырған кезде көбінесе басқаларға шырқатап қойып, өзі фортепьяномен сүйемелдеп отырғанды ұнатады.

...Қазір кейбіреулердің «Шәмші ішкіш еді, әйелі мен балаларына күн көрсетпейтін» деген күңкіл әңгімелерін естіп қаламыз. Оның бәрі өтірік. Ол ешқашан отбасының шырқын бұзған адам емес. Шынын айтқанда, сол жылдары ішпейтін адам ілуде біреу еді ғой. Шәмші, керісінше, ащы судан ұрттап алғанда елжіреп, елдің бәрін құшақтап сүюге әзір тұратын. Үйге ұрттап келгеннің өзінде Естайдың «Қорланын» ыңылдап қайталап айта береді, айта береді. Арасында «Ән деп осыны айт» деп таңғалып отырады, сосын ұйықтап кетеді.

Тамақты да аса көп талғамайтын, құймақпен шай ішкенді ұнатады. Асқан етімді де сүйсініп жейді.

Қазір Шәмші туралы бір бөгде әңгіме айтқан адамды кездестірмейсіз. Себебі, ол жұртты хан деп, қара деп бөлмейтін. Барлығын іш тартып, қолынан келсе жақсылығын аямайтын. Өз басым, өмірде ондай қарапайым, ақкөңіл, өнерлі, жайсаң адамды аз кездестірдім. Шәмші сияқты қарапайым адам сирек.

Екі ұлымыз да өнер жолында жүр

...– Шәмші көзі тірісінде балаларының өнер жолына түсуін қатты армандады. Балаларын өз қолымен жетелеп апарып Күләш Байсейітова атындағы өнер мектебіне апарды. Қазір екеуі де кәсіби музыканттар

Шәмшінің осы күнді көре алмай кеткеніне ғана өкінеміз. Әйтпесе, тірісінде халықтың махаббатынан кенде болған жоқ.

Сұхбаттасқан Нұртөре САМАРҚАН


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер