BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

Салиқалы сәкентанушы

Сәкен Сейфуллиннің қазақ әдебиетінен ойып тұрып алар орны бар. Оның шығармашылығы, жеке өмірі жайында әлі талай тың дүниенің айтылатынына сенімдіміз. Өйткені, елде бүгінгі таңда сәкентану ғылымы қалыптасқан.

Ал, бұл бағыттың белді өкілі, С.Сейфуллин еңбектерін жүйелі зерттеуге үлкен үлес қосқан ғалым, филология ғылымдарының докторы, профессор, әдебиеттану ғылымына үлкен жетістік әкелген Тұрсынбек Кәкішев.

Осы орайда, Астана қаласының төрінде орналасқан С.Сейфуллиннің мұражайына сіңірген ұшан-теңіз еңбегін ерекше атап өткен дұрыс. Ең алдымен Тұрсынбек аға мұражай қорындағы құнды еңбектердің толығып, экспозициясының мазмұнының кеңеюіне үлкен еңбек сіңіргендігін айтуға тиіспіз. С.Сейфуллиннің жұбайы Гүлбаһрам апаймен сұхбаттасып, ақынның екеуара жазысқан хаттарын, тұтынған заттай құнды жәдігерлерін мұражай қорына алғаш табыстаған да Тұрсынбек аға екендігін біреу білсе, біреу білмейді. Мұражай ашылғаннан бері ғылыми кеңестің мүшесі ретінде ғылыми жобалар жасауға бағыт-бағдар, ақыл-кеңес беріп келеді. Мұражай қорына әр жылдары жазылған кітаптарын өз қолымен табыстап отырады. Жалпы С.Сейфуллин мұражайының қорына құжаттай-заттай 100-ге тарта құнды жәдігер өткізіпті. 1936 жылы Сәкен Сейфуллин шығармашылығының 20 жылдығына арналған алғашқы библиографиялық көрсеткіш жарыққа шықты. Одан кейін сәкентанушылар Е.Ысмайылов, Т.Кәкішев құрастырған «Сәкен Сейфуллин» әдебиеттердің көрсеткіші 1965 жылы жарық көрді. Осы еңбектің барлығы музей қорында сақталған..

Алматыға арнайы ұйымдастырылған іссапар барысында, осыдан 3 жыл бұрын ғалымның шаңырағында болдық. Күләш апайдың аса қонақжайлығына тәнті болдым. Тұрсынбек ағаға деген құрмет қандай! Әңгіме арасында: «дастарқан басында әңгімелесіп, бірнеше сағат отырып қаламыз дейді, арты дискуссия болып»- деп күлген ағамыз. Бізге де Сәкенді зерттеу жолындағы қызық та, қиын сәттерді, біраз толқып айтып берді қос ғалым. Жаңада ғана шыққан С.Сейфуллиннің таңдамалы13 томын, тағы да бірнеше кітабын табыс етіп, сәкентану жолына түсуіне себеп болған өмір тарихын сыр шертті. Бұл тарихи оқиғаны бейнетаспаға түсіріп алдық. Сөйтіп мұражай қоры тағы бір құнды дерекпен толықты.
1937 жылы С.Сейфуллин ұсталды деп естігенде Т.Кәкішұлы 5-ші сынып оқушысы екен. Сол кезде С.Сейфуллиннің көп кітабы жыртылып, отқа тасталғандығының куәгері болған. Неге бұлай болды екен деген ой бала болса да осы кезеңде туындаған. Сәкенге деген алғашқы махаббаты да осы кезде басталса керек.

1944 жылы Ақмола қаласындағы театрда қызмет істеп жүргенде Тұрсекеңе сол кездің зиялы азаматы Қосымжан Бабақов не мұқабасы жоқ, не алғы сөзі жоқ, не соңғы сөзі жоқ кітапты көрсетіп оқытады. Жұмыстан кейін кітапты үнемі бірге оқып, бір-бір жарым ай шамасында бітіреді, арасында кездескен адам аттарын таратып айтып отыратын болған. Кітапты оқып аяқтағаннан кейін «сен кімнің кітабын оқығаныңды білесің бе?» деп сұрайды. Арасында «Сәкен» деген есім көп кездескендіктен не Сәкенге байланысты, не Сәкеннің өзі жазған шығар дегенінде, «бұл 1936 жылы жазылған Сәкен Сейфуллиннің «Тар жол, тайғақ кешу» романы, тісіңнен шығарушы болма» депті. Бұл оқиға да кездейсоқ емес болып шықты. Сөйтіп, С.Сейфуллин ақталмай тұрған кездегі ғалымның Сәкенге деген, оның шығармашылығын зерттеуге құмартқан қадамын байқаймыз. Кейін, Тұрсынбек Кәкішұлының кеңесі бойынша «Тар жол, тайғақ кешу» романын филология ғылымының докторы Күләш Садыққызы Ахметова арабша түпнұсқа мен латыншасын салыстырып, зерттеу жұмысын жүргізген. Күләш апайдың еңбегі орасан. Ғылыми жұмыс барысында, зерттеушілердің алғашқы нұсқасын мүлдем оқымағандығын өткір айтып кеткен. Бұл жұмыстың жемісі «Тар жол, тайғақ кешудің тағдыры» деген атпен кітап болып шығып, бүгінде С.Сейфуллин мұражайының экспозициясында тұр.

Осы театрда қызметте жүргенде Сәкеннің дәріс берген шәкірті Жұмабай Орманбаевпен танысады. Ол қойылымдарға рецензия жазып, онысын С.Сейфуллин негізін қалап кеткен «Сталин туы» газетіне жариялайтын болған. Ж.Орманбаевтың 1966 жылы 5 наурызда өз қолымен жазып кеткен естелік қолжазбасы мұражай қорында сақтаулы. Бұл қолжазбада Сәкен Сейфуллиннің Ж.Орманбаевты 1917 жылы 1-сыныпқа қабылдап, оқытқаны жайлы да айтылады.

Театрға жұмысқа тұруына себепші болған Зағыпи Тінәлинаның нұсқауымен Алматыға аттанған Тұрсынбек аға ҚазМУ-нің журналистика факультетіне оқуға түседі. Оқуға қабылдаған қазақ журналистикасының атасы Қайыржан Бекқожин еді. Дәріс берген қазақтың атақты фельетоншысы Сейділда Төлешов төрт жылдан соң, журфактің 5 түлегін «Лениншіл жас» газетінің редакциясына ертіп келеді. Сол жолы Т.Кәкішұлы бірден жұмысшы жастар бөлімінің меңгерушісі болып жұмысқа алынған.

Кейіннен Орталық партия комитетінің партия тарихы институтының аударма секторының кіші ғылыми қызметкері болып жүргенде Сәкен, Бейімбет туралы құжаттар тауып, мақалалар жаза бастайды.

1957 жылы 22 қыркүйекте Қазақстан Жазушылар Одағында С.Сейфуллинді еске алу кешінде кең көлемді баяндамалар жасалады, С.Мұқанов естелігін айтады. Жұмағали Саин бастап, бір топ ақын-жазушылар Сәкеннің «Көкшетау» әнін шырқайды. Осы жерде Тұрсынбек ағаға «осындай азаматқа қызмет ету керек» деген ой келеді.

Сол уақыттарда ол Гүлбаһрам апайдың үйіне жиі барып, әнгімелерін жазып алып отырған.

Тұрсынбек Кәкішұлының балалық шағынан бастап кездесіп отырған Сәкен атымен байланысты оқиғалар кездейсоқтық емес екендігіне бүгінгі күні көзіміз толық жетіп отыр. Сәкен мұрасын үзбей зерттей білген азаматтың орасан еңбегі арқылы, бүгінгі күні баға жетпес мұраға кенеліп отырмыз. Бүгінде ғалым ағамыз арамызда жоқ. Бірақ бізге қалдырған мұрасы мәңгі өлмейді.

Ибраева Гүлназия Болатқызы


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
24 Қазан 2018, 09:37
Жаңа күнім - жаңа бағым
Пікірлер