BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

Ұлт тарихының жанашыры

 АСТАНА. 19 қаңтар. BAQ.KZ – Қазақ жұртына тиесілі маңызды мәселелерге қатысты ғылыми тұжырымдардың жүйеленуінің ғасырлар бойы кешеуілдеуі – тарихы «жабулы қазан» иесінің икемсіздігінен емес, оны мәжбүрлі тұсаған, сыртқы саяси қысым әсері еді. Кеңестік дәуірде тарих ғылымы – Одақты дәріптеуші идеология құралы ретінде, ғылыми объективті мәнінен айырылды. Мұндай құралдың атқарушысы шеңберінен ауытқығандар «буржуазияшыл ұлтшылдыққа» ұшырап, жазаланды. Осы кезеңнің темір құрсауына іліккен, ақыл-ойы тұншыққан жандардың бірі әрі бірегейі – қазақтың тұңғыш тарихшы-ғалымы Ермұхан Бекмаханов болды.

 Шындығында «...Адамның өмірі тағдырдың кездейсоқ бұрылыстарына және оның беріктігін тексеретін сынақтарға толы... Адам қашан да жақсылық пен жамандықтың, жарық пен қараңғының, махаббат пен өшпенділіктің, білімділік пен надандықтың арасындағы мәңгілік таңдаудың алдына қойылған сияқты». Осыған дәлел Хан Кене мәңгілік азаттықты таңдаса, тарихшы Ермұхан Бекмаханов мәңгілік ақиқатты таңдағаны айқын. Қазақта: «Жақсының аты, ғалымның хаты өлмейді», - деген нақыл сөз бар.
Ғалымның тырнақтап жинаған ғылыми-теориялық, практикалық біліктілігі нәтижесінде 1943 жылы «Қазақтардың Кенесары Қасымұлы басқарған азаттық күресі» тақырыбында кандидаттық диссертация қорғаса, 1946 жылы докторлық дисертациясын қорғап, 1947 жылы тарих ғылымдарының докторы, профессор М.Н. Вяткиннің жалпы редакциялауымен «Қазақстан» XIX ғасырдың 20-40 жылдарында» монографиясы (арада 45 жыл өткен соң, 1992 жылы «Санат» баспасы тарих ғылымының докторы, профессор Ә. Тәкеновтің редакциялығымен оның екінші басылымын жарыққа шығарды) жарық көрді. 1948 жылы ҚазМУ-дың Қазақ КСР тарихы кафедрасының меңгерушісі, 1949 жылы 30 тамызда КСРО тарихы кафедрасының профессоры атағы берілгенімен, 1951 жылы 15 мамырда «ірі саяси қателіктері үшін» қайта алынады. Оның артынан 1952 жылы 4 желтоқсанда Қазақ КСР Жоғарғы соты Е. Бекмахановты 25 жылға соттап ГУЛАГ лагеріне айдады. ХХ ғасырдың 40-50 жылдарындағы Қазақстан тарихына және Е. Бекмаханов еңбектеріне байланысты: «Отан тарихы біртұтас КСРО тарихы, «орыс ұлты тұрғысынан» жазылу тиіс», жеке ұлттың тарихын жасау зияндылығы туралы тұжырымдардың өрістегені, оның салдары бүгінгі күні көпшілікке аян.
Ғалым 1953 жылы 16 қазанда ақталғаннан кейін де кәсіби тұғырына бірден қонған жоқ, 1954 жылы 1 қыркүйекте ҚазМУ-дің аға оқытушысы қызметіне қабылданды. Араға жылдар салып, 1957 жылы ғана Мәскеу тарихшылары сараптамасы және олардың пайдалы кеңестерімен «Қазақстанның Ресейге қосылуы» монографиясы жарыққа шығады және осы жылы Е. Бекмахановқа докторлық дәрежесі мен профессорлық атағы қайтарылады. 1958 жылдың 1 қыркүйегінде ҚазМУ-дің Қазақ тарихы кафедрасы ашылады. Ғалым 1958-1966 жылдар аралығында кафедра жанынан аспирантура ашу, мектеп оқулықтарын шығару, жоғары оқу орнына оқулық даярлау, арнаулы ғылыми кеңес ашу, тың тақырыптарда ғылыми зерттеулер жүргізу, одақтық ғылыми кеңестер мен конференция жұмыстарына қатысты, жиырмадан аса шәкірт даярлады. 1962 жылы Қазақ КСР Ғылым академиясына корреспондент мүше болып сайланды. Еңбегі жанып, тіршілігінде нұрлы күндер есігін ашқандай болды. Бірақ, аш-құрсақ күндер мен азапты жылдар, ғалымның денсаулығына әсерін берген еді. Қазақтың маңдайына біткен тұңғыш тарихшы-ғалым ел ағасы болған шағында дүниеден озды.
Ермұхан Бекмаханов «Қазақтардың Кенесары хан бастаған азаттық қозғалысы» тағылымынан болашақ ұрпаққа аманаттай - «Ұмытуға болмайтын – ұлы күрес» тұжырымын қалдырды. Ол бірлік пен еркіндік туы астына жиналуға шақырады. Тарихшының оқиғаларды баяндай отырып, ұлттық рухтың кіріптарлық жағдайында, келешекте ол туралы түрлі пікірталас болатынын сезбеуі мүмкін де емес еді. Ол көтерілістегі халық бойындағы ыза мен кек – елдің жан тәнімен тәуелсіздік жолындағы күресін тудырғанын тарихи фактілер арқылы айшықтады. Ресей патшалық агрессиясына қарсы немесе орыс отарлаушыларына және олардың сұлтан-билеуші агенттеріне қарсы ұлт-азаттық қозғалыстарда қазақ халқының жаппай күш-біріктіруші рөл атқарғанын саралайды. Еркін рухты халықтың намысына тиіп, тұсаулаумен жігерін құм қылуды көксеген, отаршылдар саясатын көрегендікпен ұққан Кенесары, соңғы мүмкіншілік сәттеріне үміт арта күресті, жұлысты, арпалысты. Ғалым Е. Бекмаханов сөзімен айтқанда: «...Бұл көтеріліс қазақ халқының ұлттық тәуелсіздікті қолдан жіберудің қиындығы сондай, бостандыққа құмар халықтың мықты рухының күшін айқын көрсетті. Кенесары көтерілісінің алдына қойған мақсатының өзі терең стратегияны көздеді. Ішкі қайшылықтарға сәйкес әлеуметтік топтар арасындағы келіспеушілік, әлеуметтік күрес те орын алды. Негізгі көтеріліс бағыты тәуелсіз қазақ хандығын құру жолында, патша үкіметі мен Қоқан хандығының жағына өткен қазақ ауқаттылары өкілдеріне де қарсы бағытталды. Кенесары қазақтардың біртұтас орталықтанған мемлекет құрмай, қаһары зор орыс патшасына қарама – қарсы ұлттық тәуелсіздік мәселесін қою мүмкін еместігін түсінді. Осы мақсатта қазақтардың территориялық бірлігін қамтамасыз ету қажет болды».
Осынау нар тұлға – Ермұхан Бекмаханов танымынан жас тарихшылар қандай ғылыми тағылым алады? Бұл өте күрделі әрі маңызды мәселе. Тарих – ділдің тірегі. Ғалымды тарих ғылымымен кіріктірген де осы – діл. Ол қиын да, тәлімі мол тарихи өмір мектебінен өтті. Оның биік тұғырға көтерілуі мен жоғары беделге ие болуы, тікелей кәсіби шеберлігінің ұшталуымен қатар жүрді. Қоғамдық және ғылыми танымының қалыптасуы бірнеше кезеңдерден өтті: Алғашқысы, отбасы тәрбиесі, ауылдың дәстүрлік тіршілігімен тікелей байланысты. Жастайынан Мәди мен Иманжүсіптің өлеңдерін, Қали Байжанұлының «Ардақ», «Бүркітбай» тағы басқа халық әндерімен сусындап, халық дастандарын бойына (мысалы, Шаймардан Торайғыровтың аузынан «Баянтау туралы аңыз», «Сабалақ» және т.б.) сіңіруі. Екінші, Семейдегі даярлық курсы кезеңі – Шаммұхан Тәукеханов Асылбек Жұманұлы Сейтов сияқты интеллигенция өкілдерімен қарым-қатынасы. Үшінші, тынымсыз білімге ұмтылысы: әлемнің орта ғасырлық және қайта өрлеу дәуірінің тарихи мемуаралары мен рыцарлық романдарын, Вольтер Скоттың хроникаларын, Джек Лондонның, Фенимор Купер, Майн Рид, Проспер Меримнің, Стефан Цвейганың, Пушкин, Толстой, Некрасов, Гоголь, Тургенов, Тютчев, Салтыко-Щедрин шығармаларын бойына сіңіруі арқылы танымдық көзқарасының қалыптасуы. Төртіншіден, тарихи-ақыл-ойының қалыптасу кезеңі - тікелей Воронеждегі кезеңімен байланысты. Жұрттан жырақта елінің бостандығын аңсаған және күрескен алаш қайраткерлері Халел Досмұхаммедов, Жақып Ақпаевтармен жолығып, зиялы орта тәрбиесін алды, қамқорлықтарын сезінді. Араласа жүріп Халел Досмұхамедұлының араб ғарпінде жазылған «Исатай-Махамбет» (1925ж.-Ташкент) және «Аламан» (1926ж.-Ташкент) шығармаларын үш-төрт күннің ішінде сүйікті «профессорының» үйінде құмарлана танысты. Исатай мен Махамбет, Сырым батырлардың азаттық ойлары мен күресіне қанықты. Сырым, Исатай, Кенесары бастаған ұлт-азаттық қозғалыстың алғышарттары мен мақсаттары, оның салдарына қатысты мәліметтер оны рухтандырды. Ағалары сенім артып қана қойған жоқ, олар Ермұханға үміт артты: Кенесары қозғалысы бойынша материалдарды Ташкент, Орынбор, Омбы, Ақмешіт мұрағаттарынан іздеуге жол сілтеді. «Ауыр болса да мақсатты ақиқаттың жолының айқындығы» бекіді. қазақ тарихына қатысты іргелі ғылыми зерттеудің жоқтығы зиялыларды ойландырмай қоймады. Тарихтың құпия беттерін ашуға талпындырған алаш қайраткері - Мұхамметжан Тынышпаев Ермұханды арнайы шақыртып, (Санжар Жағыпарұлы Асфендияровтың «История Казахстана с древнейших времен, 1-том, Алма-Ата, 1935 год») алғашқы қазақ тарихын қолына ұстатып, болашақ ұрпаққа аманат қалдырған-ды. Мұны жас та болса Ермұхан толықтай сезінді. Жауапкершіліктің салмағын да бағамдай алды. Ұлы тұлғалардың қасиетті өсиеті - көшпелі халықтың да талай өркениетті бағындырғанын айғақтау бағытына тұжырымдалды. Олар мүлтіксіз жастарға сенді. Бесіншіден, кәсіби тарихшылар ортасында шынығуы.
Ермұқан Бекмаханов аға ұрпақтың ақ батасымен, көпшіліктің тілегімен өзіндік жеке тұжырым қалыптастырған тарихшы. Оның тұла бойын қазақтардың шығу тегі туралы, әлеуметтік-экономикалық жағдайы, құрылымы, ұлы даладағы ұлт-азаттық көтерілістерінің алғышарттары мен барысы және басқа маңызды мәселелер балалық кезеңнен мазалаған еді. Сондықтан да ол білім алуға ұмтылыс жасады. Одақтық көлемдегі майталман кәсіби тарихшылардың қайнаған ортасына түсуі – тағдырдың сыйы болды. Ананың аяулы алақанының жылуынан ерте айырылған бала Ермұхан арманы жігіттік шағында орындалғандай күй кешті. Құласа тірегі, сүрінсе сүйеніші бола білген, екінші рухани анасы – Анна Михайловна Панкратова демеу болды. Ол саф алтынның сынығындай ғылыми ізденістермен айналысуға теориялық және рухани тұрғыда даяр еді. Жас маманның бойындағы намысы мен жігерін тасытуда қазақтың маңдай алды зиялылары да (Қ. Сәтпаев, М. Әуезов, Б. Момышұлы және басқалар) рухани тілекшісіне айналды. Оның ғылыми еңбегінің жемісті қорғалуы – қазақ тарихының ашылатын «ақтаңдақ» беттері екенін көзі ашық, көкірегі ояу жұртшылық түсінді.
Е. Бекмахановтың ғылыми еңбектерінің өміршеңдігінің сыры неде? Оның басты жетістігі сол кезеңдегі Одақ көлемінде беделді алдыңғы буын тарихшы-ғалымдарды (академиктер Б.Д. Греков, А.М. Панкратова, Н.М. Дружинин және басқа) ішкі болмыс дүниесінде қалыптасқан танымдық көзқарасына еліктіре алды. Ақиқатында дәйектей алды. Ермұхан Бекмаханов алаштың маңдай алды қайраткерлері тәлімінен өтіп, рухани пісіп-жетілген еді. Мұндай әлеуетті кеңес ғалымдары байқады және жас ғалымның идеясын қолдады, қандай қиын кезеңдерде де пікірлерін өзгерткен жоқ.
Ермұхан Бекмаханов кәсіби мамандықты меңгеруде тарихи методологиялық білімді терең игерді және зерттеу тақырыбы аясындағы тарихи деректерді жан-жақты іздестірді, оған талдаулар жасады. Нақты деректерді тарихи оқиғалармен ұштастыра, тарихи шынайылыққа негіз жасады. Тарихи кезеңдер мен оқиғаларды айшықтауда ғылыми-зерттеу әдебиеттері, мұрағаттық және халық ауыз әдебиеті деректерін үйлестіре жан-жақты талдау әдісін шебер пайдалана алды. Әсіресе: зерттеу тақырыбының тұжырымдамалық негіздерін жасау; Ғылыми мазмұнына мән беруі; Зерттеу нысанына нақты сенімділікті қалыптастыра алуы; Зерттеу тақырыбының тұжырымдамалық ұстанымына адал және тұрақты болуы; Зерттеуші ретінде ерік-жігері мен ел мүддесі жолындағы азаматтық парызының алда тұруы; Ұлт-азаттық көтерілісі тәжірибелерінің тарихилығын дәйектеуі нақты ғылыми қорытындылар жасауға негіз болды.
Е. Бекмаханов еңбектеріндегі жаңғырту идеясы негіздері:
-ғылыми зерттеу жұмысына тек таптық көзқарасты қолдануға қарсы алғашқылардың бірі болып соққы беруі. Кенесары Қасымұлының тәуелсіздік жолындағы ұлт – азаттық көтерілісінің басшысы ретінде, оның қозғаушы күштерін тарихи деректермен айшықталуы;
-Қазақ тарихына қатысты ресми тарихнама өкілдерінің қазақтарды отарлау нысаны ретінде қарауына байланысты сыни пікір айтып, ашық ойын білдірді. Ғылыми зерттеудің ақиқаттығына қарсы факторларды, мысалы «бұратаналар» ұғымының қалыптасуы, қазақтар мен орыс қоныстанушылар арасын мүлде айырып тастауы және олар арасындағы достық қарым-қатынасты бүркемелеу мәселелерін дәйектеуде кәсіби шеберлік көрсетті;
-төңкеріске дейінгі қазақтардың көрші елдермен Хиуа, Бұқара, Қоқан, Қытай халқымен экономикалық және мәдени байланысы туралы тарихи ақпараттардың берілмеуіне сыни тұрғыда баға бере, қазақ елінің жаһандық өркениеттегі орнын белгілеуге талпыныс жасады;
- ел дамуының тарихи кезеңдерін ашуда экономика, демография, этнография, халықаралық қатынастар және басқа ілімдерді өз бойына жинақтай алуы, қазіргі тілмен айтқанда ғылыми білімдерді кіріктіре тұжырымдар жасаудың кірпішін қалады...
Ол: «Жоспарларым мен армандарымды орындауға үлгіре алмай кетіп барам, кешіріңіз мені» деген екен, қазақтың халық батыры Бауыржан Момышұлымен қоштасарда. Ал, Бауыржан атамыз: «Қадірін білмеппіз ғой тірі кезде, деп боздар сорлы қазақ мен өлгенде». Осы сөзімді Қанышқа, Мұхтарға т.б. арнап жазып едім. Інім едің – сенімен қоштасып, басыңа қойып тұрмын. Жатқан жерің торқа болсын. Әрқашан да есімдесің, бауырым. Жылаушы Б. Момышұлы. 7.V.1966. Алматы» - деп, жан дүниесінің елжіреуі тегін ба еді?
Өмірі шырғалаңға толы болғанымен, ол - кәсіби мамандығының шыңына шыққан ұлт қайраткерлігіне көтерілді. Оның ғылыми еңбектері әлі де өзектілігін жойған жоқ, керісінше жыл өткен сайын оның маңыздылығы артуда. Е. Бекмахановтың көп арманының бірі - жоғары оқу орындарына Қазақстан тарихын енгізу еді, қазір ол жүзеге асқан. Оның шәкірттері саф алтынның сынығындай ұстаз жолын (А. Тәкенов, М. Қозыбаев, Т. Омарбеков, К. Нұрпейіс) жалғастыра білді. Е. Бекмахановтың ғылыми мектебі қалыптасты.
Ғалымның тағдыр-жолын саралай келе, шәкірттерінің бірі - Әбу Сақтағанұлы Тәкенов: «...таланттың жауы - дарынсыздық, ішітарлық-көреалмаушылық екенін» есте ұстау қажеттігі жөнінде кейінгі ұрпаққа ой тастаған-ды[4]. Ғылым жолы – ақиқатқа көз жеткізу. Ол кедергісіз болмайтыныдығы айқын. Ғалымның артынан қалған шәкірттерінің де жылдар бойы ғылымдағы тұғырларына көтерілуде түрлі кедергілерден өтуіне тура келді. Профессор Е. Бекмахановты және басқа да зиялыларды айыптаулар: Қазақстанда мақсатты бағытталған идеологиялық жұмыстың жоқтығы, Қазақстан Коммунистік партиясы Орталық комитетінің социалистік қоғамның дұшпандарына шыдамдылық көрсеткені жөніндегі кемшіліктер аясында өткен еді. Дәл осылайша айып тағу көрінісі 1986 жылғы оқиғаларға қатысты, тағы да қайталанды. Бұл кезеңде де жалған жала жабу арқылы қудалау, түрмеге жабу, жазалау кең өріс алды. Өкінішке орай, бұл тарихи шындық. Ермұхан Бекмахановтың ғылыми жолын шәкірттері абыроймен жалғастырды, оның еңбектерімен халықтың қауышуына себепші болды. Ұстазға тағзым – өмір тіршілігінің тынысы.
Уақыт – төреші. Қазақ елінің жасампаздығы жолында терін төккен, қанын шашқан ұлы тұлғалар арманы орындалып, Қазақстан жасампаздыққа бағыт алды. Мәңгілік Елдің іргетасы қаланды. Қалыптасқан мемлекетті баянды ету – жас ұрпақтың отан сүйгіштік іс-қимылы нәтижелеріне тікелей байланысты. Тарих тағылымы – туған жерге қызмет етуге, алға ұмтылуға жетелейді. Жаңа ғасыр жаңа сын-қатерімен, жаңаша бетбұрысымен келді. Ғалымдардың ауызбіршілігі мен әлеуеті, ұрпақтар сабақтастығы басымдығының өзектілігі артуда. Басты мақсат – қазақ елінің жаһандық өркениет төрінен өз орнын иеленуі жолында күресу. Сонда ғана ел тәуелсіздігі баянды болмақ.
Е. Бекмаханов феноменінің ерекшелігі – елінің болашағы үшін ұлтына адал еңбегі арқылы табиғи болмысымен дарын иесіне айналуында. Адамзат өркениеті көшіне туған ел-жұртын ілестіру бағытында, жолсыз жолдан ізгілікке із салған, нағыз адами тұлға.


Құндызай ЕРІМБЕТОВА,
ҚР БҒМ Ғылым комитеті
Мемлекет тарихы институтының
жетекші ғылыми қызметкері, т.ғ.к.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер