BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

М.Жолдасбеков: Жаңа министр халықшыл, көпшіл азамат

 АСТАНА. 10 сәуір. BAQ.KZ – Бүгін Астанада «Абайтану әліппесі», «Даналық әліппесі», «Электронды қазақ үй» танымдық ойыншықтарының тұсаукесерінде академик Мырзатай Жолдасбеков жаңадан тағайындалған ҚР Мәдениет министрі Арыстанбек Мұхамедиұлының қызметіне сәттілік тілеп, өз ұсыныстарын айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

 «Біз өзіміздің асыл мұраларымыздан айырылып қала жаздадық. Бұның барлығы солақай саясаттың салдары еді. Сол саясат нәрестені уызынан айырғанмен бірдей іс жасады. Біз содан аман қалған халықпыз. Бүгінгі күнге тәубе! Өзім бүгін мына туындыларға балаша қуандым. Менің 2 шөберем бар. Бірі 12 жастан, енді бірі 8 жастан асты. Екеуі де таңатысынан телефонмен интернетке кіріп, ермек етеді. Өкініштісі сол, олардың телефондарында қазақша дүниелер жоқ. Ендігі мақсат мына музыканы телефонға енгізу керек. Барлық ертегілер мен әндер ұялы телефондарға орнатылуы тиіс», - деді М.Жолдасбеков.

 


Академик бұл ұсынысынан кейін жаңа мәдениет министрінің тағайындалғанына қуанышты екенін де жеткізді.
«Сен өзің жақсы жігітсің, көпшілсің, халықшылсың. Сені министр етіп қойған Президентке рахмет! Мен Президентті осы ісі үшін бұрынғыдан да жақсы көріп кеттім. Мен бір сұхбатымда министрлер туралы айтқан болатынмын. Басқа министрлерде шаруам жоқ, қазақтың білім мен мәдениет министрлері ел таныған, халық мойындаған, басы жерге жеткенше қазаққа қызмет ететін адам болуы тиіс. Мен ойлаймын, Арыстанбек басы жерге жеткенше қазаққа қызмет ететін министр. Сен қазақтың терең, өте бай мәдениетін көтере білуің керек», - деді М.Жолдасбеков.
Министрдің ел алдындағы абыройы мен атқаратын қызметі туралы айтқан Мырзатай Жолдасбеков «Электронды қазақ үй» ойыншығына қатысты пікірін Кеңес Одағы тұсындағы кітаптардың тиражымен салыстыра отырып айтты. Пікірін ұсыныс ретінде келтірген академик министрге ой салды.


«Қаншама тиражбен кітап шығарасыздар. Кезінде Мәскеуден миллиондаған данамен кітап шығаратын қазақ жазушылары қазір 2 мың данадан артық етіп кітап шығара алмайды. Енді мына ойыншықтар да жерде қалмасын. Осының данасын көбейтіп әр қазаққа жеткізу керек. Қазақтың қайсысы жетісіп жүр дейсің, сондықтан бағасы да қолжетімді болсын. Министрлік ойыншықтардың данасын көбейтсе екен», - деді М.Жолдасбеков.
Академиктің тілегі мен ұсынысына алғыс білдірген Арыстанбек Мұхамбедиұлы айтылған сөздің жерде қалмайтынын, керсінше Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың дәл осы іске риза екендігін жеткізді.

 


«Мен таяуда Елбасы Н.Назарбаевтың қабылдауында болдым. Қазақ тілі мәселесі туралы ой бөлістік. Қазақ тілін дамытуға бағытталған әрбір жобаға министрдің өзі қолдау білдіруі керек екендігін айтып, тапсырма берді. Бұл жобаны Елбасының өзі бастап қолдайды. Сондықтан алдағы уақытта халыққа кеңінен жеткізуге тырысамыз», - деді А.Мұхамедиұлы.
Айта өтейік, осыған дейін хабарлағанымыздай бүгін Астанада Тілдерді қолдану мен дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы аясында 2014 жылы шығарылатын «Абайтану әліппесі», «Даналық әліппесі», «Электронды қазақ үйі» және басқа да интерактивті өнімдердің тұсаукесер рәсімі өтті. Аталаған жобалар бала тәрбиесіне таптырмас құрал болып табылады. Академик Мырзатай Жолдасбековтің министрге қарата бірнеше ұсыныстар айтуының сыры осы болса керек.

 

Нұрсерік ЖОЛБАРЫС,

Ғабит МАДАЛИЕВ (фото).

 


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер