BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

Серік АҚСҰҢҚАРҰЛЫ: М.Мағауин - XX-XXI ғасырдағы Әлихан Бөкейхандай тұлға

Бүгін қазақтың атақты жазушысы, тарихшы Мұхтар Мағауинның туған күні. 77 жасқа толған абыз ақсақалымызға мықты денсаулық тілейміз. Ақын Серік Ақсұңқарұлының Мағауин туралы жазған шағын жазбасын ұсынамыз.

Қазір қазақта тұлға жоқ дейміз. Олай деп айтуға болмайды. Бір Мұхтар Мағауиннің өзі неге тұрады? Менің пікірімше, XXI ғасырдағы қазақ әдебиетінде, рухани әлемінде Мұхтар Мағауинмен қатар тұратын парапар тұлға жоқ. Оның жазғандарын әлі ешкім жазған жоқ. Мағауин – әлем әдебиетінде Нобель сыйлығына лайық адам. Бірақ ол сыйлықты мысырлық Нағиф Махфуз бен бір ортанқол түрік жазушысын қоспағанда, мұсылман елдерінің өкілдеріне берген емес. Бұл – Мұхтар Мағауинді Нобельдің лауреаты болса мойындап, болмаса мойындамау деген сөз емес. Ол – XX-XXI ғасырдағы Әлихан Бөкейхандай тұлға. Бірақ сол тұлғаны біз түсіне алмай отырмыз.

«Бізде интеллигенция жоқ» деуші едік. М. Мағауиннің Прагаға кетіп қалуының өзі қазақ интеллигенциясының бар екенін көрсетті. Қазақтың тарихына қарап отырсаң, Мұстафа Шоқайдан кейін эмиграцияға кеткен екінші хас зиялы бұл. Бір Мұхтар Мағауинді ұстап тұруға болушы еді ғой. Герольд Бельгерден «Мұхтар Мағауиннің Прагаға кетіп қалуына қалай қарайсыз?» деп сұрағанда: «Мұхтардың ұлтшыл екені рас. Ол ұлтқа арнаған шығармаларында ең бірінші ұлттық мәселе – қазақтың мәселелерін көтерді»,- депті.

XV ғасырдағы жыраулар поэзиясын тауып алып, әдеби айналысқа түсірген Мұхаң ғой. Мағауиннің қай шығармасын оқысаңыз да, тек қана ұлттық мәселе қозғамайды. Өзінің ұлтын айтып отырып, адамзаттық мәселелер көтереді. Мысалы, «Жармақ» романы – бүгінгі күні озық батыс әдебиетінің ірі тұлғаларымен терезесі тең түсетін шығарма. Жалғыз «Жармақ» қана емес, Мұхтардың 13 томдығындағы (бұлардың бәрі менің қолымда бар) шығармаларының барлығы әлем әдебиетінің інжу-маржаны деуге болады. Сол Мағауиннің шетелге кетіп қалуы – масқара ұят болды! Мағауин кетіп, оның орнында халтурщиктер қалды. Мағауиннің кетуі халтурщиктерге жақсы болды».

«Тәуелсіздік – тұмарым» кітабынан алынды. 2016 жыл.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер