BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

Қазақ театрының алғашқы режиссері

 АСТАНА. 5 мамыр. BAQ.KZ – Бүгін - актер, ұлттық кәсіби театр өнерінің негізін қалаушылардың бірі, Қазақстанның Халық әртісі, КСРО және Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Социалистік Еңбек Ері Серәлі Қожамқұловтың дүниеге келген күні.

 Серәлі Қожамқұлов 1896 жылы 5 мамырда Қостанай облысының Қарабалық ауданында туған. Троицкідегі Уазифа мектебінде, Орынбор қаласындағы Татар халық ағарту институтында оқыған. Осы жылдары «Мұсылмандар клубында» Б.Майлиннің «Қаламқас», «Бетім-ау, құдағи ғой», «Қасқырбай», «Неке қияр» т.б. шағын пьесаларда рөлдерді ойнаған. 1925 жылы Қызылорда қаласында тұңғыш ұйымдастырылған Қазақ драма театрына И.Байзақов, Ә.Қашаубаев, Е.Өмірзақов, Қ.Қуанышбаев, Ж.Шаниндермен бірге Қожамқұловтың шақырылуы оның актерлік өміріне даңғыл жол салған елеулі оқиға болды. Осы тұста сахна өмірінен тәжірибесі мол Қожамқұлов театрдың алғашқы режиссері ретінде қызмет етті. Театр 1926 жылы қаңтардың 13-де ресми түрде ашылып, бірнеше спектакльді сахнаға шығарды. Оның ерекше шабытпен сомдаған кертартпа, биліктің тұтқасынан айырылғысы келмейтін Еспембет, Жабай, Жиренше, Майбасар (М.Әуезовтің «Еңлік - Кебек», «Қарагөз», «Абай» спектакльдері), Қарашешен (Ж.Шанин, «Арқалық батыр»), Өкендау (І.Жансүгіров, «Кек»), дүниеқоңыз Қарабай, Қоңқай (Ғ.Мүсірепов, «Қозы Көрпеш - Баян сұлу», «Ақан сері - Ақтоқты»), Көдебай (Б.Майлин, «Майдан»), өркөкірек Көбікті (М.Әуезов, «Айман - Шолпан»), Шығай хан (Ш.Құсайынов, «Алдар көсе»), т.б. рөлдері ол сомдаған сахналық тұлғалардың классикалық үлгілері болып саналады. Сонымен қатар сатиралық образдар жасаудың шебері саналатын актер бірқатар қарапайым еңбек адамдарының жағымды бейнесін сахнаға шығарған. Ол 30-шы жылдардан бастап «Райхан», «Амангелді», «Ана туралы аңыз», «Тыныштық», «Біздің сүйікті дәрігер», «Алдар көсе», т.б. фильмдерге түсіп, Қазақстанның кино өнерінің дамуына өз үлесін қосты. Қожамқұлов туралы режиссер Қ.Әбусейітов «Сераға» атты деректі фильм түсірсе, композитор Ә.Бейсеуов «Сераға туралы әнін» шығарған. Жезқазған қаласындағы музыкалық драма театры мен Алматыдағы бір көшеге есімі берілген. Үш мәрте Ленин орденімен, Қазан революциясы, 2-ші дәрежелі Отан соғысы, Еңбек Қызыл Ту, «Құрмет белгісі» ордендерімен, медальдармен марапатталған.

Қазақ театр өнерінің саңлағы Серәлі Қожамқұлов 1979 жылы дүниеден өтті. 


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер