BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

Дулат Исабеков: Драматург қатал хирург сияқты болуы керек

«Драматург қатал хирург сияқты болуы керек. Хирург адам ағзасындағы артық заттарды аямай кесіп алып тастайды. Драматург те тура солай болуы тиіс». Бүгін «ЭКСПО-2017» Халықаралық көрмесіндегі Ұлыбритания павильонында өткен ағылшын тіліндегі шығармаларының тұсаукесері кезінде белгілі жазушы, әйгілі драматург Дулат Исабеков осылай деді. Бұл туралы Baq.kz ақпарат агенттігінің тілшісі хабарлайды.

Сол «қаталдығының» арқасында бүкіл әлемге танылған жазушының бүгінгі шығармаларын ағылшын тіліне Шыңғыс Айтматов академиясының директоры, германиялық Рахим Абдуалиев, Ұлыбритания театрының директоры Дэвид Папав және ирландиялық тәуелсіз сыншы, психолог Сара Коплей аударған. Тұсаукесер рәсіміне қатысқан шетелдік қаламгерлер Дулат Исабековтың туындыларын өте жоғары бағалап, қазақстандық драматургқа деген құрметтерін білдірді.

Шыңғыс Айтматовтың орыс тілінде жарық көрген шығармаларының барлығын ағылшыншаға аударған Рахим Абдуалиев екі жазушының ұқсастықтарына тоқталып, былай деді: «Қазақстанда қаламгерлердің өзі екіге бөлінеді. Олар орысша сөйлейтін және қазақтілді жазушылар. Егер Шыңғыс Айтматов орыс тілінде жазса қырғыздар оны аса қатты мойындамайтын еді. Қазақстанда да соны байқадым. Маған Шыңғыс Айтматовты аудару оңай болды. Айтматов пен Исабековтың ұқсастықтары бар. Біз Ш.Айтматовтың «Жәмиласы» мен Дулат Исабековтың «Гауһартасын» салыстыра жазған кезде жұртшылық бірден қабылдады».

Дулат Исабековтың пьесасы әлемнің 26 елінде қойылып шыққан екен. Қазақ қаламгерінің 70 жылдығына орай Биылғы жылдың қазан айында Лондонда драматург шығармаларынан спектакль қоятынын айтқан Ұлыбритания театрының директоры Дэвид Папав қазақ жазушысының шығармаларын ерекше бағалады.

– Кез келген жазушының шығармасына пьеса қою қиын. Тіпті, Карл Маркс, Уильям Шекспирдің шығармаларын сахналаудың өзі біз үшін қиындық тудырған. Дулат Исабековтың кез келген пьесасынан өте тартымды сахналық туынды шығара аламыз. Гоголь, Чеховтың шығармаларын киелі сахнаға қиындықпен алып шыққан режиссер К.С.Станиславский тірі болса Дулат Исабековтың туындысын ойланбастан таңдар еді. Мен Дулат Исабековты ағылшын тілінде жарық көрген шығармалары арқылы ең жоғары драматург ретінде танимын. Оның қай туындысын болмасын жан жүрегіңмен сезініп қоясың. Мен шығармаларыңызды Лондон тұрғындарына насихаттаудан жалықпаймын, - деді режиссер Дэвид Папав.


Тұсаукесерге қатысып құттықтау сөзін сөйлеген ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы Ұлыбритания мен Қазақ елінің мәдениет пен әдебиет саласындағы байланысының артқанын айтып, жазушыға ақ тілегін білдірді.

– Жазушының осыған дейін бірнеше туындысы ағылшын тілдерінде жарық көрген. Бүгін айтулы шараға Ұлыбританиядан автор шығармаларын аударған және оған қызығушылық танытқан қонақтар келіп отыр. Ұлыбритания павильонының аумағында мұндай шараның өтуі екі елдің мәдени және шығармашылық байланысының нығаюына себепкер болмақ. «Мәдениеті мен әдебиеті биік халық – ұлы халық» деп Ғабит Мүсірепов айтқандай, еліміздің рухани қазынасын әлемдік деңгейде танытып жүрген Дулат ағамызға шығармашылық табыс пен деніне саулық тілеймін, - деді министр Арыстанбек Мұхамедиұлы.

Дулат Исабекотың алғашқы ұстаздарының бірі, қоғам қайраткері Мырзатай Жолдасбеков оның мықты классик екендігін айтты.

– Классик болу да оңай емес, классикті мойындау да ерлік. Ал біздер жақсының жақсылығын айтуға қимаймыз. Ол мықты классик. Мен оны мақтанышпен айта аламын, - деді қазақ әдебиетінің ақсақалы Мырзатай Жолдасбеков.

Өз басындағы жетістік пен шығармашылық табыстың тек тәуелсіздіктің арқасында келгенін тебірене толғаған белгілі жазушы, атақты драматург, ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері, Халықаралық ПЕН клуб, Платиналы «Тарлан» сыйлықтарының лауреаты Дулат Исабеков өз оқырмандарына ризашылығын білдірді.

– Драматург қатал хирург сияқты болуы керек. Яғни ол артық нәрсені аямай кесіп тастауы тиіс. Сонда ғана жақсы спектакль пайда болады. Ал біздің жазушылар бүкіл сөзімді кесіп тастады деп ренжіп жатады. Совет одағы кезінде қаламақы деген болған жоқ. Сол кезде мәдениетке бөлінген қаржының бес-ақ пайызы Қазақстанға тиетін. Сөйтіп жүріп біз «Гауһартасты» түсірдік. Осы жетістігімнің барлығы осы тәуелсіздігіміздің арқасы, - деді жазушы.

Айта кетейік, жазушының 70 жылдығына орай қазан айында Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театры әйгілі драматургтің шығармаларын шетелдерде сахналамақ.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер