BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

М.Шоқай шығармаларының 12 томдығы жарық көрді

 АСТАНА. 19 қаңтар. BAQ.KZ – Биыл берісі Түркістан өңірінің, арысы бүкіл түркі халықтарының бостандығы мен асқақ мұраттарын аңсаған Мұстафа Шоқайдың туғанына 125 жыл толып отыр. Осы айтулы оқиға қарсаңында 2012 жылдан шыға бастаған ұлы күрескердің 12 томдық шығармаларының толық жинағы жарық көрді.

 Тәуелсіздік жылдары есімі елге оралған Мұстафа Шоқайдың аты қазір жиі аталып, мұрасы бірте-бірте туған халқының игілігіне айнала бастады. Бүгінгі күнге дейін Алматыдағы Ұлттық кітапханада М.Шоқайға қатысты библиографиялық тізім 1162 әдебиетті құрайды. Бұл оның өмірі мен қызметіне, мол мұрасына қызығушылықты айқын танытатын фактор екені даусыз.

Ал 2013 жылдың 12 желтоқсанында Қазақстан Республикасының Ұлттық кітапханасында өткен М.Шоқайдың 12 томдық шығармаларының толық жина­ғының алғашқы 6 томының тұсау­кесері елеулі оқиға болды.

Халықаралық деңгейдегі конференцияда сөз сөйлеген Шығыстану институтының директоры Ә.Дербісәлі, көрнекті ғалымдар Д.Кішібеков, Ә.Нысанбаев, М.Қойгелдиев, М.Әбусейітова, Сыртқы істер министрлігінің айрықша тапсырмалар жөніндегі елшісі А.Арыстанбеко­ва, Француз Республикасының Алматы қаласындағы Бас консулы Патрик Ренар, Француз Орталық Азияны зерттеу институтының директоры, профессор Оливье Феррандо, француз профессоры Винсент Фурньо, түрік ғалымы Вежихи Сефа Фуат Хекимоғлы және т.б. бұл басылымды түркі халқының рухани әлеміндегі елеулі оқиға деп бағалады. Қатысушылар бірауыздан көптомдықты құрастырушы, сан жыл талай шетелдің мұрағаттарында көз майын тауысқан ғалым К.Есмағамбетовтің жанқиярлық еңбегіне ризашылық білдіріп жатты.

Жаңа жыл қарсаңында 12 томдықтың соңғы кітабы шығып, толық жинақ тұңғыш рет жарық көріп отыр. Бұл – әлемнің бірде-бір елінде еш баламасы жоқ көптомдық. Жұмыстың бірегейлігі мен жоғары деңгейлігін бірнеше факторлармен анықтауға болады. Біріншіден, көптомдықта М.Шоқайдың еңбектері түпнұсқада берілген. Бұл оның шығармашылық мұрасын келер ұрпақтарға бұрмалаусыз, сол күйінде таза жеткізуге мүмкіндік береді. Екіншіден, көптомдық өзінің құрылымымен де ерекшеленеді. Оның бірінші томы М.Шоқайдың өмірі мен қызметіне арналып, 12-томында эпистолярлық мұрасы берілген. Ал 2-11-томдарын М.Шоқайдың еңбектері құрайды. Үшіншіден, жұмыс археографиялық талаптарға сай орындал­­ған. Әрбір томы алғы сөз және түсіндір­мелермен жабдықталған. Айта кететін бір мәнді мәселе алғысөздер тұтас кітаптың беташарындай, оқырманға нақты бағыт-бағдар ұсынып отырады. Сонымен бірге, профессор К.Есмағамбетов М.Шоқайдың шығармашылық зертханасымен, жұмыс істеу әдіс-тәсілдерімен тереңірек таныстыру үшін әрбір томның соңында қосымша материалдар берген. Олар – М.Шоқайдың жеке мұрағаттық қорынан алынған кейбір танымдық маңызы бар еңбектер, пайдаланған дереккөздер, өз қолымен жазылған шығармаларының факсимилесі, конспектілері, т.б. материалдар.

Мұстафа Шоқайдың шығармаларын жинаудың өзі де ерекше қажыр-қайратты қажет еткенін айтпай кетуге болмайды. Оның біразы Париждегі Шығыс тілдері мен өркениеттері институтының кітапханасында сақталған. Қалған еңбектер Түркияның, Ресейдің, Өзбекстанның, Қазақстанның, Польшаның, Америка Құрама Штаттарының, Ұлыбритания мен Грузияның мұрағаттары мен кітапханаларынан, сирек қолжазбалар сақталған қорларынан табылған. Олар қазақ, орыс, шағатай, түрік, әзербайжан, француз, ағылшын, неміс, поляк, голланд, грузин тілдерінде жарық көрген түпнұсқа еңбектерін құрайды. Зерттеуші посткеңестік кеңістіктегі бірден-бір мұражай болып табылатын Грузияның Тбилисидегі саяси эмиграция мұражайынан М.Шоқайдың бұрыннан белгісіз еңбектері мен хаттарының үстінен шығады. Түркияда осы кезге дейін мәлім болмаған, барлығы төрт-бес нөмірі жарық көрген «Түркістан» журналы да табылады. Осындай қыруар іздестірудің нәтижесін әрбір дереккөздің соңындағы Алматы, Ташкент, Мәскеу, Тбилиси, Ыстамбұл, Анкара, Берлин, Лондон, Париж, Варшава, Стокгольм, Уфа, т.б. қалалардың аттарынан айқын көруге болады. Бұл Франциядағы М.Шоқайдың жеке мұрағаттық қорынан, Өзбекстан, Қазақстан, Германия, Түркия және т.б. елдердің мұрағат материалдарын, қазақ, орыс, шағатай, ағылшын, француз, неміс, түрік, поляк тілдеріндегі еңбектерді жинау және бірнеше жыл тынымсыз және жүйелі талдау негізінде дайындалғандығы кімді болса да таңғалдырмауы мүмкін емес.

Осы арада атақты ақын Әбділда Тәжібаевтың әдебиет зерттеушісі Мардан Байділдаев туралы «бір өзі бір институттың жұмысын атқарды» деген сөзі еріксіз ойға оралады. Шынында да, бір шығармашылық ұйымға жүк болатын бұл еңбектің көлемі 6700 парақтан астам 430 баспа табақты құрайды. Әңгіме тек жұмыстың көлемінде ғана емес, оның аса құнды рухани қазына екендігінде. Сонымен бірге, көптомдықтағы ағылшын, француз, поляк, неміс, шағатай тілдерінде жазылған 586 шығарма түрлі тақырыптағы материалдарды құраса, орыс тіліндегілер 488 болып отыр. Мұның үстіне, М.Шоқайдың 40 шамалы бүркеншік есімі болғанын да ескерте кеткен артық болмас. Мұның бәрін анықтамай, білмей, шығарманың авторлық атрибуциясын тану мүмкін емес. Оған қоса, бірнеше тілдегі материалдарға мәтіндік талдау жүргізу керектігінің өзі қанша күш-жігерді, уақытты, табандылықты, білімді талап еткенін тек ойша түсінуге болады.

Он екі томдықтың беташарындай көлемі 34 баспа табақ бірінші кіта­бында Көшім Есмағамбетов М.Шо­қай­дың үлкен гуманист, саяси қайрат­кер, тамаша тарихшы, энциклопедист ғалым, ірі ойшыл, халықаралық сая­си сарапшы ретіндегі дүниетанымының қалыптасуы пайымдалған, оның бүкіл түркі халықтарының азаттығы жолындағы күресі, эмиграциядағы ұлттық қозғалыстың стратегиясы мен тактикасының негізін айқындауы жоғары деңгейде жан-жақты талданған. Бұл бұрын әр қырынан зерттеліп жүрген М.Шоқайдың шынайы бүкіл адами, күрескерлік күрделі болмысын өз тұғырына қондырғандай әсер етеді.

Мұстафа Шоқайдың 1913-1924 жылдары жазылған шығармалары кірген екінші том Санкт-Петербургте оқып жүрген бір топ студенттердің 1913 жылдан шыға бастаған «Қазақ» газетіне жолдаған құттықтау хатымен ашылады. Жастардың осыдан бір ғасырдай уақыт бұрын газеттің кез келген халықтың рухани өмірінде алатын өзіндік орнын жақсы ұғынуы, сол кездің өзінде-ақ ана тілінің тазалығын сақтауды тәуелсіздіктің маңызды атрибуты деп түсінгеніне таңғалмау мүмкін емес. Мұны оқи отырып, мемлекеттік мәртебеге ие болғанына ширек ғасыр болса да, ана тіліміздің тәуелсіз еліміздің төріне шыға алмай отырғаны еріксіз ойландырады. Сондай-ақ, хат иелерінің өз халқын жат жұрттың «айтқанын істеп, айдағанына жүретұғын қара табан құлы сияқты болып жүр» деп жазулары олардың қайсарлығын байқатады. Ал патшаға жағымпаз «Сиратул-Мустаким» діни ұйымға қарсы­лық білдірген үндеуге Мұстафаның Петроград­та оқитын түркітілдес жастармен бірге қол қоюы оның ұлтжанды тұлғасын айқын байқатса, екінші жағынан оның сол кездегі Ресей астанасындағы түркі халықтары жастарымен жиі араласқанын танытады. Бұл алғашқы екі материалды болашақ түркі халқының ұлы перзентінің болашағын айқындаған алғашқы нышандар деуге болады.

Жалпы, М.Шоқай шығармаларының алғашқы томындағы еңбектерді мазмұндық және идеялық сипаты жағынан негізінен екі бағытқа бөлуге болады. Біріншісі – билік басына келген орыс большевиктерін патшалық Ресейдің отарлық саясатының заңды мұрагері ретінде көрсете білу. Мысалы, 1920 жылы жазған «Кеңес өкіметі және қырғыздар» деген туындысында М.Шоқай орыс революциясы (Қазан революциясын айтып отыр – Ә.Б.) жылдары қырғыздардың (қазақтардың – Ә.Б.)көргенін сөзбен жеткізу мүмкін еместігін, жаңа еркін өмірдің орнына қазақ даласын ашаршылықтан қырылған бейіттердің қаптағанын, социалистік туыстықтың орнына халықтың бірін-бірі сырттай ұлттық жек көрушілік пен іштей тайпа-рулар арасында жаулықтың орын алғанын жазады. Екінші бағыттағы еңбектердің басты ерекшелігі – М.Шоқайдың ұлттық мәселені жалғыз Түркістан аумағымен шектемей, кең көлемде, большевиктердің жалпы Шығыс халықтарына көзқарасымен байланыстыра қарастыруы. Мысалы, «Большевиктер және Шығыс мәселесі» деген мақаласында кеңес өкіметінің жалпы ұлт-азаттық қозғалыс жөніндегі ұстанымының екіжүзділігін ашады. Коммунистер Шығыстың ұлттық-революциялық элементтерімен күрессе де, оны дүниежүзілік капиталға, әлемдік социалистік революцияның салтанат құруы үшін пайдаланатынын, оны кешегі одақтастарына қарсы құрал ете алатынын атап көрсетеді.

Алғы сөздегі жаңа заман құрудың бірден-бір амалы халықтың өзін-өзі билеуі құқығы таптық негізде емес, ұлттық негізде жүзеге асырылуы керектігі үшінші томдағы М.Шоқайдың өзекті идеяларының бірін құрайды. Сол себепті Түркістандағы жергілікті халықтың азаттық күресінің бүгіні мен келешегі осы томда да жалғасын табады. Жарық көрген 160-тай материал­дың 50-ден астамы орыс тіліндегі туындылар Түркістандағы қазақ, өзбек, қырғыз, тәжік, түрікмен халықтарының саяси-әлеуметтік жағдайдың күрделене түскенін нақты фактілер негізінде ашып көрсетеді. Большевиктердің түркістандықтарға жасаған өз тәжірибелерінің нәтижесі неге алып келгенін мынандай цифрлармен дәлелдейді. «1917 жылдың 1 маусымында Түркістан халқының саны 8 млн. 84 700 адамға жетсе, 1922 жылы 5 млн. 29512 адам ғана қалады» [3-т, 5-бет]. Бұл мәліметті М.Шоқай 1922 жылы Ташкентте жарық көрген «Ортаазиялық экономикалық ­аудан» деген еңбекке сілтеме жасау арқы­лы дәлелдейді. Ал 1932-1933 жылдарғы аштықтан Қазақстанның 2,5 млн. адамынан айырылғанын біздер кейін ғана білдік қой.

Осылай әлеуметтік жағдайдың күрт өзгеруі, әділетсіздіктер мен озбырлықтың күшеюі, большевиктердің өз ұрандары мен үндеулеріне іс жүзінде екіжүзділік танытып, бас тартуы бұқара халықтың ашу-ызасын келтірді. Бұл жергілікті халықтың әртүрлі қарсылықтарын туғызды және ол әртүрлі нысанда байқалды. Соның бірі Түркістан аймағындағы халықтың белгілі бір тобын басмашылық қозғалысқа қатысуға мәжбүр етті. Бұл тақырыпқа «Түркістанда тағы да басмашы», «Басмашылардың шабуылы», «Басмашылық», «Түркістандағы басмашылар қозғалысы», т.б. мақалалар арналған. Соңғы еңбекте басмашылықтың саяси-әлеуметтік және экономикалық негізі ашық көрсетілген. Кеңес өкіметі революция алдында, оны жүзеге асыру үдерісінде ұлттардың өзін-өзі билеуіне, тіпті Ресейден бөлінуге дейін болады деген уәдесіне билікті қолға алғаннан кейін айныды. Жаңа билік құрамдарында, тіпті жұмысшылар қатарына жергілікті халық өкілдерін ала қоймады. Мемлекеттік билік түркістандықтардың ұлттық мүддеге қатысты көтерген мәселелерін «ұлтшылдық» деп бағалады. Ұлттық сенімсіздіктен жергілікті түркістандықтар армия қатарына да алынбады. Жинақтай айтқанда, билік басына келген кеңестер өздерінің бар уәде, ұрандарын желге ұшырып, Түркістанда өкіметтік биліктің иесі орыстар ғана бола алады деп ашық айтты. Бұл 1917 жылғы 19 қарашада өткен Түркістан кеңесінің ІІІ съезінің шешімінде атап көрсетілді. Сондай-ақ, томдағы «Сенімсіздік себептерінің бірі», «Түркістандағы кеңестендіру», «Қызыл Түркістанда», «Ояну», т.б. туындыларда Түркістан мен Қазақ даласында Кеңес өкіметінің орнауына ешқандай әлеуметтік, саяси және экономикалық алғышарттардың болмағандығы жан-жақты талданады, нақты мысалдармен дәлелденеді.

Мұстафа Шоқайдың 1929-1930 жылдары жазған еңбектері оның 4-томын құраған. Бұл кезеңнің бір ерекшелігі Түркістан ұлттық қозғалысының мақсат, міндеттерімен Еуропа жұртшылығын осы уақытқа дейін ағылшын, француз тілдеріндегі ақпарат құралдарымен таныс­тырып келсе, енді одан да кеңірек кеңістік алу үшін поляк басылымдары пайдаланылады. Сондықтан да бұл материалдар туралы бірдеңе айту қиын. Дегенмен, қалған туындылардың ішінде мазмұны мен көтерген мәселелері жағынан бір-бірімен өте тығыз байланысты Түркістандағы ұлт мәселесіне қатысты төрт-бес орыс тілінде жазылған. Солардың бірі – «Түркістандағы ұлтаралық қатынас туралы мәселе» атты мақалада эмигранттық топтар алып отырған әрбір түркістандық поштадан орыс халқы, оның демократиялық және революциялық топтары туралы түсініктердің елеулі өзгеріске ұшырағаны, Ақпан төңкерісін Қазан револциясы өзгерткенмен екеуінің де Түркістандағы қозғаушы күші кешегі орыстың отаршыл монархиясы болғандығы атап көрсетіледі. Ал «Ұлттық мәселе жөнінде» деген еңбекте Ленин, Сталин, Пятаков, Бухарин, Дзержинский сияқты большевиктер жетекшілерінің ұлт мәселесі турасындағы пікірлеріне талдау жасай отырып, автор ұлттардың өзін өзі басқаруы туралы ұрандарының екіжүзділігін нақты мысалдармен ашып берген. Ал «Қазақстанның 10 жылдығы» атты еңбекте жергілікті мүдделердің Одақ мүддесіне көбіне өктемдікпен бағындырылуына негізделген саясаттан қазақтың бар құнарлы жерлерден ығыстырылып, ол өңірлерде орыс шаруаларының басым болып бара жатқанын жазады. Бұл айналып келіп жергілікті халықтың өзінің ұлттық болмысынан, тілінен, дінінен және ділінен алыстатуға әкелетін әлеуметтік құбылыстар болатын. Кейін солай болды да.

Бұл томның тағы бір ерекшелігі М.Шоқайдың халықаралық қатынастың белгілі саяси сарапшысы екендігін айқындай түскен «Орыс-Қытай шиеленісі», «Большевиктер және Ауғанстан», «Ауғанстанда», «Индияда» және т.б. туындыларда Түркістанмен шекаралас елдердің, тіпті, одан да алыс Үндістан, араб елдеріндегі жағдайларға назар аударуы. Осы бір сәтті пайдалана отырып, М.Шоқайдың отандық сыртқы саясат ғылымының негізін салушы екенін айта кеткен артық болмас. Оған томдардағы тек орыс тіліндегі саясаткер қолынан шыққан 75 мақала толық дәлел бола алады.

Шығармалар жинағының 4-томынан басыла бастаған «Яш Түркістан» журналында жарық көрген еңбектер V-IХ томдардан орын алған. Солардың ішінде «Ұлттық зиялы» атты мақаладағы бірер тағылымды пікірлерге тоқтай кетейік.

Саяси күрестің от-жалынында шыныққан, өмір жолында сан түрлі мінез-құлықты қайраткерлермен жолығып, кейде олардың кейбіреулерімен айтысқа да түскен М.Шоқай осы мақалада «Ұлттық зиялы деп кімдерді айтамыз» дейді де, іле-шала жауап қайырады: «…белгілі бір мұрат-мақсаттардың соңында жүрген және сол белгілі мұрат-мақсаттар төңірегінде жиналған оқымыстыларды ғана зиялы деп атауға болады. Ұлттық зиялылар қатарына тек өз халқының саяси, экономикалық және әлеуметтік дамуына қалтқысыз қызмет ете алатын адамдар ғана кіре алады». М.Шоқайдың батысша тәрбиеленген зиялыларға қатысты ойлары бүгінгі күні аса маңызды. Оның ойынша, мұндай зиялылардың аянышты жері олар рухани жақтан өз халқына өгей болып қалады, басқа жақтан жинаған білімдерін өз халқының өмірімен бірлестіре алмайды. Сондықтан оны халқы да пайдаланбайды. Шындық ащы да болса, ұлы тұлға өзі әр кез биік ұстаған ұлт мүддесі үшін осындай тұжырымға барған. Бұл ойлар бүгінгі күні шетелде көптеп оқып жатқан ұл-қыздарымыз үшін ерекше маңызды.

Ағылшын, француз және шағатай тілінде жазылған туындылар басымырақ түсетін 6, 7 және 8-томдарда бұрынғы басылымдардан таныс «1916 жылғы ұлттық қозғалыс туралы большевиктердің өтірігі», «Бір «ғылыми жалғанға» қарсы (Қоқан автономиясына 14 жыл толуына орай)» атты мақалаларды атап кетуге болады. Алғашқы мақала 1916 жылғы қозғалыстың он бес жылдығына байланысты жазылған еді. Түркістандағы кеңестік баспасөзде бұл қозғалыс туралы шындық бұрмаланып, мәні өзгертілген еді. М.Шоқай бұл көтерілістің көңіл аударатын ең бір маңызды тұсы оның таптық емес, ұлттық қозғалыс болғанында деп жазды. Реті келгенде, мақаладағы маңызды бір теориялық мәселеге тоқтай кетейік. Таптық күрес туралы Ресей теоретиктерінің ойларына өз көзқарасын ашық білдіре отырып, М.Шоқай: «Таптық күрес ұлттық өнеркәсібі қалыптасқан саяси, әлеуметтік және экономикалық мүдделері бір-біріне қарама-қарсы тұрған, ұлттық буржуазия мен ұлттық пролетариат таптары бар тәуелсіз елдерде ғана болуы мүмкін» деп жазды. Ал Қазақ елі бұдан алыс болатын.

Қоқан автономиясына қатысты екін­ші мақалада М.Шоқай кеңес тарихнама­сын­дағы оның халықтық сипатын бұрмалау­шыларды сынайды. Шынында да, олардың мақсаты ұлттық күресті қаралау, оны саяси идеялар жолындағы күрес емес, «бандиттік» әрекеттер етіп көрсету болды. Ал «Сырттай коммунист, мазмұны ұлтшыл» атты мақалада Түркістандағы кейбір жауапты орындарда отырған кеңес қызметкерлерінің арасынан ленинизмге қарсылар шыға бастағаны туралы жазылған. Бұл жайдан-жай емес еді. Бұған мәжбүрлеген кеңестік шындық, алғашқы бесжылдық жоспардың Түркістанда тым сорақы жүргізілгені болатын. Мысалы, сол кезде Смағұл Сәдуақасов Мәскеуде шығатын «Большевик» журналында ауылшаруашылық комиссары Смирнов пен Комиссарлар Кеңесінің төрағасы Рыковты отрашылдықпен айыптауы осының нақты көрінісі еді. Осы мақалада көтерілген тағы бір маңызды мәселе бар, ол «малақайы – коммунистік, мағынасы – ұлтшыл жас­тарға» ерекше үміт арту. Сол себепті үлкен гуманист жастардың іс-әрекетіне баға бергенде өте абай болуды, оларды ұлттық мүдделерімізге қарсы қойып ал­мауды ұсынады.

Мұстафа Шоқай кеңес еліндегі маңыз­ды саяси, әлеуметтік және экономика­лық мәселелерді, әсіресе, мемлекетті бас­қару бағытындағы өзгерістерді бір сәт назар­дан тыс ұстаған жоқ. Өйткені, Түркі­стандағы жағдай осы кеңестік тұтас жүйе­нің құрамдас бөлігі еді. Осы бағытта 1936 жылы қабыл­данған кеңестік саяси жүйенің құқықтық мәртебесін айқындайтын Конституция туралы жазған мақалаларындағы ой-тұжырымдар бүгін де мәнді. 9-томнан орын алған «Кеңес Одағының негізгі заңы төңірегінде» атты мақаласында өз сөзімен айтқанда, М.Шоқай осы заң Кеңес Одағындағы халықтарға қандай жеңілдіктер береді деген бір ғана сұраққа жауап береді. Орыстардың отаршылдық тарихы бүкіл большевиктердің мақтанышына айналып отырғанын айта келе, сталиндік негізгі заңның ішкі мазмұны осыған иландырып, бас игізу үшін жасалғандығы атап көрсетіледі. Бұл жағдайдың империяның тепкісінде өмір сүріп келе жатқан барлық бодан халықтардың, ел ішінде және шетте жүргендердің өзара қол ұстасып, бірыңғай майданға бірігіп күрес жүргізуге міндеттей түсетінін ашық жазады.

Мұстафа Шоқай шығармаларының 10-томына енген материалдардың басым көпшілігін «Яш Түркістан» журналында жарияланған 1937 жылдың аяғы мен 1939 жылдың бірінші жартысы аралығындағы еңбектері құрайды. Олар негізінен орыс, түрік-шағатай, француз тілдерінде жазылған. Сондай-ақ, томда М.Шоқайдың жеке мұрағаттық қорындағы, Ресей мемлекеттік әскери мұрағатындағы материалдар да бар.

1939 жылдың жазында және 1941 жылдың маусымынан қарашаға дейінгі мерзімде жазған М.Шоқай еңбектері сонау жас күнінде берік ұстаным еткен ұлт мүддесін қорғауын жетілдіре түсіп, Ресейдің тотальді ұлттық езгісіне қарсы азаттық қозғалысқа бірігуден басқа жол­дың жоқ екенін тағы да дәлелдейді. Мысалы, 1941жылдың 8 маусымында жазған «Түркістан мәселесінің қойылуы» деген мақаласында осы мәселелер көтерілген. Сол сияқты томда екі құжат ерекше мәнге ие. Бірі – аса құпия түрдегі И.Каюм-ханға жазған хаты. Екіншісі – 1941 жылғы қыркүйектегі «Сувалки лагеріндегі әскери тұтқын –түркістандықтар алдындағы сөзі» мен «1941 жылғы М.Шоқайдың қызметі: Түркістан тұрғындары-әскери тұтқындармен жолығу» атты материалдар. (Деятельность М.Чокая в Германии в 1941году: контакты с военнопленными-жителями Туркестана. Аударманың дұрыстығын тексеру үшін орысша атауды беріп отырмын – Ә.Б.).

Соңғы, 12-томда М.Шоқайдың эмигра­­циядағы Әзербайжан, Грузия, Кавказ, Украина, Еділ-Орал, Түркістан, Ресей өңірі халықтарының жетекшілерімен жазыс­қан, Қытай, Ауғанстан, Иран, Жапо­н­ия, Сауд Арабиясы, Ұлыбритания, АҚШ, Италия, Голландия, Скандинавия, Франция, Германия, Польша, Түркияның, Мысыр және т.б. елдердің саяси, қоғам қайраткерлерімен, шығыстанушы ғалым­дардан, Өзбекстан мен Қазақстандағы туыстары мен жолдастарынан келген хат-хабарлар іріктеліп берілген. Бұл хат-хабарлар Франциядағы М.Шоқайдың жеке мұрағат қорынан, Қазақстан, Башқұртстан, Грузия және Ресейдің бірнеше мұра­ғаттарынан алынған. Осыған дейін 2006 жылы Алматыдағы «CaГa» баспасынан «Мұстафа Шоқай. Эпистолярлық мұрасы» атты екі томдық жинақ К.Есмағамбетовтің ғылыми жетекшілігімен шыққан болатын. Ұлы күрескердің өмірі мен сан салалы қызметіне, шығармашылық мұрасына, дүниетанымына, саяси және әлеуметтік ұстанымына қатысты айрықша мәні бар мұндай құжаттардан да М.Шоқайдың көздеген нысанаға дәл жеткізер шеберлігі, шешендігі, ғылыми негізделген ойлары, азаматтық айбыны, кісілік келбеті, ресми мен шығармашылық жағдайларда айтыла бермейтін жан сыры айқын танылады. Мұндай ләззатты тек оқып қана ала аласың, терең ұғынасың.

Жинақтап айтқанда, бүкіл түркі халқының азаттығы және бостандығымен қатар, олардың мәңгі бірлігі үшін күрескен, сол үшін бүкіл ғұмырын да құрбан еткен тарихшы, саясаттанушы, публицист тұңғыш халықаралық деңгейдегі саяси сарапшы, ғұлама ғалым М.Шоқайдың бай мұрасының жас ұрпақты тәуелсіздік, патриоттық рухта тәрбиелеуге қосар үлесі қомақты екендігіне күмән жоқ.

 

Әбдіжәлел БӘКІР,

саяси ғылымдар докторы,

профессор.

АСТАНА.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер