BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

Түрік аудармашысы Абайдың 170 жылдық мерейтойына ерекше тарту жасады

Астана. 6 тамыз. Baq.kz – Бүгін Шәкәрім атындағы Семей мемлекеттік университетінде Абайдың 170 жылдық мерейтойына орай өткен «Абай және әлемдік өркениет» атты конференция кезінде Абай өлеңдерінің түрік тіліне аударылған жинағы таныстырылды.

Конференция кезінде баяндама жасаған Қазақстанның Түркиядағы елшісінің кеңесшісі, аудармашы Кибар Зафер қазақ ақыны Абайдың түрік тіліне аударылған өлеңдер жинағын таныстырды.

«Абай түркі дүниесіне ортақ тұлға. Оның пәлсапалық ойларға толы шығармашылығы түркі дүниесінің мақтанышы. Қыпшақ түркілерінің ішінде ең бай әрі көркем саналатын қазақ тілінің дами түсуіне Абай ерекше үлес қосты. Ақынның еңбектері осынысымен құнды. Абай өз шығармашылығында тіл, дін және дәстүр секілді мәдениеттің қайнар көзі болып саналатын негізгі тіректерді басшылыққа алды. Өлеңдеріне араб, парсы, түрік және орыс тілдерінен сөздер қосу арқылы қазақ тілінің өрсінің кеңейе түсуіне өзінің ықпалын жасады. Діни тұрғыда қасиетті Құран сөздерін пайдаланып, шығармаларын мұсылман дүниесінің бөлшегі ретінде тарата білді. Осыған қарап Абайдың түркі әлеміне ғана емес, мұсылман дүниесінің ерекше тұлғасы ретінде қарастыра аламыз. Ұлттың дәстүрі мен ғұрыптарын өз шығармашылығына арқау ету арқылы қазақ халқының өркениетін таныстырды. Міне, осы үш тұғырды басшылыққа алған ақынның мұралары барша адамзатқа ортақ болып отыр. Түрік тілді оқырмандардың қалауымен Абай өлеңдеріне аударып шықтым. Ақынның пәлсапасы мен ұстанымы енді түрік тілінде де насихатталатын болады. Жинақтың ең алғашқы данасын ақынның туған өлкесіндегі Семей университетіне табыс етемін», - деді Кибар Зариф.

Аудармашының айтуынша, мерейтойға орай шығарылған жинақ алдағы уақытта өз жалғасын таппақ. Сонымен қатар, Абайдың шығармашылығын насихаттау үшін Түркияда әдеби кештер ұйымдастырылады.


Нұрсерік ЖОЛБАРЫС 


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер