BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

Елордада Әуезовтың 120 жылдығы аталып өтті

Бүгін – ұлы жазушы, драматург Мұхтар Әуезовтың туғанына 120 жыл. Осы мерейлі күнге орай Астанадағы Ұлттық академиялық кітапханада «Ұлттың ұлы жазушысы Әуезов әлемі» тақырыбында дөңгелек үстел өтті, деп хабарлайды Baq.kz ақпарат агенттігі.

Кездесуде белгілі жазушылар мен журналистер қазақ әдебиетінің классигінің өмірі мен шығармашылығы және қайраткерлігі төңірегінде әңгіме өрбітті. Қаламгерлер кітапханаға жиналған оқушыларға Мұхтар Әуезовтың әдебиетші, қоғам қайраткері ғана емес, Абайтану ғылымының негізін қалап, қалыптастырған зерттеуші екенін айтты. Қазақ әдебиетінің заңғар шыңында тұрған классиктің шығармашылығын зерттеу қай заманда болсын қалыс қалмауы керек екенін айтқан зиялы қауым Әуезовтың шағын әңгімелері қалтарыста қалмаса екен дегенді ортаға салды.

Белгілі ақын, «Алаш» сыйлығының лауреаты Серік Тұрғынбеков Мұхтар Әуезовтың қайраткерлігіне тоқталып, шығармашылығы жайлы сыр шертті. Ақынның айтуынша, Мұхтар Әуезов әрқашан әлем әдебиетінің басында тұруы тиіс.

Журналистика саласында да көп еңбек еткен көсемсөзші Мұхтар жайында әңгіме өрбіткен Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті Журналистика және саясаттану факультетінің деканы Қайрат Сақ оның публицистикалық шеберлігі қазіргі әрбір қалам ұстаған тілшінің өтетін мектебі екенін атап айтты. Әуезовтың жазушылығынан да айналып өтпеген Қайрат Өміртайұлы ұлы әдебиетшінің «Абай жолы» Алаштың идеясы екенін айтып, Абайдың жолы жастарды ең алдымен ғылым мен білімге бастағанын тілге тиек етті.

Ал журналист, жазушы Сәдібек Түгел болса Мұхтарды тек Әуезовтанушылар ғана зерттемей, бүкіл қазақ, бүкіл түркі жұрты тануы керек деген пікірде. Белгілі журналист ұлыларымызды тек туған күндерінде ғана ұлықтамай, олардың шығармашылығы жайлы тынбай, жан-жақты зерттеуіміз керек екенін айтады.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер