BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

Мемлекеттік хатшы «Абылай ханның арманын» тамашалады (ФОТО)

 АСТАНА. 9 ақпан. BAQ.KZ – Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіқалықова Астанадағы Қ.Қуанышбаев атындағы Мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театрында болып, Қазақ хандығының 550 жылдығына орай әзірленген «Абылай ханның арманы» атты тарихи драмасын тамашалады.

 «Абылай ханның арманы» атты тарихи драмасы бірқатар өңдеуден өтіп, көрерменге қайта ұсынылды. Аталмыш қойылымды тамашалауға Мемлекеттік хатшы Г.Әбдіқалықовамен бірге елордадағы зиялы қауым өкілдері келді.
Авторы – белгілі жазушы, драматург Думан Рамазан, қоюшы режиссері – ҚР еңбек сіңірген қайраткері Болат Ұзақов. Бұл Д.Рамазан мен Б.Ұзақов шығармашылығындағы екінші тарихи туынды болмақ. Бұған дейін 2010 жылы драматург пен режиссер үндестігінде «Кенесары – Күнімжан» атты тарихи драма дүниеге келіп, бүгінгі таңға дейін көрерменнің сүйікті қойылымына айналған.

Шығарма Абылай ханның жоңғар тұтқынына түскен кезінен басталады. Абылай ханның қазақ халқын өмір өткелегінен қалай аман-есен алып шыққаны баяндалады. Бұл шығармада ұлы ханның көшбасшылық қасиетімен бірге, адами болмыс-бітімі, қайраткерлігі, саясаткерлігі, ақыл-парасаттылығы, ержүрек батырлығы жан-жақты ашып көрсетіледі.

 

Қойылым соңында Г.Әбдіқалықова қорытынды сөз сөйлеп, тарихи тақырыптағы аталған спектакль Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың Қазақ хандығының 550 жылдығын мемлекеттік деңгейде мерекелеу жөнінде қабылдаған саяси шешімінің аясында қойылып отырғанын айтты.

 


Мемлекеттік хатшы алдағы уақытта осындай тағылымды мәдени іс-шаралар өткізу арқылы Абылай ханның Қазақ елінің тарихындағы саяси-қайраткерлік ролін халықтың жадына сіңіруге, сол арқылы жас ұрпақты отансүйгіштікке, патриотизмге тәрбиелеуге, мұндай қадамдар, түптеп келгенде, қазақ халқының тарихи санасын жаңғыртуға және өзін-өзі тануына айрықша жол ашатынын атап өтті.

 

 

 

Қойылымда Абылай ханның ролін белгілі актер – Қуандық Қыстықбаев, сонымен бірге, бас кейіпкерлерді Жанқалдыбек Төленбаев, Жәнібек Мұсаев, Қасымхан Бұғыбай, Айман Карпсейітовалар сомдады.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер