BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

Тұңғыш рет Д.Қонаевқа арналған ән орындалды

 АСТАНА. 2 сәуір. BAQ.KZ – Астанада қазақтың күйші композиторы Нұрғиса Тілендиевті еске алуға арналған «Тамаша әнмен келіп еді көктемде» атты концертте қазақтың аса көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, үш мәрте Социалистік еңбек ері Дінмұхамед Қонаевқа арналған ән тұңғыш рет орындалды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

 Астана сахнасында алғаш рет Д.Қонаевқа арналған «Қапшағай» атты әнді орындаған ҚР Халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Нұрғали Нүсіпжанов әннің шығу тарихы туралы әңгімелеп берді.

 


«Нұрғиса Тілендиевтің әніне, Тұманбай Молдағалиевтің сөзіне жазылған «Қапшағай» әні Димекеңе арналған ән еді. Әнді жазып болып, жарыққа шығаратын кезде Димекең өзінің Дүйсетай деген көмекшісін жіберіп «ән жазып менің атымды атамасын. Халықтан ұят болады. Не жазса да елге, жерге деп жазсын депті. Әннің ішіндегі «Теңіз болдың, тербелдің, Төңірегін бақша, жай. Ескерткіші ерлердің, Құдіретті Қапшағай» деген қайырмасында Димекеңнің үлкен ерлігі - Қапшағай су қоймасын жасатуы айтылады. Тіршілігінде 70-ке тарта қала салдыртса да өзін мақтағанды сүймейтін. Сөйтіп бұл әннің атауын Димекең қарсы болғандықтан сөзіне шамалы өзгеріс енгізіп, тек «Қапшағай» деп атауға тура келді. Бүгін алғаш рет сахнада орындалады. Осы уақытқа дейін ешкім мән бермей келіп еді», - деді Н. Нүсіпжанов.
Назарларыңызға алғаш рет Астана сахнасында орындалған әннің сөзін ұсынамыз:

 

Қапшағай

 

Толқындары Іленің ала қашпа, ала қашпа,
Қызықтаушы ем мен сені бала жаста, Қапшағай!
Ойға шомдың мінекей дария боп, дария боп,
Дүниеге жатырсың қарап асқақ, Қапшағай!

 

Қайырмасы:
Теңіз болдың, тербелдің,
Төңірегің бақша, жай.
Ескерткіші ерлердің,
Құдіретті Қапшағай!

 

Қайық мініп төсіңде тербелемін,
Табылған бір жандай-ақ ең керегім, Қапшағай!
Өзің құсап толқыған күндіз-түні.
Түсінерсің жанымды сен де менің, Қапшағай!

 

Қайырмасы.
Көрінесің алыстан қара аспандай,
Көкірегің ел үшін ән ашқандай, Қапшағай!
Алатауға, Қапшағай жарасасың,
Ақ отауға жас келін жарасқандай, Қапшағай!

 

Қайырмасы.

 

 

Жазып алған Нұрсерік ЖОЛБАРЫС,
Суретті түсірген Ғабит МАДАЛИЕВ (2-фото).

 

 

 

Барлық құқықтары қорғалған. Көшіріп қайта жариялау кезінде дереккөзі мен авторға сілтеме жасау міндетті.

 


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер