BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

Д.Ахметов: Абайды ұлықтау ұлттың парызы

Астана. 6 тамыз. Baq.kz – Абайды ұлықтау, ұрпаққа қалдырған ұлағатын ұмытпау – біз үшін қасиетті парыз. Бұл пікірді бүгін Шәкәрім атындағы Семей мемлекеттік университетінде Абайдың 170 жылдық мерейтойына орай өткен «Абай және әлемдік өркениет» атты конференция кезінде Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниял Ахметов айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.  

 

«Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев: «Абайдың сөзі – қазақтың бойтұмары. Абайдың мұрасы – қазақтың ең қасиетті қазынасы» деп атап көрсеткен болатын. Абай – қазақ халқының ұлы ұстазы, тәрбиешісі. Әр сөзі ақыл мен нақыл, мақал мен мәтелге айналған өлмес мұра қалдырған адамзаттың Абайы. «Адамзаттың бәрін сүй, бауырым деп..» деген бір ғана сөзі бейбітшілік пен ынтымаққа, бірлік пен татулыққа үндеген құнды өсиет, ұлы мұра. Биыл Республикамыз бойынша Қазақ хандығының 550 жылдығы, Қазақстан халқы Ассамблясының 20 жылдығы, Ұлы Жеңістің 70 жылдығы, Конституцияның 20 жылдығы және Ұлы Абайдың 170 жылдығы мерекеленетін тарихи жыл. Ұлы бабамызды ұлықтау, ұрпаққа қалдырған ұлағатын ұмытпау – біз үшін қасиетті парыз. Абай сөздері – келешегі кемел ел үшін тағлым аларлық рухани күш пен қайрат беретін қайнар бұлақ. «Біріңді қазақ, бірің дос көрмесең, істің бәрі бос» деп данышпан айтқандай, байтақ еліміздің әрбір азаматы бір-бірін дос көріп, бауырындай сүйсе, алар асуларымыздың көп болары анық. Торқалы той өтіп жатқан Шыңғыстау өңірі – тарихи, шежірелі өлке. Адамзат тарихындағы ұлы ойшылдардың бірі – данышпан Абай өсіп-өнген, ұлтымыздың біртуар ұлдары – кемеңгер Шәкәрім, ғұлама Мұхтардың ізі қалған киелі мекен бар қазаққа ыстық. Бүгін біз Абай елінің дамығанын, ауылдардың көркейгенін, сәулеті мен дәулеті артқанын көріп қуанамыз. Қазақтың бір ғана Абайы бар. Ақынның туған жерін аялау, абаттандыру, халқының тұрмыс деңгейін жақсарту – баршаға ортақ міндет. Қымбатты ағайын! Абай тойы – халық тойы. Баршаңызға мерекелік көңіл күй, береке бірлік, қуаныш-шаттық тілеймін. Ұлы ақынға деген махаббатымыз арта берсін! Мерейтой құтты болсын!», – деді Д.Ахметов.

Айта өтейік, тамыздың 2-нен бастап Шығыс Қазақстан облысында Абайдың 170 жылдығына орай бірқатар шаралар ұйымдастырылды. Республикалық жетекші БАҚ өкілдері облыстың тарихи жерлерін аралап, мерейтойға дайындық барысымен танысты. Ақынның мерейтойына арналған ресми шаралар Семей қаласында өтуде. Қорытынды шара ертең Абай ауданындағы Жидебай-Бөрілі жерінде өтпек.


Нұрсерік ЖОЛБАРЫС

 

Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер