BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

Композитор Сыдық Мұхамеджановтың туғанына 90 жыл

 АСТАНА. 5 қыркүйек. BAQ.KZ – Бүгін - композитор, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстанның және КСРО-ның халық артисі, Қазақстан Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Сыдық Мұхамеджановтың дүниеге келген күні.

 Сыдық Мұхамеджанов 1924 жылы қазіргі Қарағанды облысы Шет ауданында туған. Алматы консерваториясының (қазіргі Қазақ ұлттық консерваториясы) композиторлық бөлімін бітірген. Консерваторияда оқыған жылдары Қазақ радиосында музыкалық редактор болды және Қазақстан Мәдениет министрлігінде қызмет істеді. 1960-1962 жылдары - Қазақстан Композиторлар одағы басқармасының төрағасы. 1964-1968 жылдары - Қазақ филармониясының директоры әрі музыкалық жетекшісі. 1969-1972 жылдары Қазақ академиялық опера және балет театрының директоры қызметтерін атқарған. Мұхамеджановтың қазақ ән өнерінде Абай өлеңдеріне жазылған «Жарқ етпес қара көңілім не қылса да», «Өзгеге көңілім тоярсың», «Қақтаған ақ күмістей кең маңдайлы», «Ғашықтың тілі - тілсіз тіл» атты әндері ерекше дараланды. Шуақты лиризмге тұнған «Көктем вальсі», «Сырлы қайың», «Шолпаным», «Тербеледі тың дала», «Жарқырайды Теміртаудың оттары», «Еңбек әні», «Жастар маршы», тағы басқа балалық шақ, жастық шақ, бейбітшілік, еңбекті жыр еткен көптеген әндері мен романстары ел арасында кеңінен танымал. Мұхамеджанов «Бекет», «Ақан сері - Ақтоты» операларын, «Ғасырлар үні ораториясын жазды. Ал «Дауыл» атты бірнеше бөлім симфониясы ұлттық музыкаға қосылған елеулі үлес болды. Оның скрипка мен фортепьяноға арналған сонаталары, халық аспаптар оркестріне жазылған пьесалары, күйлері, камералық оркестрге жазылған поэмалары қазақтың аспаптық, оркестрлік, камералық шығармаларының жан-жақты дамығандығын, оның биік көркемдік дәрежесін көрсетеді. Ол «Алдар көсе», «Ботагөз», «Рәбиға», «Беу,қыздар-ай!», «Сәуле»,тағы басқа спектакльдерге, «Ана мен бала», «Біз Жетісуданбыз», «Партизан қызы» кинофильмдеріне музыка жазған.
Қазан революциясы, Халықтар Достығы, «Құрмет Белгісі» ордендерімен және медальдармен марапатталған.
Талантты, біртуар компазитор 1991 жылы дүниеден өтті.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер